Алматыдан қоныс аударған блогер

Қаң 29, 2026

Алматы қаласынан Павлодар қаласына қоныс аударған Назерке Бейсенді қалың оқырман әлеуметтік желі арқылы жақсы таниды. Оңтүстіктен көшіп келген ару ішкі көші-қон бағдарламасын дүйім жұртшылыққа егжей-тегжейлі түсіндіру арқылы блогер атанған. Бағдарлама қатысушысы Павлодар облысына өзге аймақтардан қажет мамандарды тартуда да көп жұмыс атқарып келеді.

Ішкі көші-қон — Қазақстан бойынша ішінара көші-қон бағдарламасы. Мұндағы басты талап – көшіп келуші өз өңірінде кемі бір жылдан астам уақыт тұрақты есепте болуы тиіс. Сондай-ақ, жұмыссыз ретінде тіркеліп, Enbek.kz сайты арқылы өзге облыстардан мамандығы бойынша жұмыс іздейді. Егер таңдаған аймағында бос орын болған жағдайда әрі оның мамандығы сұранысқа ие болса, ішкі көші-қон бағдарламасының қатысушысы атана алады. Бұл бағдарлама жергілікті халық санын көбейту және екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарды жұмыспен қамту, сұраныстағы мамандардың санын азайтуды мақсат етеді.

Назерке Бейсен өзге өңірден көшіп келісімен өзгелерге ішкі көші-қон бағдарламасының талабын түсіндіруде тер төгуде. Әлеуметтік желі арқылы блог жүргізіп, бағдарламаның тиімді әрі тиімсіз тұсын баяндайды. Оқырмандардың сұрақтарына жауап береді.

— Ыстық өңірден климаты суық қалаға қоныс аудару оңай болмады. Павлодарда танысымыз әрі туған-туысқанымыз да жоқ. Бірқатар келеңсіздікке де тап болдық. Отбасымызбен көшіп келгенде ішкі көші-қон бағдарламасының талаптарын толық түсіндіретін адам болмады. Сондықтан мен өзге облыстың тұрғындарына көмектесуге шешім қабылдап, блогер атанып кеттім. Көшіп келгісі келетін оқырмандарым көп. Әлеуметтік желіде Павлодар қаласының тыныс-тіршілігін ашық жариялаймын. Тіпті, азық-түлікті қай дүкеннен алу тиімді екенін де көрсетемін.  Осы ретте, маған Павлодар облысына қарасты ауылдардан хабарласқан әкімдер де болды. Менің блогым арқылы елді мекенге қажетті маман тартқан бір әкім алғысын білдірді. Менің блог жүргізудегі мақсатым да – осы. Жалпы, ішкі көші-қон бағдарламасы туралы әр адам тұрғылықты жердегі Мансап орталығына барса, мамандар толық ақпарат береді, — дейді Н.Бейсен.

Назерке Болатқызы жолдасының қызметіне байланысты 2024 жылдың тамыз айында Павлодар қаласына көшіп келген. Өзі фельдшер болса, күйеуі — травматолог. Ішкі көші-қон бағдарламасы аясында жас отбасыға 2025 жылдың талабы бойынша әр отбасы мүшесіне бірреттік жолақы ретінде 275 мың теңгеден төленген. Бұдан бөлек, қалалық жерде жалдамалы пәтер құнын төлеу үшін бір жыл көлемінде  ай сайын 70-110 мың теңге аралығында ақша  аударылған. Ал ауылды таңдаған отбасыларға ай сайын 58-90 мың теңге көлемінде ақша беріледі. Мемлекеттен бұл көмекті алу үшін жалдамалы пәтерде тұратындарын дәлелдеуі тиіс. Ең бастысы, көшіп келген жандарға үй алуға да көмек қарастырылған. 2025 жылы баспаналы болуға көмек ретінде ең жоғары сома 4,5 млн теңге қарастырылған. Ол үшін сатып алатын үйдің бағасы 9 млн теңгеден асуы тиіс. Егер үйдің құны
7 млн теңге болса, соманың тең жартысы – 3,5 млн теңгені мемлекет береді. Бірақ баспана құны 13-15 млн теңге немесе одан жоғары болса, мемлекеттен тек 4,5 млн теңге қарастырылған. Бұл жерде тағы бір мәселе бар.  Өзге өңірден көшіп келгендер үйді  бар-жоғы 6 айдың ішінде алып үлгеруі тиіс. Бұл мерзім ішінде үлгермесе, жалдамалы пәтерге берілетін ай сайынғы көмек тағы бір жылға созылады. Үй алып үлгергендерге ай сайын пәтер жалдауға  берілетін қаражат тоқтатылады.

