Наурыз мерекесі – түркі халықтарына ортақ рухани құндылық. Сондықтан наурыз мейрамы әр ұлтта әртүрлі атап өтілсе де, түпкі мақсаты бір. Халықтың өзара береке — бірлігін нығайтып, жаңашылдыққа жетелеу. Соның ішінде мерекені Түркіменстан жұрты да ерекше құрметпен қарсы алады. Бұл жайлы толығырақ Торайғыров университетінің филология факултьтетінде оқитын түркіменстандық студент Назгүл Лалмамедовадан сұрап көрдік.
— Сіз үшін Наурыз мейрамы нені білдіреді?
— Мен үшін Наурыз мейрамы – көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруын білдіреді. Бұл күн — адамдардың бір-біріне жақсылық тілеп, реніштерін ұмытып, жаңа жылды жақсы ниетпен бастайтын ерекше мереке. Түркі халықтарының мәдениетін біріктіретін, достық пен бірлікті көрсететін маңызды күн деп ойлаймын.
— Түркімен халқы Наурыз мерекесін қалай қарсы алады?
— Наурыз мерекесі жақындаған сәттен бастап адамдар үйлерін тазалап, қонақ күтуге дайындалады. Ұлттық тағамдар пісіреді. Бір-бірінің үйне қонаққа барып, мерекемен құттықтайды. Үлкендер жастарға ақ баталарын беріп, жақсы тілектер айтады. Дутар, гиджак атты аспаптарымызбен ән айтылып, би биленеді. Сонымен қатар, мерекеге арнайы дайындалатын әр тағамның өз мағынасы мен символы бар. Мысалы, жыл сайын Наурыз мейрамы қарсаңында палау дайындалады. Бұл – қонақтарды құрметтеп қарсы алу үшін жасалатын басты тағамдардың бірі. Палау дастарханның молшылығын білді-реді. Тағы бір тағам – чорек (ұлттық нан). Нан түркімен мәдениетінде де қасиетті саналады, сондықтан мерекелік дастарханға міндетті түрде қойылады. Бұған қоса әртүрлі тәттілер, кептірілген жемістер, жаңғақтар дайындалып, қонақтарға ұсынылады. Мұның бәрі-адамдарға қуаныш, береке және татулық тілейтін дәстүрдің бір бөлігі. Сондай-ақ өзіміздің ұлттық киімімізді киеміз. Әсіресе қызыл және қанық түсті, кестелі киімдер нағыз мерекенің сәнін келтіреді.
— Мереке қарсаңында түркімендер қандай тағам дайындайды?
— Мерекелік тағамдар басқа халықтардағы сияқты көбінесе ұлттық тағамдардан тұрады. Соның бірі – Семени. Бұл – піскен бидайдан жасалатын тәтті тағам. Алдымен бидайды суға салып, бірнеше күн бойы суда сақтайды. Кейін дайын биайды езіп, шырынын алады. Алған шырынды қазанға құйып, үстіне ұн салып баяу отта қайнатады. Асты әзірлеу кезінде бірнеше әйел кезектесіп араластырып, ән айтып дайындайды. Бұл — қалыптасқан дәстүрдің бірі. Осыдан соң тәтті, қою семени дайын болады. Тағы бір тағам – дограма. Ол ет, нан және сорпадан жаслатын ұлттық тағам. Қой етін жақсылап қайнатып, дайын етті ұсқатап турап, үстіне арнайы нан мен сорпа құйып, қонақтарға ұсынады.
— Бұл мереке түркі халықтарының ұлттық құнды-лықтарын дәріптейтін ерекше мереке екені белгілі. Сіздің еліңізде мереке қарсаңында қандай ұлттық құндылықтар көрініс табады?
— Иә, мереке қарсаңында халықтың өзара ауызбіршілігі артып, берекесі кіреді. Біздің елімізде Наурыз мейрамы жылда ерекше ұлттық салт-дәстүрі мен ойын-сауығын дәріптеумен өтеді. Ұлттық ойындарымыздың бірі – Гөреш. Бұл – түркіменнің ұлттық күресі. Наурыз мейрамында жастар мен спортшылар күресіп, күш сынасады. Бұдан бөлек, ат жарысы өткізіледі. Әсіресе атақты Ақалтеке жарысын ұйымдастыру дәстүрі бар. Ақалтеке – түркімен халқы үшін ұлттық мақтаныштың символы саналатын жылқы түрі. Оны географиялық пайда болуына байланысты солай атаған. Тіпті Елтаңбамызда да сол аттың кескіні бейнеленген. Көбінесе ұлттық мерекелерде ғана Ақалтеке аттарының жарысы ұйымдастырылады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Сара ӘБДОЛ.
