Армандар орындалады

Нау 12, 2026

Домбыра – қазақтың қастерлі аспабы, ал өнер мектебіне барып үйрену зор еңбек пен үлкен талпынысты қажет етеді. Осы еңбек пен талпыныстың нәтижесінде бүгінде  Сәкен Майғазиев атындағы Smart өнер мектебінде білім алып келемін.

Бұл мектепке 2023 жылдың наурыз айынан бастап барамын. Мұғалімім Салтанат Рысбекқызынан домбыра аспабынан сабақ алып жүрмін. Жаңа күйлерді үйренген сайын домбыраға деген қызығушылығым арта түседі. Қолыма домбыраны ұстасам, көңілім тынышталып, ерекше күйге бөленемін. Әр күн сайын жаңа қағыстарды, жаңа күйлерді үйрену маған зор қуаныш сыйлайды.

Алғашқы сапарымыз 2025 жылдың 20-24 сәуір аралығында Түркия елінде болды. Сәкен Майғазиев атындағы Smart өнер мектебінің жетекшісі Салтанат Рысбекқызының  басқаруымен 12 оқушы және 9 ата-ана Бейликдузу/Стамбул қаласына  II халықаралық тәуелсіз дүниежүзілік балалар фестивалінде қатыстық. Павлодар қаласынан Астана қаласына дейін пойызбен бардық,  Астанада 2 күн дайындық болды. Осы уақыт аралығында әсем Астананы араладық. «Мега» сауда орталығына, «Бәйтерек» монументіне, Орталық мешітке бардық.

Келесі күні аэропорттан Turkish Airlines ұшағына отырып, Түркия елінің Стамбул қаласына 6 сағатта ұшып бардық. Түркияның әуежайы зәулім  ұшатын тарелкаға ұқсайды екен. Бізді әуежайдан  трансфер күтіп алды. 5 жұлдызды «ESER» қонақ үйіне тұрақтадық. Мәрмәр теңізінің жанында 5 күн болдық. Бірінші күні  демалып, тамақтанып, байқауға дайындалдық. Екінші күні теңіз жанындағы ғимаратта байқау өтті. Жалпы, байқауға
6 мемлекеттен 300-ге жуық өнерпаз қатысты. Олардың арасында Испания, Финляндия, Румыния, Болгария, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің балалары болды. Осы байқау барысында өзіме жаңа достар таптым.

Аспаптық жанр барысында біз бас жүлдеге ие болып,  Грузияда өтетін халықаралық байқауға жолдаманы ұтып алдық. Байқау барысында домбыра, жетіген, шіңкілдек, сазсырнай, шаңқобыз сынды ұлттық аспаптарда ойнадық. Ал мен «Кербез қыз» күйін орындадым.

Келесі күні біз ежелгі және таңғажайып қаланы араладық. Босфорға мініп, түрік тәттілерінің дәмін татып, шығыс мәдениетін танып білдік. Маған Түркия қатты ұнады. Өзіме керемет шабыт алдым.

Екінші сапарым өткен жылдың қазан айында Алматы қаласына болды. Өнер мектебінің бір топ өнерпаздары «Star time» байқауына қатыстық. Байқау №6 Оқушылар үйінде өтті. Ол байқауда мен «Салкүрең» күйін  тартып, 1-інші дәрежелі дипломмен марапатталдым. Байқаудан соң келесі күні Алматы қаласында серуендедік. Хайуанаттар бағында жабайы аңдар мен құстарды көрдім.  Шымбұлаққа  3200 метрдей биіктікке аспалы жолмен көтерілдік. Таудың үстінен қарағанда Алматы қаласы алақандағыдай болып көрінеді екен.

Алматы – үлкен қала. Уақытымыз аз болғандықтан, көп жерін аралауға үлгермедік. Павлодар қаласына біздің топ жеңіспен оралды. Бұл жеңіс — армандардың орындалатындығының дәлелі. Мен өнердің арқасында ел көрдім, жаңа достар таптым. Бұл өнердегі алғашқы жетістіктерім деп білемін.

Мен болашақта үлкен сахнада өнер көрсетіп, халыққа қуаныш сыйлағым келеді. Қазақтың ұлттық күйлерін орындап, өнерімізді көпшілікке танытуды армандаймын. Үлкен сахнада халқымыздың атақты «Адай», «Ерке сылқым», «Балбырауын» сияқты күйлерін әсем жеткізіп, көрермендердің жүрегіне қуаныш сыйласам деймін. Арманыма жету үшін мен күнде жаттығып, көп еңбектенемін. Тағы бір  арманым –
болашақта өзім де жаңа күй шығарсам деймін. Мен өз арманыма міндетті түрде жетемін деп сенемін. Өнер жолы – қиын да қызықты жол. Осы жолда барлық өнерпазға сәттілік, толағай табыс, жеңістер тілеймін!

Іңкәр ҚАМИ, Шапық Шөкин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы. Павлодар қаласы.