Отандық білім беру жүйесін алда тағы да бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Реформадан көз ашпаған бұл салаға жаңа тағайындалған министр енді қандай жаңалық енгізуі ықтимал? Жалпы, қазақстандық оқушылар мен мұғалімдер үшін тағы не өзгеруі мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Жасанды интеллектке жүгінеді
Қазіргі таңда білім беру саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше мән берілуде. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі ChatGPT Edu пилоттық жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Сол арқылы мұғалім-дердің күнделікті жұмыс жүктемесін азайтып, оқу процесін тиімді ұйымдастыру көзделуде. Яғни, бұдан былай педагогтар жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы сабақ жоспарын дайындайды, тапсырмалар мен тесттер құрастыра алады, сондай-ақ оқу материалдарын әртүрлі деңгейдегі оқушыларға бейімдеу дағдыларын меңгеретін болады, дейді министрлік өкілдері.
Осылайша, әлемдегі озық технологиялардың бірі саналатын ChatGPT жүйесін білім беру саласына енгізу арқылы оқыту сапасын арттыру және ұстаздардың уақытын тиімді пайдалануларына мүмкіндік берілмек. Бүгінгі күні Оқу-ағарту министрлігіне ChatGPT Edu жүйесінің 100 мың лицензиясы берілген. Олар елдегі білім беру ұйымдарына үлестірілмек. Ал екінші жартыжылдықта тағы 100 мың педагогқа лицензия ұсынылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 2026 жылы 200 мың мұғалім жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде қолдана алатын болады. Сөйтіп, мұғалімдер жасанды интеллекттің көмегімен бірнеше минут ішінде сабақ жоспарын дайындаумен қатар, күрделі тақырыптарды қарапайым тілде түсіндіріп, сабақ форматын бірлескен жобаға немесе зерттеу жұмысына бейімдей алады.
Оқулық мазмұны қаралады
Жаңа Конституция білім мазмұнын жүйелі түрде жаңартуға жан-жақты мүмкіндік береді. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі жалпы білім беру стандарттарын жаңартып, оқулық мазмұнын қайта қарауды жоспарлап отыр.
– Министрлік оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтіп, білім сапасына көңіл бөлетін болады. Ақпараттық технологиялар саласын және цифрлық құзіреттерді дамытуға ерекше мән беріледі. Негізгі басымдық бастауыш деңгейін нығайтуға арналады. Себебі, дәл осы кезеңде баланың алдағы білім беру жолын айқындайтын база, дағдылар және құндылықтар қалыптасады, — деді еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова. Оның айтуынша, бұдан былай жыл сайын 1-сынып оқушыларына негізгі пәндердің жұмыс дәптерлері үлестіріледі, ал 5-9- сынып оқушыларына іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі. Сондай-ақ, 8-9-сыныптарда Қазақстан географиясы пәнін аптасына екі сағат көлемінде қайта енгізу қарастырылуда.
– Оқу бағдарламалары іргелі білімді кезең-кезеңімен нығайтуға арналады. Жоғары сыныптарда барлық негізгі пәнді міндетті түрде оқыту заңнамалық тұрғыда бекітіледі, — деді министр. Сонымен қатар, кәсіптік және техникалық білімнің сапасына да көңіл бөлінбек. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі өнеркәсіп және колледж арасындағы байланысты барынша нығайту үшін металлургия, құрылыс, ІТ компанияларымен келісімшарттар жасасып, дуалды оқыту жүйесін күшейтетін болады.
Медиация жүйесі енеді
Еліміздегі балабақша, мектеп және колледждерде медиация жүйесі іске қосылуда. Бұл бастама балалар, студенттер, педагогтар мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа құрылым буллингтің алдын алуға бағытталады, дейді мамандар.
Балабақшаларда аталған құрылым тәрбиешілер мен ата-аналарға бүлдіршіндер арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге көмектеседі. Сондай-ақ, балалардың бойында кішкентай кезінен бастап тіл табысу, бөлісе білу, ортақ мәмілеге келу және түрлі келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу дағдыларын қалыптастырады. Ал колледждерде студенттер арасындағы араздық, қорлық көрсету жағдайларының алдын алып, жасөспірімдер арасындағы ұрыс-төбелесті азайтуға септігін тигізбек.
Медиация тобының құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-психологтар, әлеуметтік мамандар, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай білім алушылардың өздері де кіреді деп жоспарлануда.
Айта кетерлігі, мұндай тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында енгізілген болатын. Ол дау-дамайлардың алдын алуда және оқушылар арасындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруда өз тиімділігін көрсеткен.
Марапат көбейеді
Бұдан былай қазақстандық мұғалім-дерге деген құрмет күшейе түспек. Әсіресе, педагогтардың еңбегін бағалау мақсатында оларды жиі марапаттап тұру көзделуде. Сонымен қатар, қоғамдағы ұстаздар рөлін арттырып, еңбегін бағалау үшін түрлі іс-шаралар, байқаулар ұйымдастырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігі жасы үлкен педагогтарды даярлау мен қайта даярлау бойынша жаңа жобалар енгізуді жоспарлап отыр. Оларды цифрлық сауаттылыққа және заманауи білім беру стандарттарына бейімдеу мақсатында арнайы оқыту бағдарламалары да күшейтілмек. Бұған қоса жас мұғалімдер үшін тәлімгерлік бағдарламалар әзірленуде. Мұның бәрі —
мұғалімдерге деген қолдаудың белгісі, дейді министрлік өкілдері.
Нұржайна ШОДЫР.
