Отандық білім беру жүйесінде тағы да бірқатар өзгерістер орын алуы мүмкін. Жаңа министр қандай жаңа жоба-жоспарларды жүзеге асырмақ? Жалпы, алдағы уақытта қазақстандық мұғалімдер мен оқушыларды не күтіп тұр? Саладағы талқыланып жатқан соңғы реформалармен бөліскенді жөн көрдік.
Пәндер қосыла ма?
Бұған дейін елімізде ұқсас пәндерді қосып оқыту туралы мәселе көтерілген болатын. Яғни, елдегі мектептерде алгебра мен геометрия пәнін «Мате-матикаға» біріктіру, ал химия, физика және биологияны «Жаратылыстану ғылымдарына», сондай-ақ, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «Әлеуметтік ғылымдарға» қосу жоспарланған. Қазіргі таңда Ұлттық білім академиясы әзірлеген бұл жаңа стандарт пилоттық жоба ретінде апробациядан өтуде. Алайда аталмыш жаңа жоба мектеп бағдарламасына енгізілмей жатып-ақ ел арасында түрлі пікірталас тудыруда. Жаңадан тағайындалған ҚР Оқу-ағарту министрі осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, «бір қайнауы ішіндегі» реформалар қайта қаралатынын тілге тиек етті.
– «Білім беру саласындағы бірінші кезектегі міндет — балалардың сапалы білім алуға деген құқығын қамтамасыз ету. Технологиялық прогресс жағдайында оқушылар әр пәнді базалық деңгейде меңгеруі қажет. Сондықтан министр ретінде мен әр пәннің жеке оқытылғанын қолдаймын», — деген Жұлдыз Сүлейменова көп кешікпей бұл ұсыныс білікті педагогтар және сарапшылармен бірге жан-жақты талданып, талқыланатынын
жеткізді.
Демек, «жылдар бойы жеке оқытылып келе жатқан пәндерді біріктірген дұрыс емес», — деп дабыл қаққан ұстаздар мен ата-аналар әзірге әліптің артын баққаны жөн.
Аттестация ережесі өзгереді
Елімізде мұғалімдерді аттестациядан өткізу ережелері қайта қаралады деп жоспарлануда. Себебі, бұл мәселе педагогтар арасында үлкен дау тудырып келеді. Мысалы, Шығыс Қазақстанда 200-ден астам мұғалім жаңа аттестация талаптарына байланысты санаттарынан және жалақысының бір бөлігінен айырылып қалған көрінеді. Аталған жағдай көпшілікті толғандыруда. Сонымен қатар, биыл ұстаздар күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға мұғалім құқығын қорғау жөніндеөзгерістер енгізуді ұсынған еді.
– Мемлекет басшысы педагогтарды қорғауды және қолдауды тапсырды. Бүгінде осы бағытта «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізілуде. Министрлік педагогикалық қауымдастықтың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, ұстаздарды аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесін пысықтауда. Оның ішінде ұстаздардың авторлық бағдарлама әзірлеуіне қатысты мәселе бүгінде өзекті болып отыр. Ал магистратура бітірген ұстаздарға бірден біліктілік санатын беру жөніндегі ұсынысқа мен қарсымын. Себебі, орта білім жүйесінде мұғалімнің біліктілігі оның сабақ берудегі кәсіби шеберлігінің деңгейіне қарай бағалануы тиіс, – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен, алдағы уақытта қазақстандық 600 мыңға жуық педагогты аттестациялау ережесі едәуір өзгеріске ұшырамақ.
Мұғалім бола алады…
Бұдан былай, өзге сала өкілдерінің мектепте мұғалім болып еңбек етуіне жол ашылуы мүмкін. Мәселен, бұрын судья және полиция қызметкері болған жандарға енді білім беру мекемелерінде мұғалім болып жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілуі ықтимал. Аталған өзгеріске қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі бұйрық жобасын әзірлеп, «Ашық НҚА» сайтында талқылауға шығарды. Бұл өзгеріске көпшілік қолдау білдіріп жатса, мұғалімдер саны арта түспек.
Айта кетерлігі, бұдан бөлек елдегі бірқатар педагогикалық университеттерде қайта даярлау бағдарламалары жүзеге асуда. Сол бойынша өзге саланың
өкілдері өз мамандығына үйлесетін пәндерді тереңірек меңгеру үшін жарты жылдан астам уақыт қосымша білім алып, мұғалімдер қатарына қосыла алатын болады.
ЖИ жемісін көреміз бе?
Болашақта қазақстандық мектептер жаппай жасанды интеллекттің (ЖИ) игілігін көретін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар қызу басталып кетті. Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім беру
саласына жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, іске кірісті. Сондай-ақ, орта және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект элементтерін енгізу бойынша ауқымды технологиялық трансформациялау шаралары қолға алынуда.
– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң технологиялық дамудың жаңа кезеңін айқындайды. Жаһандық бәсекеге қабілетті, озық ойлы, білімді, жаңашыл, адал азамат тәрбиелеу үшін AI технологияларын білім беру процесіне сауатты әрі сапалы енгізу — министрліктің күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Жасанды интеллект мұғалімнің артық жүктемесін азайту және оқу процесін тиімді ұйымдастыруы үшін көмекші құрал ретінде қолда-
нылуы керек, — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Осылайша, көп кешікпей жасанды интеллектті оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізуге бағытталған инновациялық жобалар қанат қағып, AI жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу мәселелері оң шешімін таппақ.
Нұржайна ШОДЫР.
