Біржолғы зейнетақы төлемі: шектеулер неге көбейді?

Жел 11, 2025

Осыдан төрт жыл бұрын елімізде тұрғындар үшін тиімді тетік – біржолғы зейнетақы төлемін баспана мен денсаулықты жақсартуға жұмсау жобасы іске қосылды. Соның аясында миллиондаған қазақстандық ипотекасын толық немесе ішінара өтеп, тісін емдеп, көру қабілетін жақсартты. Алайда бұдан миллиардтаған пайда көру үшін түрлі қитұрқы амалды ойластырған пысықайлардың әрекеттері салдарынан жинақ шоттағы қаражатты алдымен стоматологиялық, енді офтальмологиялық қызметтерге пайдалануға тыйым салынды.

Ресми түрде жұмыс істеп, табысын ешкімнен жасырмастан адал қызмет атқаратын азаматтардың кірісінен, әдетте жалақысынан міндетті түрде 10 пайыз көлемінде зейнетақы жар-насы ұсталып келеді. Бұл – болашаққа инвестиция. 1998 жылдан бері зейнетақы жүйесіндегі тұрғындар ертеңгі күні құрметті демалысқа шыққан кезде осы уақыттан бастап жинаған қаражатын зейнетақының бір бөлігі ретінде ала алады. Дей тұрғанмен, кей тұрғындар ай сайынғы аударымның тым құрығанда бір бөлігінің «қызығын» ертерек көрейік деген ұсынысты бірнеше мәрте көтеріп, нәтижесінде 2021 жылы біржолғы зейнетақы төлемі деген ұғым кеңінен таралды. Бұл – зейнетақы жинақ шотындағы әр жасқа белгіленген жеткілікті шек деңгейінен асатын сома. Оны маңызды бағыттар – тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарна ретінде пайдалану, ипотекалық қарызды толық немесе ішінара төлеу, тіс, көз, орфандық ауруларды емдеу, жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық басқаруына беруге мүмкіндік бар.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, елімізде шамамен 12,5 млн жеке зейнетақы шоты бар. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, зейнетақы активінің көлемі 25 трлн 198 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бері 1 трлн 540 млрд теңгеге жуық қаражат біржолғы зейнетақы төлемі ретінде аударылды. Оның ішінде 530 млрд теңге үй жағдайын жақсартуға, 377,2 млрд теңге емделуге жұмсалды. Сөйтіп, биыл халықтың зейнетақы шотынан алған қаражаты инвестициялық табыстан 2,5 есе асып кетті.

Мұндай игілікті пайдаланғандардың қатарында біздің облыс тұрғындары да бар. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының ақпаратына сүйенсек, жүйе жұмысын бастағалы өңір азаматтарынан тұрғын үй жағдайын жақсартуға 147 мыңнан астам өтініш түсті. Өңделген өтініштер негізінде салымшылардың арнайы шоттарына 115,16 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Сол сияқты павлодарлықтардан ем ақысын төлеуге қатысты 35 мыңнан астам өтініш түсіп, 29,7 млрд теңге аударылды.

Халықтың жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған істе миллиардтаған қаржының айналып жатқанын аңғарған кей айлакерлер сол арқылы өз қалтасын қампайта бастады. Мұндай «схемаларды» тіс емханалары арқылы жасауға көшті. Айталық, бүгінде Атырауда жалған стоматологиялық қызметтер арқылы азаматтардың зейнетақы қорындағы 200 млрд теңгесін алып берген бес қылмыстық топ тергеліп жатыр. Олар тіс емдеу туралы жалған медициналық құжаттар рәсімдеген. Соның салдарынан  15 қыркүйекте стоматологиялық қыз-меттерді біржолғы зейнетақы төлемі арқылы төлеуге болатын қызметтер тізімінен алынып тастады. Сөйткені сол еді, жұрт жаппай көзін «емдеуге» кірісіп,  офтальмологиялық қызметтер арқылы зейнетақы шоттарындағы қаржыны қалтаға сала бастады. Сондықтан оны да доғаруға тура келді. Осыдан бір апта бұрын құзырлы министрлік көз емдеу ісіне де зейнетақы шотындағы қаржыны аудармайтын болды. Бірақ бұған дейін түскен өтініштер қаралып, негізді болған жағдайда тиісті қаржы төленеді.

