Кәсіпкерлерге көмек

Жел 4, 2025

Өкінішке қарай, кей кездері кәсіпкерлердің құқығы бұзылып, түрлі қиындық пен қолайсыздыққа тап болып жатады. Тіпті, кей кедергілер мемлекеттік мекемелер тарапынан туындайтыны бар. Мұндай жағдайда Өңірлік кәсіпкерлік палатасының мамандары бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетіп, талай мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді.

Айталық, Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылының аумағында көпшілікке белгілі «Колос» шаруашылығы балық өсіріп, оларды көбейтумен айналысады. Бірақ бұл шаруа қожалығының жұмыс барысында түрлі түйткілдер туындауда. Шаруашылық 475,2 гектар аумақты балық шаруашылығын жүргізу мақсатында алғанымен, осыдан үш жыл бұрын Ақсу қаласының әкімдігі жерді уақытша пайдалану құқығын ұзартудан бас тартты. 2022 жылдың соңында мамандандырылған ауданаралық сот «Колос» шаруа қожалығының шағымын қанағаттандырып, әкімдіктің шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Бұл ретте Жоғары сотта тағы бір іс қаралып, ол да шаруашылықтың пайдасына шешілді. Осының барлығын түйіндей келе, Ақсу қаласының әкімі 2024 жылдың қараша айында «Колос» ШҚ-на жер учаскелерін жалға беру мерзімін ұзарту туралы қаулыны тапсыруы тиіс. Алайда бұл іс созбалаңға салынып кеткен соң балық бизнесімен айналысатын шаруашылық басшысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінді. Содан соң ғана сең қозғалды. Ақсу қалалық әкімдігінің биылғы 18 наурыздағы қаулысымен жерді уақытша пайдалануға қатысты құқық қарастырылды. Сөйтіп, бизнестің құқығы қорғалды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің тікелей қатысуымен оң нәтижеге қол жеткен жағдайлар бұл ғана емес. Тағы бір мысал – Павлодар ауданындағы «Хохленко Н.В.» жеке кәсіпкерлігі былтыр су тасқынының салдарынан зардап шексе де, жергілікті билік шығындардың орнын толтыруға аса құлық танытпады. Мүліктік шығындарды анықтау және өтемақы төлеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмысын тоқтатуы салдарынан әу баста шамамен 3 млн теңге болатын өтемақыны төлеу мүмкін емес екенін де алға тартты. Десе де, палата өкілдерінің әрекеттерінен соң Павлодар ауданының әкімдігі кәсіпкерге
2 млн 816 мың теңге көлеміндегі өтемақыны аударды.

Жалпы, жыл басынан бері «Атамекен» Павлодар өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнес құқықтарын 335 млн теңгеге қорғады. Палатаның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің мамандары 10 сот процесіне қатысып, оның бесеуінде кәсіпкерлердің талаптары толық қанағаттандырылды.

Осы жылдың 10 айында Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бизнес қорғау бағыты бойынша 85 өтінішті қарады. Оның ішінде 40 өтініш, яғни 47 пайызы толық көлемде қорғалды. Қорғалған құқықтар сомасы 335 235 196 теңгені құрады. Сонымен қатар, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының заң бөлімі 10 ай аралығында 130 нормативтік-құқықтық актіге сараптама жүргізіп, олардың сегізі ескертуімен берілді.

Палата мамандары мемлекеттік сатып алулар бойынша істердің заң аясында жүргізілуін де қадағалайды. Жыл басынан бері қызметкерлер 12 келісім комиссиясына қатысып, нәтижесінде 9-ы кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына шешілді.

— Осы кезең ішінде палата жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің 14 отырысы өтті. Мемлекеттік сатып алулар, жер қатынастары, жеке сот орындаушыларының қызметі, әкімшілік өндіріс мәселелеріне қатысты 21 тақырып қаралды. Отырыстар қорытындысы бойынша 38 ұсыным әзірленді, – дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Палатаның заңгерлері алдағы уақытта да кәсіпкерлер құқығын қорғау бағытында ауқымды іс атқаруға бейілді екенін білдірді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.