Бүгінде жастар арасында кеңінен танылып жүрген павлодарлық «Adai» тобы домбыраны жаңа қырынан танытуда. Олар дәстүр мен трендті бір арнаға тоғыстыра отырып, ұлттық аспаптың музыка әлемінде де өз орнын табатынын әлеуметтік желілерде дәлелдеп келеді. Мұны сондағы мыңдаған қаралым мен тыңдармандардың жылы пікірлерінен аңғаруға болады.
Ахат Ахмеди, Балтабек Қаппасов және Дастан Сайлаубаев – домбыраға жаңа тыныс беріп жүрген жас музыканттар. Үшеуі де бір оқу орнында білім алған. Оларды оқу орны мен домбыра ғана емес, ортақ ұстаз, ортақ талғам және өнерге деген бір көзқарас біріктіреді. Сондықтан болар, бірігіп топ құруды жөн санайды.
Бәрі де қарапайым басталған. Олар әлемге белгілі танымал әндерді өз қызығушылықтары бойынша домбырада ойнап, оны бейнежазбаға түсіреді. Кейін тыңдармандармен бөлісу мақсатында әлеуметтік желілерге жариялай бастайды. Шынайы өнер жерде жатпаса керек, олардың бейнежазбалары көп ұзамай танымал бола бастайды. Алайда жас өнерпаздарға бағыт-бағдар көрсететін продюсер де, қаржы жағынан қолдау білдіретін демеуші де болмады. Сөйтсе де, бұл жетістіктен соң алға қарай қадам басу керектігін түсінеді.
– Алғашқы бейнежазбамыз ресейлік «Блестящие» тобы мен ирандық әнші Arash орындаған «Шығыс ертегілері» әніне арналды. Кейін «TikTok» желісіне салдық. Бір тәуліктің ішінде 300 мың қаралым жинады. Сол сәттен бастап бұл істің жай әуесқойлық емес, жүйелі түрде жалғастыру керек екенін түсіндік, – дейді трио мүшесі Дастан Сайлаубаев.
Осылайша павлодарлық трио домбыраның тек дәстүрлі ортада емес, заманауи музыкалық кеңістікте де еркін «өмір сүре» алатынын дәлелдеді. Уақыт өте келе бұл музыкалық эксперимент мәдени миссияға ұласты.
– Ата-аналардан «Балалар домбыраға қызығып жүр» деген хаттар келе бастады. Сол кезде бұл жай ғана кавер емес екенін түсіндік. Бұл ұлттық мәдениетті кең аудиторияға жеткізудің бір жолы екенін байқадық, – дейді олар.
Бүгінде трионың репертуарында шекара жоқ. Орыс эстрадасы, корейлік k-pop, түрік поп-музыкасы, америкалық рэп – бәрі домбыраның қоңыр үнімен үйлесім табады. Кейбір әуендер бірден игерілсе, енді біреулері ұзақ ізденіс пен тынымсыз дайындықты талап етеді.
– Қиын шығармалардың бірі – BLACKPINK тобының «How You Like That» әні. Жалпы, k-pop жанрын домбыраға бейімдеу оңай емес, – дейді Д.Сайлаубаев.
Дегенмен, дәл осы күрделілік оларды алға жетелейді. Концерттерде көрерменнің әсері көбіне ұқсас: әуелі таңданыс, кейін қуаныш, соңында соңғы нотаға дейінгі ерекше ықылас. Кейде тыңдармандар орындаушыларға қосылып, әнді бірге айтып кетеді.
Трио репертуарында Виктор Цойдың «Группа крови», «Иванушки International» тобының «Тополиный пух», Дима Биланның «№1», Юрий Шатуновтың «Седая ночь», Тарканның «Şımarık», Эминемнің «Lose Yourself» және жерлес әншіміз Скриптониттің де бірнеше танымал әні бар. Сонымен қатар, олар қазақтың дәстүрлі күйлерін орындауды да ешқашан назардан тыс қалдырмайды.
Музыканттар өз өнерін әлеуметтік желіде тұрақты түрде бөлісіп, домбыраға деген қызығушылықты оятуды мақсат етеді. Олар үшін шекара жоқ. Бастысы, тыңдарманмен тікелей байланыс.
Әлеуметтік желі қолданушылары трионың виртуоздық орындауымен қатар, сахнадағы еркіндігі мен харизмасын ерекше атап өтеді. Негізгі аудиториясы 25–35 жас аралығында болғанмен, тыңдармандардың тұрғылықты жері Қазақстаннан тысқары елдерге де жеткен. Өз өнерлерін көршілес елдерде де көрсетуде. Әсіресе, Ресей елінің Омбы қаласы тыңдармандарының жылы қабылдауы музыканттардың есінде ұзақ сақталыпты.
Бүгінде павлодарлық трио жеке концерттерден бастап, ірі фестивальдерге дейін шақырту алып жүр. Жуырда олар «Bеu Fest» фестивалінде өнер көрсетіп, кәсіби тұрғыда маңызды тәжірибе жинады.
– Бізде продюсер де, демеуші де жоқ. Сондықтан еңбегімізді бағалайтын кез келген сахнада өнер көрсетуге дайынбыз. Алдағы уақытта қазақтың күйлерін заманауи үлгіде өңдеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, домбыра үшін «тыйым салынған» әуендер болмайды. Болашақта әлемді өнерімен бағындырып жүрген Димаш Құдайбергенмен бір сахнада өнер көрсетуді армандаймыз, — дейді топ мүшелері.
Павлодардан шыққан бұл трио өз ұстанымын қысқа да нұсқа түйіндейді: музыканы шын сүю, шынайылық және батылдық. Бәлкім, олардың табысының сыры да осында шығар. Ал домбыра үні үшін, расында да, шекара жоқ.
Айдана БОРАНБАЕВА.