«Отбасы банк» АҚ мәліметінше, қазір «Офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрайтын 15 808 өтінім қаралып жатыр. Оның ішінде 4,6 млрд теңгеге тең 5 мыңнан астам өтінім бойынша құжаттар тексерілуде. Ал 10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) иелерінен қосымша дәлелдейтін құжаттар сұралған.

— Стоматологиялық қызметтер бойынша өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін офтальмологияға жүгінушілер күрт көбейді. Егер 15 қыркүйекке дейін айына орта есеппен 174 өтінім мақұлданса, шектеу енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш айына 1 264 өтінімге дейін өсті. Яғни, өсім 7 еседен асады. Бұл ретте банк мамандары бірнеше күмәнді жағдайды да анықтады. Мәселен, әр түрлі клиенттерден бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасалған өтінімдер түскен. Алайда құжаттарда клиниканың әр қалада әртүрлі мекенжайы көрсетілген. Тексеру барысында ол мекенжайларда мұндай клиника жоқ екені белгілі болды, — деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.

Мұндай шешім алаяқтардың әккі әрекеттерінің жолын кесуде оңтайлы болғанымен, шын мәнінде медициналық көмекті қажет ететін кей адамдарға қолбайлау болып отыр. Әсіресе, көзі нашар көретін азаматтар енді лазерлік түзету жасау мүмкіндігінен қағылды.

— Университетте оқып жүрген кезімде көзімнің көруі нашарлады. Қазіргі таңда жұмыс барысында кемінде 8 сағат компьютер алдында отыру, оған қоса үнемі телефон пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырғаны рас. Сондықтан көзілдірік, линза тағуға тура келеді. Мұндай қолайсыздықтан арылу үшін лазерлік түзету жасауды жоспарлап жүрген едім. Бірақ оған қолма-қол ақша жоқ. Сол себепті зейнетақы шотындағы артық соманы пайдалануды ойлап, оның 550 мың теңге болғанын күттім. Облыс орталығындағы емханада ота жасату үшін дәл осындай көлемдегі қаржы қажет. Енді оған жеттім дегенде офтальмологиялық қызметтерге пайдалануға тыйым салынды. Былайша айтқанда, біреулердің кесірі басқаға тиді. Меніңше, мұндай жағдайда бәріне бірдей қаржыны қолдануға шектеу қою дұрыс емес. Құжаттарды жіті тексеріп, зейнетақы төлемінің мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалау керек. Күмәнді операциялар жасалған кезде ғана тыйым салған жөн. Ал біз сияқты шын мәнінде отаға мұқтаж жандарға мүмкіндік берілуі тиіс, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Алмагүл Есжанова.

Денсаулық сақтау министрлігі біржолғы зейнетақы төлемін стоматологиялық қызметтерге жұмсауға шектеуді келесі жылдың сәуір айына дейін белгіледі. Одан соң жинақ шоттағы артық соманы қайтадан тіс емдеу үшін алу мүмкіндігі қайта қаралмақ. Ал офтальмологиялық қызметтерге қатысты нақты мерзім белгіленген жоқ. Соған қарағанда, лазерлік түзету сынды оталар енді зейнетақы төлемі есебінен жүргізілмеуі әбден мүмкін. Айтпақшы, күні кеше БЖЗҚ жаңа жылдан бастап жеткілікті шек көлемін 10 пайызға арттырды. Демек, келесі жылдан бастап жинақ шоттағы артық соманы алу қиындай түседі.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.