Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы қабылданған сәттен бастап елдің саяси-құқықтық дамуының темірқазығына айналды. Уақыт талабына сай бірнеше мәрте өзгеріс пен толықтырулар енгізіліп, мемлекеттік басқару жүйесі жаңғыртылып отырды. Бұл маңызды оқиғалардың барлығы дерлік кезінде Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің әр жылдардағы беттерінде жарияланып, оқырманға дер кезінде жеткізіліп отырды. Төменде сол тарихи кезеңдерге шолу жасаймыз.
1995 жыл 2 қыркүйек. Облыстық басылымда «Ақ жол – Ата Заң!» атауымен Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғаны туралы мақала жарық көрді. Онда жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Сондай-ақ, Президент саяси жүйенің басты тұлғасы болып, билік тармақтарынан жоғары тұратыны аталып өтіліп, Парламент туралы конституциялық бөлім өзгеріске ұшырағаны аталып өтілді.
1998 жыл 3 қазан. «Мен мемлекетіміз үшін де, онда тұрып жатқан адамдар үшін де жауап беремін» атты мақалада Президенттің Конституцияның 13-бабына қатысты түзетулері, сайлау жүйесін жетілдіру және депутаттық санды арттыру жөніндегі ұсыныстары баяндалды. Ал сол жылдың 17 қазанындағы «Республикамызда демократияның қадамы айқын танылуда» мақаласында Президенттің сайлау комиссияларын құру жөніндегі өкілеттігі туралы ақпарат оқырман назарына жеткізілді. Сол жылы Конституцияның 13-бабына өзгерістер енгізілді. Сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саяси реформаларды тереңдету қажеттігін атап өтті. Маңызды түзетулердің қатарында Президенттікке кандидаттың төменгі жасы 40 болып белгіленуі, жас шектеуінің жоғарғы шегінің алынып тасталуы, Президент өкілеттігінің 5 жылдан 7 жылға ұзартылуы мен Мәжіліс депутаттары санының артуы бар.
2007 жылы 24 мамыр күні облыстық басылымның алғашқы бетінде 21 мамыр күні «Елбасы Заңға қол қойды» атты Конституцияға өзгерістер енгізілгендігі туралы баяндалатын мақала жарық көрді. Онда Қазақстанның елордасы Астана қаласы екендігі, әрі оның Конституцияға енгізілгендігі туралы тілге тиек етілді. Оған қоса, өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін және соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ауыр жаза ретінде заңмен белгіленді. Президент енді 7 жыл емес,
5 жыл мерзімге сайланатын болды. Сондай-ақ, президенттікке кандидат Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды.
Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайланбайтыны, бірақ бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды. Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарының саны 77-ден 107-ге дейін артып, 98 депутат жалпыға бірдей, тең және төте сайланатыны және қалған 9 депутатты Қазақстан Халқы ассамблеясы сайлайтыны жазылды.
2011 жылдың 2 ақпанында 41-бап «Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі» деген тармақпен толықтырылды. Бұл өзгеріс ата басылымның 3 ақпанында «Парламент кезектен тыс сайлау өткізуді қамтамасыз ететін Заңды қабылдады» атты мақалада жарық көрді.
Ал 2017 жылдың 11 наурызында газет бетінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына үндеуі жарияланып, оған қоса, «Елбасы Заңға қол қойды» атты мақала жарық көрді. Онда сол жылдың 10 наурызында Конституцияның 19-бабына 26 өзгеріс енгізілгендігі аталып өтілді. Осы өзгеріс аясында Президенттікке үміткердің жоғары білімі болуы міндеттеліп, мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне талап енгізілді. Оған қоса, Мәжіліс қайта сайланған жағдайда Үкіметтің өкілеттігін тоқтатуы қарастырылды. Ал террористік қылмыстар үшін сот шешімімен азаматтықтан айыру мүмкіндігі бекітілді. Бұл өзгерістер саяси жүйені демократияландыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
2019 жылғы наурыз айы ел тарихындағы ерекше кезең болды. Сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік ант қабылдады. Осы жылы Конституцияға ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге байланысты түзету енгізілді. (Кейін бұл атау қайтадан Астана болып өзгертілді.) Осы өзгерістер топталған Қазақстан Республикасының Заңы мен ҚР Президентінің жарлығы газеттің 26 наурызында жарық көрді.
2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Конституцияның 33-бабына 56 өзгеріс енгізілді. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ірі конституциялық реформа. Нәтижесінде жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты бекітіліп, Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды. Президенттің партия мүшесі болуына шектеу қойылып, Конституциялық сот қайта құрылды. Одан бөлек, өлім жазасына толық тыйым салынып, Мәжіліс аралас сайлау жүйесіне көшті. Оған қоса, Сенаттағы және Мәжілістегі квоталар қайта қаралып, Тұңғыш Президенттің ерекше мәртебесіне қатысты нормалар алынып тасталды. Бұл өзгеріс газеттің 9 маусым №62 санында «Конституцияға өзгерістер қабылданды» мақаласында жарық көрді. Одан бөлек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдумның қорытындысына орай үндеуі де жарық көрді.
Ал сол жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстанның елордасына бұрынғы Астана атауы қайтарылуына байланысты өзгерістер енгізілді. Президент 5 жыл емес, 7 жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс қайта енгізіліп, бір мерзімге ғана сайланатыны және бұл ереженің енді өзгермейтіні айқындалды. Конституциялық соттың өкілеттігі 6 жылдан 8 жылға дейін көтеріліп, бір судья тек бір рет тағайындалатыны жазылды. Бұл ақпарат ата басылымның сол күнгі нөмірінде «Астана атауы қайтарылды» тақырыбымен жарық көрді.
Қазақстан Республикасының Консти-туциясына енгізілген әр өзгеріс – ел тарихындағы маңызды саяси қадам. Президенттік өкілеттіктерді реттеу, Парламент пен сайлау жүйесін жетілдіру, азаматтық құқықтарды кеңейту және астана мәртебесін бекіту сияқты реформалар газет бетінде оқырманға уақытында жеткізіліп, қоғам үшін түсінікті болды.
Әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.
