Көп тіл білу — жай ғана қабілет емес, ол тұтастай бір елдердің мәдениетін терең түсініп, оны зерттеу. Қазіргі таңда әлем тілдерін үйренуге деген құлшынысы бар жастар қатары көбеюде. Бір өзі он тілді меңгерген Әсел Абдурахимова — соның дәлелі. Павлодар облысының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы полиглот қана емес, болашақта маңызы бар жоба әзірлеуде.
— Ең әуелі тіл үйренуге деген қызығушылығың қайдан және қашан пайда болды?
— Мен 2008 жылы Жамбыл облысы, Сарыағаш ауданында тәжік отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда тәжік тілінде сөйлесетінбіз. Өзбекстан мемлекетіне барып, араласып тұратындықтан өзбек тілі де ана тіліммен қатар жетілді. Кейін отбасыммен 2015 жылы Павлодар облысына көшіп келіп, қазақ тілді балабақшаға бардым. Бірақ, жаңа тілді үйрену маған жеңіл болмады. 4-сыныпқа дейін қазақ сыныбында оқып, деңгейімді жетілдірдім. Әрине, мен үшін сабақты қазақ тілінде оқу қиындықтар туғызды. Материалды түсіну, ортамен араласу, сұрақтарға жауап беру қазақ тілін үйренуіме жағдай жасады деуге де болады. 5-сыныпта кейбір тақырыптарды білмейтіндіктен орыс сыныбына ауыстым. Орысша жеткілікті деңгейде білмесем де, қазақ тілі сабақтарында, мектепшілік олипиадаларда жақсы нәтижелер көрсеттім. Бірақ керісінше, орыс тілінде сабақ оқу деген кедергілерге тап болдым. Себебі, әр тілдің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты бастапқыда орыс тілінің қазақ тіліне мүлдем ұқсамайтын ерекшеліктерін түсіне алмадым. Қазіргі таңда тәжік, өзбек, қазақ, орыс, француз, ағылшын, испан, итальян, жапон, қытай тілдерін жетік білемін.
— Еуропа тілдерін үйренуге қызығушылық қайдан пайда болды?
— 6-сыныпта Франция мәдениетімен танысып, француз тіліне қызығушылығым артты. Бұл кезде ағылшын тілін үйренуді де қолға алған болатынмын. Ата-анам осы кезде француз тілінен қарағанда ағылшын тілін жетілдіруімді қалады. Алайда, маған француз тілі анағұрлым жақынырақ болды. Өзімнің қызығушылығым болғандықтан ол тілді өз бетімше меңгере бастадым.
8-сыныпта француз тілінен тілдік деңгейді анықтауға арналған халықаралық Delf-A1 тестін тапсырдым. Ең алғашқы емтиханым болғандықтан қорқыныш, қобалжу болды. Алайда бір айдан кейінгі қорытынды бойынша 100 балдан 93 жинағанымды білгенде қатты қуандым.
Бұл маған ерекше шабыт сыйлаған жетістік болды деуге болады. Себебі, осыдан соң Еуропа тілдерін үйренуге құлшынысым артты. Әрі қарай испан тілін қолға алып, бірден француз және испан, итальян тілдерін қатар үйрендім. Осы ретте қайтадан француз тілінен Delf-A2 тестін тапсырдым. Біршама уақыт өткен соң қайтадан В2 деңгейінде өзімді сынап көрдім. Алайда, деңгей жоғарылаған сайын тапсырмалар да ауырлай түсетіндіктен бастапқыдай жақсы нәтиже болмады. Бірақ, бұл — өте жақсы жетістік.
— Жапон және қытай тілдерін үйренуде қандай қиыншылықтар болды?
— Ең бірінші жапон тіліне қызықтым. Себебі, мен аниме қарағанды жақсы көретінмін. Неге осындай шығарылымдарды өз тілінде көрмеске деген ой келді. Осылайша, үйренуді бастадым. Бірақ, жапон тілінің үш әліппесін меңгеру оңай болған жоқ. Ол үш әліппе барлық жерде қолданылатындықтан ерекше уақыт бөлуді талап етті. А1 деңгейіне жету үшін 7-8 айды қажет етті. Осы кезде мен әкемнің жұмысында қытайлықтармен қалай жұмыс істейтінін байқап қалдым. Олардың сөйлегенін түсінсем деген жаңа мақсат пайда болды. Бұл менің қытай тілін меңгеруіме түрткі болды. 7 айдан соң қытай тілінде В1 деңгейіне арналған HSK1 тестін тапсырдым. Осы аптада қытай тілінен HSK4- ті тапсырамын.
— Әр полиглоттың өзіндік тәсілі бар. Сендегі тіл үйренуге деген әдіс-тәсіл қандай?
— Ең бірінші дұрыс тамақтанып, уақытында ұйықтау керек. Себебі, режим дұрыс болмаса, 15 сағат отырып оқысаң да дұрыс нәтиже бермейді. Маған жаңа дүниелерді ізденген ұнайды. Кішкентай кезімнен деректі фильмдер қарағанды жақсы көретінмін. Жалпы табиғат, география, физика, химия туралы көптеген бейнероликтерді қарап өстім. Сондықтан маған дүниедегі біз білмейтін тілдегі қаншама сырды түсіну үшін сол тілдерді жетік білуім керек екенін ұқтым. Бұл дегеніміз тілді жай үйреніп қою емес, ең бірінші нақты мақсаттың болуы. Себебі, адамда мақсат болса, жолында кездескен қиындықтарға қарсы тұра алады. Жаңа тілді үйренетін кезде әліппеден бастаймын. Сондай-ақ кез келген тілдің оқу ережесі болады. Оны дұрыс түсінбеген жан үшін, жаңа тіл үйрену қиындық туғызады. Тіл үйренгенде А1-А2 лексикасын жақсы меңгеру маңызды. Ол тілдік базаны қалыптастырады. Әрі арнайы жаңа сөздер үшін қолдан карталар жасаймын. Сол арқылы ақпаратты әртүрлі каналдар арқылы қабылдап, жадымда жақсы сақтаймын.
