Кез келген мемлекеттің дамып, өркендеуі үшін алдымен кадрлық саясат дұрыс жолға қойылу керек. Соңғы жылдары Қазақстанда осы мақсатта «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадрлық резерв іріктеле бастады. Осы сыннан сүрінбей өткен жерлесіміздің бірі – Естай Рысбек. Тәжірибелі ұстаз жуырда Жетекші ауылындағы мектептің директоры лауазымына тағайындалды.
Естай Рысбек Президенттік жастар кадрлық резервіне 2023 жылы кандидат ретінде құжат тапсырған. Сол жылы іріктеудің бір кезеңінен сүрініп қалғанмен, 2025 жылы тағы да нартәуекел етіп, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына өтінім береді.
Наурыз айында іріктеу кезеңіне шақырту алып, көптеген кезеңдерден сүрінбей өтеді. Білім мен талапты шыңдаған тестерді тапсырып, тәжірибелі сарапшылар алдында әңгімелесуден өтеді. Сөйтіп, еңбегі мен құлшынысының нәтижесінде арнайы сертификатқа қол жеткізеді. Бұл сертификат лауазымды қызметке жол ашатынын атап өту керек. Өйткені, аймағымыз бойынша кадрлық резервке өткен ұстаздарға Павлодар облыстық білім беру басқармасы, облыстық педа-гогтердің шеберлік орталығы, облыстық инновациялық әдістемелік орталық және Павлодар қаласының білім беру бөлімі оқу жылының басынан бастап соңына дейін толық қолдау көрсетеді.
ҚР Оқу-ағарту министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығына сәйкес, кадрлық резервке қабылданған педагог «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынған мектептерге басшы немесе басшының орынбасары лауазымдарына тағайындалады.
Атап өтерлігі, облыс бойынша «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадрлық резервшілерді даярлайтын бағдарламадан жалпы саны 14 педагог өткен. Олар қала-аудан көлемінде білім беру мекемелерінде басшылық қызметке жарияланған бос лауазымдарға қызметке орналасуда. Мұндай бақ Естай Рысбекке де бұйырды.
Естай Рысбек 2011 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетін тарих мамандығы бойынша аяқтап, алғашқы еңбек жолын ауылдағы мектепте мұғалім болудан бастайды. 2012-2020 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы технологиялық колледжде, 2020-2025 жылдары Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және тарих пәні мұғалімі болып еңбек еткен. 2025 жылдың ақпан-желтоқсан айы аралығында Қанат Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде қосымша білім беру педагогі және басшының міндетін атқарған. Білім саласымен қатар, журналистиканы да қатар алып жүргенін атап өту керек.
— Еңбек пен біліктілігімнің арқасында қолыма алған ҚР Оқу ағарту министрлігінің сертификаты басшылық лауазымға кезектен тыс, конкурс пен арнайы тестілеусіз тағайындалуға жол ашады. Сонымен қатар, бірінші дәрежелі санат автоматты түрде беріледі. Яғни басшылық лауазымға тағайындалған қызметкерге жалақыдан бөлек 100 пайыз көлемінде үстемеақы қосылады. Бұл – менің жетістігім. «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадрлық резервке үміткер болу арқылы өзімді шыңдай алдым. Ой өрісім де кеңейді. Өзге облыстан жаңа достар таптым. Еліміз бойынша беделді жоғары оқу орындары мен мектептерінен тағылымдамадан өту арқылы тәжірибе жинақтадым, — дейді Е.Рысбек.
Естай Рысбектің мұғалім мамандығын таңдауы тегін емес. Өйткені ол ұстаз әулетінде тәрбие көрген. Әкесі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, анасы тарих және география пәндерінен сабақ берген. Бұдан бөлек, бала кезінен ауылдағы молданың тарих туралы әңгімесін естіп өткен.
— Қазіргі балалардың ақпаратты қабылдауы, ойын жеткізе алуы, мінез-құлқы өзгеше. Оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру үшін ұстаз үнемі ізденісте жүруі керек. Тақырыпты қызықты етіп түсіндіре білуі тиіс. Президентіміз айтқандай, еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Біз жас маман ретінде осы міндетті орындауымыз керек. Болашақта маған берілген сенімді ақтауға барымды саламын, — дейді Е.Рысбек.
Аймағымыз бойынша 14 ұстаз кадрлық резервке өткенін айттық. 14 мектепке басшылық қызметке тағайындалған жастар білім беру саласына жаңа серпін әкеледі деп сенеміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
