Таным көкжиегіңізді кеңейтіңіз

Қаң 30, 2026

Білімді адамның санасында әрқашан оқыған том-том кітабы тұрады. Соның арқасында ол барша жұртқа тартымды пәтуа айта алатын, ғұлама деңгейіне жете алады. Таланттының талабын танытатын да, оны аша алатын да — кітап. Қазіргі таңда осы кітап әлеміне қызығатын оқырмандарды жинап, олардың өзара пікір алмасу, жаңа ой қалыптастыру мақсатында әр өңірдің кем дегенде бір кітап клубы бар.

Павлодар облысында да мұндай оқырман клубтары бар. Соның бірі — жақында ғана ашылған «Көкжиек» кітап клубы. Құрыл-ғанына көп уақыт өтпесе де, кітапқұмар жастар әртүрлі тақырыптағы шығармаларды талқылау үстінде. Аудитория тек студенттер емес, аға буын өкілдерін де қамтиды. Сондай-ақ, арнайы лекцияларды тыңдау үшін алыстан келетіндер де бар екен. Бұл дегеніміз аз болса да, сапасы жоғары топтың рухани дамуы. Осындай игі істі бастап, өңірімізде оқырман клубын ашқан «Білім-Инновация» лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Азамат Смахан.

— Соңғы жылдары «Отбасы хрестоматиясының» басылымдарымен таныс болдым. Өзбекәлі, Қаныш атамыз жайлы жазылған кітаптарды оқыған соң, ішімде от пайда болды. Кейін сол жалынды басқалар да білуі керек, сезінуі қажет деп ойладым. Осы тұлғалардың өмірбаяны жайлы бір аудиторияда айтсам деген мақсатым болды. Басқа қалалардың өз кітап клубтары бар. Жыл сайын клуб мүшелерінің қатары да көбейіп жатқанынан хабардар едім. Осының бәрі жинақталып, өзіміздің кітап клубымызды ашуды жөн санадым, — деді ол.

Қазақстанды кітап оқитын мемлекетке айналдырамыз деп ұрандаған оқырман клубтары еліміздің әр өңірінде өз белсенділіктерін көрсетуде. Кітапсүйер қауым үшін бұл рухани шыңдалатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын таптырмас орта. Қазір өңіріміздегі кітапқұмарлар жиналатын алаңда 30-ға тарта оқырман тізімделген. Олар аптадағы екі күндерін кемелденуге арнайды. Олардың барлығы бірауыздан клубты «Көкжиек» деп атаған. «Көкжиек» мүшелері бүгінге дейін «Гауһар тас», «Көк мұнар», «Қуыс кеуде», «Парасат» майданы және «Оң қол» шығармаларын талдаған.

— Осы құрамға бір жыл толған соң, келесі жылы жаңа оқырман жинаймыз. Себебі, аталған тұлғаларымыз жайлы әр жыл сайын жаңа оқырманға таныстыру керек деп санаймын. Алдағы уақытта қазігі құраммен жақсы жұмыс жасап, болашақта әрбірін бір мектепке жауапты адам етіп, кітап клубының ісін жалғастыру ойымызда бар. Бүгінгі оқырманға келетін болсам, жастардың да, ересектердің де бойында әдебиетке деген қызығушылық бар. Бастысы, еркін ойлай алады. Сондықтан болар, клубымыздың жұмысы ақырын-дап алға жылжып келеді, — деді клуб жетекшісі.

Оқырмандар клубы — бұл тек қана тоқсан ойдың тоғысқан жері емес. Бұл — сол ойлардың нәтижесінде қалыптасатын жаңа түсініктер. Өмірге деген көзқарасқа жақсы жағынан әсер қалдыратын керемет орта. Көкжиек кітап клубының есігі кітапқұмарларға әрдайым ашық.

Сара ӘБДОЛ.