Сот шешімі – қатаң бақылауда

Ақп 19, 2026

2025 жылы облыстық прокуратура атқарушылық іс жүргізу саласында ауқымды жұмыстарды іске асырып, сот шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауға алды. Нәтижесінде жүздеген борышкер жауапкершілікке тартылып, алимент пен жалақы бойынша миллиардтаған теңге өндірілді. Қадағалау шаралары сот орындаушылары мен нотариустардың қызметіне де ықпал етіп, жүйенің тиімділігі мен ашықтығын арттырды. Жыл ішінде қандай нақты нәтижелерге қол жеткізілді? Борышкерлермен жұмыс қалай күшейтілді және алдағы кезеңдегі басым бағыттар қандай? Осы және өзге де сауалдар төң регінде облыстық прокурордың көмекшісі Гүлден Ишанбаевамен әңгімелестік.

– Гүлден Нұркенқызы, өткен жылы облыстық прокуратура атқарушылық іс жүргізу бойынша қандай негізгі жұмыстарды қолға алды?

– Биыл облыстық прокуратура 33 тексеру мен талдау жүргізіп, 41 қадағалау актісін енгізді. Сонымен қатар, 34 қылмыстық және әкімшілік іс басталып, 806 миллион теңге өндірілді. Бұл көрсеткіштер атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қатаң бақылауда ұстағанын көрсетеді. Прокуратураның жұмысы сот шешімдерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

– Ал сот орындаушылары мен нотариустарға қатысты қандай шаралар қабылданды?

– 110 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметін тиімсіз атқарған 2 нотариус лицензиядан айырылды. Бұл құқық қорғау органдарының өз қызметкерлерін де қатаң бақылауда ұстағанын білдіреді. Мұндай шаралар атқарушылық іс жүргізудің сенімділігін арттыруға септігін тигізеді.

– Алимент төлемі бойынша қандай нәтижелер бар?

– Осы бағытта атқарылған жұмыстар барысында 270 борышкер анықталды. Үйлестірілген қызмет арқасында балаларға 4,2 млрд теңге сомасында алимент өндіріліп, мемлекет кірісіне 1,2 млрд теңге түсті. Сонымен қатар, 280 төлемеуші жұмысқа орналастырылып, олардың төлем қабілеттілігі артты. 380-нен астам борышкер әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылып, алимент төлеуден жалтаруға жол берілмейтіні көрсетілді. Жұмыс берушілердің 90 пайызы жалақы бойынша қарыздарын өтеді.

– Алдағы уақытта прокуратура қандай басымдыққа көңіл бөледі?

– Алдағы уақытта атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру, сот актілерінің толық және уақытылы орындалуын бақылау, орындаудан жалтарудың алдын алу  басты міндет болып қала береді. Сонымен қатар, балалардың құқықтарын қорғау, алимент пен жалақы бойынша қарыздарды өндіріп алу, борышкерлердің жасырын кірістерін анықтау үшін заманауи цифрлық құралдарды қолдану жоспарланып отыр. Бұл әдіс борышкерлерді тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Сот орындаушыларын, әділет органдарын және полицияны үйлес-тірілген жұмысқа тарту арқылы үлкен сомадағы қарыздар қайтарылды. Бұл тәжірибе борышкерлермен тиімді күрестің моделін көрсетеді және атқарушылық іс жүргізудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.