Сиқырлы қимыл, үнсіз сезім

Жел 4, 2025

Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры көрерменді ойға жетелейтін жаңа премьерасын ұсынды. Оралхан Бөкейдің «Жылымық» шығармасы негізінде сахналанған «Біз туралы…» спектаклі адамның бойындағы мейірім мен сағыныштың, үнсіз айтылар сүйіспеншілік пен кешірімнің жаңа қырларын ашады.

Қойылым атауына бір қарағанда, көрермен махаббатқа толы нәзік оқиғаны күтеді. Бірақ сахна жарығы тұманданып, алғашқы реплика естілген сәтте-ақ туындының мүлде басқада екенін сезесіз. Аталмыш қойылым қыз бен жігіттің тағдыры арқылы көрерменді адамның ішкі әлеміне терең бойлатады. Өмірдің суық қабағына төтеп беретін жалғыз күш – жылулық пен мейірім екені әр көріністе сезіліп тұрды. Сахнада есетін жел, баяу түсетін қар, тылсым тұман – барлығы да кейіпкерлердің жан тебіренісін сыртқы табиғатпен үндестіріп, көрерменді өз әлеміне тартып әкетті.

Қойылым режиссері Жангелді Садықов туындының күрделілігі жайлы айта келе, әңгімені драмалық сахна тіліне түсірудің оңай болмағанын жеткізді.

– Туынды пьесалық нұсқада жазыл-мағандықтан, оның сахналық құрылымын қалыптастыру, жаңа диалогтар ойластыру, эпизодтар арасындағы логикалық және эмоционалдық байланысты табу көп еңбекті талап етті. Бірақ дәл осы шығарманы таңдағанымыз үшін сол күрделіліктің өзі бізге шығармашылық серпін берді. Біз соқыр адамдарға қалай қараймыз? Қандай көзқарас танытамыз? Қойылым осы сұрақтарды алға тартады, – дейді режиссер.

Қойылымда екі актер ғана ойнайды. Осы екі адамның диалогтары, үнсіздіктері, сезімге толы үзілістері – барлық спектакльдің эмоциялық салмағын арқалаған.

– Сахнада тек екі әртіс. Бар сөз, бар эмоция – солардың мойнында. Бұл – актер үшін қиын әрі баға жетпес тәжірибе, – деп қосты Ж.Садықов.

Ал сахналық пластикаға алғаш рет жауапкершілікпен кіріскен театр әртісі Ақтілек Ақанова қойылымның ішкі тынысын ашу үшін сыртқы қимылдан гөрі, ішкі толқынысқа мән бергенін айтады.

– Бұл – камерлық спектакль. Сондықтан біз жан қимылын іздедік. Әр әрекет сезімнен туындайтын молекула секілді. Қойылымда метафора көп, – дейді ол.

Басты рөл – көзі көрмейтін Жанарды актриса Жанар Назекенова сомдайды. Ол бұл рөлді ерекше ішкі дайындықты талап ететін жұмыс деп бағалайды.

– Басында қиындықтар болды. Монологтар толық ашылмай қалатын. Бірақ кейін кейіпкерім мені өзі жетеледі. Қоғамда көз жанары көрмейтін адамдарға аяушылықпен қарау дұрыс емес. Біз осы ойды жеткізгіміз келді, – дейді актриса.

Жігіттің рөліндегі Ерасыл Ерланұлы да қойылым мағынасын тереңнен түсіндіреді.

– Менің кейіпкерім өзіне көрінбеген дүниені Жанар арқылы көре алады. Бұл – көрерменнің өз ой түюіне мүмкіндік беретін спектакль, – дейді ол.

Күні-түні жасалған еңбек, толассыз дайындық, жүректен шыққан әрбір рөл – барлығы үмітті ақтады. Сахнада – шынайылық, жүректе – мақтаныш, көрермен көзінде – ризашылық.

Айдана БОРАНБАЕВА.