Жол үстіндегі тәртіпті және қала ішіндегі тыныш-
тықты бақылау — жол-патрульдік полиция қызмет-керлерінің тікелей құзырында. Мамандар қызмет барысында қырағылық танытуға міндетті. Олар өз өмірлерін қатерге тіксе де, ел берекесін сақтау мақсатында қалтқысыз қызмет етуде. Өткен жылы облыстағы полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғалары бойынша 6986 қоңырау қабылдаған.
Адам өмірі мен қоғамдық тәртіпке тікелей жауапты қызмет-керлердің міндеті сырттан қарағанда жеңіл болып көрінгенімен, машақаты мол. Өңіріміздегі ең көп қайталанатын жол-
көлік оқиғаларына не себеп болатыны, оларға қандай жазалар қолданылатыны жайлы Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальоны взвод командирінің орынбасары, полиция капитаны Елжас Қалиев айтып берді.
— Елжас Зайыргелдіұлы, патрульдік полицияның міндеттері қандай? Олардың әрбір күні қалай өтеді?
— Патрульдік полицияның негізгі міндеттері — Павлодар қаласының және қалаға жақын маңдардағы қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау. Кесте бойынша үш ауысыммен жұмыс істейміз. Олар: таңғы, кешкі және түнгі ауысым. Бір ауысымда 15 патруль күзетке шығады. Әр патрульдік көлікте екі полиция қызметкері болуы керек. Кезекшілер сапқа дейін арнайы жұмыс нұсқаулығымен танысады. Содан кейін арнайы көліктермен белгіленген аймақтарға шығады.
— Қаламызда кезде-сетін жол тәртібін бұзуға байланысты көбі-несе қандай оқиғалар тіркеледі?
— Жол тәртібін сақтау – ол ең бірінші адамның өзінің жеке басының қауіпсіздігі үшін қажетті шара. Әлбетте адамдардың ережелерге немқұрайлы қарауы салда-рынан жол-көлік оқиғалары орын алып жатады. Техникалық шығыннан бөлек, адам өміріне қатер төнетін жағдайға дейін жеткізеді. Соңғы жылдары қаламызда азаматтардың көлік тізгінінде отырып ұялы телефон қолданудың кесірінен көптеген оқыс оқиғалар тіркелуде. Оның үстіне, қыс мезгіліндегі табиғат жағдайлары көлік қозғалысын қиындатады. Сондықтан көлік тізгінінде барынша мұқият болу қажет. Бұдан бөлек, смартфонды көшеде, арнайы жаяу жүргінші жолағынан өту барысында пайдалану салдарынан жапа шегу сынды деректер жиілеген. Сондай-ақ, мас күйінде көлік жүргізу, арнайы қауіпсіздік белдігін тақпау, жылдамдықты асыру сынды деректер әрқашан өзекті.
— Жүргіншілерге жол ережелерін сақтау мақсатында қандай шара-ларды қолданасыздар?
— Ең алдымен, ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Қандай да бір құқықтық нормаларда өзгерістер енгізілсе, міндетті түрде бастапқыда тұрғындарға тікелей ескерту жұмыстары жасалады. Әрбір көшеде арнайы «сергек», «мерген» камералары іске қосылған. «Мерген» камерасының арқасында көліктің жылдамдығын анықтауға болады. Бұл жүргізушілерді жол мәдениетін сақтауға шақырады. Қазіргі таңда Патрульдік көліктердің ішінде, сыртында сапалы видеокамералар қойылған. «Экин» патруль және «кибер-шериф» камералары арқасында кінәліні бірден анықтау мүмкіндігіне ие боламыз. Бұған қоса бізде жаңа бейнежетондар бар. Соның нәтижесінде бірнеше адамның ішінен іздеуде жүрген адамды көрсе, қызметкерлерге белгі бере алады. Ол азаматтардың face ID-ін сараптау арқылы жүзеге асады. Онда кінәлінің аты-жөні, түрі және қандай бап бойынша іздеуде жүргені анық көрсетіледі.
— Қызмет барысында қандай қиыншылықтар жиі
кездеседі? Сондай-ақ, жол ережелерін бұзушыларға қандай шаралар қолданылады?
— Қызмет барысы — тек жол бойындағы тәртіпті бақылау емес. Яғни, көшедегі үйсіз жүрген адамдармен жұмыс істеп, кейбір отбасылық жанжалдарға да араласып қалатын жағдайлар кездеседі. Жол тәртібін сақтамаған тұрғындарға ескертуден бастап, 50 АЕК-ке дейін айыппұл тағайындалады. Егер тәртіпке бағынбай, айыппұлдан бас тартса, істі сотқа жіберу де қарастырылады.
— Қызметкерлердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
— Батальондағы қызметкерлерге апта сайын арнайы дайындық шаралары жүргізіледі. Бұдан бөлек, орталыққа келіп түскен қоңыраудың деңгейіне қарай қызметкерлерді жібереміз. Егер қауіпті қылмыс болса, қызыл түспен белгіленіп, бірнеше патрульдік қызметкер жіберіледі. Ал күнделікті жұмыста міндетті түрде екі қызметкер бірге кезекшілік жасайды. Үш ротада бір-бірден бақылау тобы бар. Олар дау туғызарлық шақыртуларда жол полицияларымен қатар жүретін болады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сара ӘБДОЛ.