— Өз бетінше тіл үйренушілерге қандай кеңес бересің?
— Өз бетінше тіл үйрену үшін ғаламтордағы кез келген курсты емес, адамның өзіне үйренуге тиімді курстар мен оқулықтарды таңдаған жөн. Себебі, әркімнің ақпаратты қабылдауы әртүрлі, әрі кейбір курстар жаңа тіл үйренушілердің деңгейіне сай емес материалдар ұсынады. Міндетті түрде тіл үйрену үшін оқулықтардың көмегі керек. Себебі, онсыз оқу жүйелі жүрмейді. Мәселен, қытай тілін үйренетін кезде Пекин тіл университетінің сайтында арнайы шет елдік тіл үйренушілерге арналған оқулықтарды қолдандым. Сонда ресми сайттардан білім алу анағұрлым тиімдірек болады. Қазіргі таңда тіл үйренем деген адамдарға арнайы қосымшалар да бар. Бірақ мен олар жақсы нәтиже бере алады деп ойламаймын. Иә, біршама сөздерді жеңіл жаттау мүмкіндіктері бар шығар, алайда тілді үйрену ол сөз жаттау немесе бірнеше грамматикалық тақырыптарды меңгеруден тұрмайды. Көп адамдарда қосымшалар арқылы үйренген сөздері уақыт өте келе ұмытылып кетіп жатады. Тек қана тіл білу үшін емес, жаңа мемлекетті тану үшін тіл үйрену керек. Егер менің мақсатым тек көп тіл білу болса, мен он тілді меңгере алмас едім. Мен олардың тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүрін өз тілдерінде зерттегім келеді.
— Он тілдің ішінде қиындық туғызған тіл қайсысы? Бір тілді үйренуге қанша уақыт кетеді?
— Маған осы тілдердің ішінде қиындық туғызған Азия тілдері. Себебі, қытай тілінен В1 деңгейіне жету үшін 7 ай уақыт кетті. Бұл мен үшін басқаларымен салыстырғанда өте ұзақ уақыт. Сондай-ақ, жапон тіліндегі үш түрлі әліппені меңгеру де оңай болмады. Ал Еуропа тілдері көбінесе бірізді әрі логикасы күрделі болмады. Жалпы тіл үйрену үшін аптасына 70 сағат уақыт жұмсаймын. Осы уақытта бір емес, бірнеше тілді қатар алып жүремін. Қазіргі таңда кәріс пен түрік тілін меңгеру үстіндемін. Көп тіл білетін таланттар өте көп. Менің ойымша, менікі — тек еңбекпен келген дүние. Себебі, адам қаласа, еңбектену арқылы діттеген мақсатына жетеді.
— Әсел, жақында сіздің физика пәнінен ұшақтың жобасын даярлап жатқаныңызды естідік. Сол жобаңыз жайлы, оның мақсаты жайлы айта кетсеңіз…
— Кішкентай кезімнен аспан әлеміне қызықтым. Оны зерттеу, әуеде қалықтау мен үшін бөлек әлем болатын. Енді сол арманымды жүзеге асыру мақсатында, әрі ұшқыштарды даярлау академияларына арналған қолжетімді жоба ойлап таптым. Менің бұл жобам «Miel Vortex» деп аталады. «Miel» француз тілінен аударғанда «бал» дегенді білдіреді. Ал менің есімімнің французша баламасы — бал. Бұл — арнайы ұшқыштарды даярлайтын ұшақ. Аталған ұшақтың басқа чехиялық ұшақтармен салыстырғанда 60 пайызы композиттерден, 40 пайызы металдан жасалады. Ол аппаратты анағұрлым қолжетімді етеді. Сондай ақ, арнайы жойғыш құралдары жетілдірілген. Латын америкасы немесе африка континентіндегі ұшу академиялары үшін бұл ұшақ чехиялық «L-39 Альбатросқа» қарағанда қолжетімдірек болады. Айта кету керек, ұшақ соғысқа емес, арнайы ұшқыштардың тактикалық дайындығы үшін жасалатын болады. Бұл бастамаммен Павлодар облысының ғылыми жоблар байқауында жақсы деп бағаланып, үшінші орынды иелендім. Болашақта іске асыру жолында үлкен жұмыстар күтіп тұр деп ойлаймын.
— Сұхбатыңызға рақмет!
\
Гүлмира Игілікова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
— Әсел — оқушылардың ішіндегі жан-жақты балалардың бірі. Оның мына әлемді тануға деген көзқарасы ерекше. Тек қана әртүрлі тіл үйренуден басқа олимпиадалар мен оқуларға қатысып, белсенділік танытады. Жуырда облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен пән олимпиадасынан бірінші орын алып, республикалық кезеңге дайындалудамыз. Сондай-ақ, «Жарқын болашақ» олимпиадасына қатысып, жас қаламгер бағыты бойынша республикалық кезеңге өттік. Ізденісі көп Әселдің дайындап жатқан жобасы да болашақта өз орнын табады деп сенемін. Арманы ұшқыр оқушымызға тек сәттілік тілейміз, — деді ол.
Әңгімелескен – Сара ӘБДОЛ.