— Ішкі көші-қон бағдарламасы жұмыс таба алмай жүрген жастарға берілген мүмкіндік дер едім. Мемлекет тарапынан көмек беріледі. Бірақ 6 ай ішінде баспана алу оңай емес. Себебі, жұмысқа енді орналасып, танымайтын қаладан баспана табу қиын. Әрі жұмыссыз ретінде келгендіктен, банк арқылы несиеге үй алу үшін тұрақты табыс тексеріледі. Ол үшін кем дегенде 6 ай көлемінде жалақы алуыңыз қажет. Осы мәселеде баспана алу мерзімі бір жылға ұзартылса деген ұсынысым бар. Бұдан бөлек, қазір пәтер құны шарықтап тұр. Көшіп келген жұрттың қалтасында дайын қаражат бола бермейтіні ақиқат. Сондықтан мемлекет тарапынан берілетін 4,5 млн теңгенің көлемі артса жақсы болар еді, — дейді Н.Бейсен.

Назерке Болатқызының отбасымен Павлодар қаласында тұрып жатқанына бір жылдан асқан. Алматы мен Павлодар қалалары арасындағы айырмашылық бірден байқалғанын жасырмады.

— Бір ерекшелігі, Павлодарда халық аз болғандықтан көлік кептелісі жоқ. Такси қызметінің бағасы арзан. Бірақ кәсіпкерлік саласы қатты дамымаған-дықтан қызмет көрсету сапасы Алматымен салыстырғанда төмен деңгейде. Бастысы, қаладағы тыныштық, көшенің тазалығы, төрт мезгілдің анық сезілетіні ұнайды, — дейді Н.Бейсен.

Назерке Бейсен Павлодар қаласына қоныс аударған 2024 жылы ішкі көші-қон бағдарламасының талабы өзгеше болған. Негізгі шарт — тұрақты тіркеуге тұрып, тұрақты жұмысқа орналасу. Одан кейін ғана ішкі көші-қон бағдарламасының қатысушысы атана алған. Ал 2025 жылы бағдарлама талабына өзгерту енгізілген. Оған сәйкес, қоныс аударған адам келген өңірінде тұрақты тіркеуде қалып, жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Бағдарламаға құжат тапсыру үшін  6 ай уақыт беріледі. Осы ретте Назерке Бейсен жат қалада танысы болмағандықтан, тұрақты тіркеуге тұра алмай, құжат тапсыру мерзімінен кеш қалған. Қазір бұл мәселе бойынша сотқа жүгініп, жаңа талап бойынша бағдарламаға қатыспақшы. Алдағы уақытта жас отбасы мемлекеттен көмек аламыз деген үмітте.

Ішкі көші-қон бағдарламасының қатысушысы мемлекеттік көмекті алғаннан кейін сол өңірде 5 жыл көлемінде тұруға міндетті. Ол үшін жергілікті әкімдікпен келісімшарт жасалады. Арнайы мамандар ай сайын мекенжай бойынша отбасы мүшелері толық тексеріледі. Егер талап бұзған жағдай тіркелсе, мемлекеттен алған көмекті қайтарып беруі тиіс.

— Өзге өңірден көшіп келгісі келетін жұртшылыққа 5 жыл көлемінде өзге аймақта тұруға іштей дайын болып келуі керектігін айтқым келеді. Әр адам жүрек қалауымен қоныс аударса, жат өңірге үйрену қиын болмайды. Жолдасым екеуіміз жоғарыда айтқанымдай, 2024 жылдың талабы бойынша көшіп келіп, 2025 жылы ереженің өзгеруіне байланысты екі ортада қалып қойдық. Қазір ішкі көші-қон бағдарламасына қатысу үшін құқығымызды қорғау үшін сотқа жүгіндік. Павлодар қаласына үйренісіп қалғандықтан, болашақта өзге өңірге көшу жоспарымызда жоқ, — дейді Назерке Бейсен.

Назерке Болатқызы қазір декреттік демалыста. Жолдасы екеуі 3 баланың ата-анасы. Өзге облысқа отбасымен қоныс аударып, бірталай кедергіге тап болса да, жұртшылыққа жұмыс табуға жәрдемдесіп жүрген блогерге бағдарлама игілігін көруді нәсіп етсін деп
тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.