Павлодар облысында кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен белсенділері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляевамен кездесті. Басқосу ел үшін маңызды саяси кезең – жаңа Конституция жобасын талқылауға арналды. Кездесуде әлеуметтік құқықтар, еңбек қатынастары, цифрландыру, жеке деректерді қорғау және отбасы институты секілді қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелер кеңінен қозғалды.
Жиын барысында депутат Жаңа Конституцияның маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Конституция – жай ғана саяси құжат емес, елдегі барлық заңнаманың іргетасы. Ондағы нормалар тікелей әрекет етеді және кез келген заң немесе шешім соған қайшы келмеуі тиіс.
– Конституцияда артық сөз болмайды. Әрбір сөйлем, әрбір ұғым болашақта тұтас бір заңдар жүйесінің негізіне айналуы мүмкін. Сондықтан бұл құжатты үстірт емес, терең түсініп оқу қажет, – деді Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, елімізде бұған дейін қабылданған 1995 жылғы Конституция өз дәуірінің талабына сай болды. Алайда арада өткен 30 жылда қоғам да, экономика да, технология да түбегейлі өзгерді. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасы заман талабына бейімделіп, жүйелі жаңаруды көздейді. Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамға бағдарлануы. Депутаттың айтуынша, қазіргі заманда мемлекет үшін ең құнды ресурс – адам, оның білімі, тәжірибесі мен зияткерлік әлеуеті.
– Біз жасанды интеллект дәуіріне аяқ бастық. Осындай кезеңде табиғи ресурстардан гөрі адами капиталдың құны арта түседі. Сондықтан жаңа Конституция адам құқығын, оның қадір-қасиетін қорғауды басты орынға шығарады, – деді ол.
Бұл бағытта әлеуметтік мемлекеттің қағидаттары күшейтіліп, әділеттілік, теңдік, еңбек адамының мүддесін қорғау секілді ұстанымдар нақты бекітілген.
Кездесуге қатысқан кәсіподақ мүшелерін әсіресе еңбек құқығы, демалыс, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы өзгерістер қызықтырды. Депутат бұл бағытта алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Жаңа Конституцияда еңбек ету құқығы, әлеуметтік қорғалу, медициналық көмек пен білім алуға қолжетімділік бұрынғыдай сақталады. Кейбір терминдер жаңаша тұжырымдалғанымен, бұл азаматтардың құқығын шектеу емес, керісінше құқықтық алаңды кеңейтуге бағытталған. Мәселен, «жыл сайынғы демалыс» ұғымының орнына «ақылы демалыс» түсінігінің қолданылуы еңбек заңнамасындағы түрлі демалыс түрлерін қамтуға мүмкіндік береді.
Кездесудің маңызды бөлігі цифрландыру мәселесіне арналды. Жаңа Конституцияда алғаш рет жеке деректерді қорғау құқығы жеке норма ретінде енгізіліп отыр. Бұл – цифрлық ортада адамның жеке өмірін қорғауға бағытталған тарихи қадам.
– Жеке деректер – адамның жеке басының жалғасы. Қызметкерді үздіксіз бақылау, камералар арқылы қадағалау, жасанды интеллект көмегімен мінез-құлқын талдау – мұның бәрі белгілі бір шектен аспауы тиіс, – деді депутат.
Бүгінде кейбір кәсіпорындарда қызметкерлердің жұмысқа қабілеттілігі мен «күйіп кету» деңгейі автоматты жүйелер арқылы бағаланып, кадрлық шешімдер қабылдануда. Мұндай жағдайда адам факторы ескерусіз қалуы мүмкін. Сондықтан кәсіподақтардың бұл процестерге араласуы аса маңызды.
Жаңа Конституция жобасында отбасы ұғымы да нақты айқындалған. Мемлекет ер мен әйелдің заңды түрде тіркелген одағын отбасы деп таниды. Бұл норма дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Депутаттың айтуынша, мемлекет отбасы институтын нақты айқындау арқылы жас ұрпақтың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтардың сақталуына негіз қалайды.
Кездесуге қатысқан кәсіподақ өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдірді. Олардың пікірінше, бұл құжат еңбек адамын қорғауға құқықтық тұрғыда мықты негіз болмақ.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
