Нейрожелінің жемісі — қылқобыз

Нау 19, 2026

Нейрожелінің небір мүмкіндіктерін пайдаланып, өнертапқыштар түрлі туынды жасауда. Өңірімізде Иван Могер есімді жігіт 3D-принтермен қазақтың қоңыр үнді ұлттық аспабы – қылқобыз жасап шығарды. Жасанды интеллект көмегімен полимер материалынан жасалған аспап көз тартарлық. Кәдімгі қобыздың көшірмесіндей. Павлодарлық жас аддитивті инженер туындысын Наурыз мейрамы қарсаңында өңіріміздің өнерпаздарына, нақтысы И.Байзақов атындағы филармонияға тарту етті.

Мұндай тәсілмен жасалған қобыз Иванның алғашқы аспабы емес. Ол бұған дейін қазақтың ұлттық аспабы домбыраны да дәл осындай принтерде пластиктен басып шығарған. Алайда, домбыраны жасағанда аса қиналмапты. Себебі, домбыра жайлы ақпарат та, тіпті оның ағашпен жасаудағы нақты мөлшерлері, пішуге дайын өлшемдері қолжетімді болған. Ал қобыз туралы мәлімет те мардымсыз болған көрінеді.

– Бір жыл бұрын домбыра аспабын жасадым. Толық өлшемді аспапты шертуге де болады. Оны Павлодар музыкалық колледжіне сыйладым. Биыл қазақтың тарихы мен көшпенді өмірімен үндесіп жатқан қобызды жасауды жөн көрдім. Филармония концертінде осы ұлттық музыкалық мұраның бірегей әлемін сезіндім. Қобыздың үні құлаққа жағымды екен. Көне аспаптың қалай пайда болғанын зерделедім. Дыбыс шығару, құрылымын да зерттедім. Жобалауға, өлшемдерін баптауға және құрастыруға аз уақыт жұмсалған жоқ. Материалдарын жинаудың өзіне бір ай уақыт, ал оны басып шығаруға бір апта кетті. Қобыз туралы ақпарат аз болғандықтан, оның тарихына тереңірек үңілуге тура келді. Қазақ тіліндегі кітаптардағы, музейлердегі суреттерді, бейнежазбаларды ақтардым. Сол арқылы принтерге салатын өлшемдерін айқындадым. Содан кейін бүкіл өлшемдерін сақтай отыра, сәнін келтіріп, компьютерде жобамның 3D моделін жасадым. Ұлттық аспапты құрастыру үшін 32 бөлшек қажет болды. Нәтижесінде толыққанды музыкалық аспаптың өзі мен ысқысы пайда болды. Классикалық қылқобыздың пішіні ғана шыққан жоқ, үні де естіледі. Ал мұндай аспапты жасауыма Қорқыт ата туралы аңыз шабыт берді, – дейді инженер Иван.

Иә, қобыздың пайда болуы Ұлы даланың ұлы ойшылы Қорқыт атаның есімімен байланысты. Бұл – дала өркениетіндегі ең көне ысқылы музыкалық аспаптардың бірі. Оның терең әрі тылсым үні ғасырлар бойы эпостық жырларды, салт-дәстүрлерді және көшпелі мәдениеттің рухани мұрасын сүйемелдеп келген.

XX ғасырдың басында қазақ музыкалық аспаптарын жасау дәстүрі Баянауылдан шыққан көрнекті шебер Қамар Қасымов еңбегінің арқасында жаңа серпін алған көрінеді. Оны жиі «қазақ музыкалық аспаптарының атасы» деп атайды. Ол домбыра мен басқа да ұлттық аспаптарды жетілдіріп, кәсіби сахна мен оркестрлік орындауға бейімдеді, сондай-ақ аспаптарды ұлттық ою-өрнекпен безендіру дәстүрін енгізді. Сөйтіп Қазақстандағы аспап жасаушы шеберлердің заманауи мектебінің негізін қалады. И.Байзақов атындағы филармонияның баспасөз қызметі берген мәліме-тіне сүйенсек, бір қызығы, шебер жасаған қобыздардың біріне кезінде оның есімін беріп, «Қамар-қобыз» деп атау туралы ұсыныс болған екен. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасынан Өнер істері басқармасына жолданған, 1940 жылғы 17 сәуірде жазылған хаттың түпнұсқасы және басқа да сирек құжаттар Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақтаулы.

Филармония бүгінде мұны символикалық сабақтастықтың жаңа мазмұнмен жалғасына балап отыр. Яғни, цифрлық технологиялар дәуірінде Павлодарда көне аспапты заманауи тәсілмен қайта жасауға жас 3D-инженер талпыныс танытты. Айта кету керек, филармония музыканттары әзіл ретінде жаңа аспапқа бейресми атау да тауып үлгерген. Олар әйгілі жерлес шебер Қамар Қасымовтың тарихын еске алып, жас инженердің туындысын «Иван-қобыз» деп атап жүр.

Өнертапқыш жас жігіттің айтуынша, принтерде басып шығарылған аспапты жасауға ағаштың орнына қолданылған пластиктің артықшылығы көп. Мәселен, ағаш уақыт өте босап, аспапта әр ойнаудың алдында күйлеп отыру қажет. Маманның пікірінше, полимер, керісінше, уақыт өте беки түседі.

– Тағы бір ерекшелігі, ағашқа қарағанда полимер құрғақшылыққа, қатты ыстыққа төзімді. Аптап ыстықта күннің астында қалса да, үйде ыстық батареяның жанында тұрса да, бүлінбейді. Ылғалдан да еш зақымданбайды. Оған қоса, полимерден жасалған аспап ағаш аспапқа қарағанда арзанға түседі. Себебі, барлық жұмысты 3D принтерлер атқарады. 2500 теңгеге сатып алынатын ішектерін қосқанның өзінде мұндай қобыздың өзіндік құны 10 мың теңгедн аспайды, – дейді Иван Могер.

Өнертапқыш азамат туныдысын Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне сыйға тартты. Заманауи шебердің туындысына кәсіби мамандар өз бағасын беріп үлгерді.

– Аспап ағаштан емес, пластиктен жасалса да, керемет шыққан. Ең бастысы, үні де бар. Әлбетте, кәсіби шеберлердің қолынан шыққан аспаптар сияқты нағыз әуенді шығара алмаса да, Иванның еңбегі зор. Бұл азамат өте сауатты әрі дарынды, бұл іске шығармашылдықпен кіріскені көрініп тұр. Принтерде басып шығарылған қобызды алғаш көріп тұрмыз. Керемет идея, табанды еңбегінің нәтижесі де көз қуантарлық. 15-20 жылдан кейін оркестрлер заманауи технологиялар негізінде жасалған аспаптармен өнер көрсету де ғажап емес. Технология бір орында тұрған жоқ. Ілгерілеу бар. Бұл тек соның бастамасы деп білемін, – дейді Р.Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Талғат Кәрімов.

Иванның атасы Анатолий Могер инженер-конструктор болған екен. Павлодар трактор зауытында жұмыс істепті. Жас инженер дизайндау, конструкциялауға деген қызығушылығы атасынан берілген қабілет деп біледі. Бала кезінен не нәрсені де қолдан жасап, құрастырғанды ұнатыпты. Бүгінде ол үйіндегі ондаған 3D-принтермен пластиктен түрлі ұсақ фигуралар, бөлшектер басып шығарады. Бұл істе ең бастысы өлшемдерін дұрыс белгілеу керектігін айтады.

Алдағы күзде Иса Байзақов атындағы филармонияның 85 жылдық мерейтойы екенін білген Иван тағы да жаңа жобалар жасауға ниет етіп отыр. Алайда оны әзірше құпия сақтауды жөн көруде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.