Өнердегі ортақ жол

Нау 26, 2026

Театр – тылсымға толы әлем. Сахнада актерлердің ойыны, жарық пен әннің үйлесімі көрерменді басқа бір кеңістікке жетелейді. Алайда сол көркем әлемнің қалай жасалатыны, оның артында қаншама адамның маңдай тері жатқанын көпшілік біле бермейді. Әсіресе, сахнаға қажетті әрбір ұсақ детальді дайындайтын бутафорлардың еңбегі жиі елеусіз қалып жатады. Қайрат Қоңқаев – осы «көрінбейтін майданның» тәжірибелі шеберлерінің бірі.

Қайрат Құрманғалиұлы 1963 жылы Абай облысында дүниеге келді. Балалық шағы ауылда өтіп, еңбекке ерте араласты. Кейін техникалық бағытта білім алып, кеме ағаш шебері мамандығын меңгерді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтегеннен кейін туған жеріне оралып, еңбек жолын жалғастырды. Уақыт өте келе Павлодар қаласына отбасымен қоныс аударып, жаңа өмір бастайды. Дәл осы кезең оның тағдырын театрмен тоғыстырады. Белгілі режиссер Ерсайын Тәпеновтің ұсынысымен 1995 жылы театр ұжымына жұмысқа қабылданады. Содан бері 30 жылдан астам уақытын осы өнер ордасына арнап келеді.

Бүгінде ол — тек бутафор ғана емес, ағаш шебері, декоратор ретінде де танылған әмбебап маман. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым – сахналық өмірдің ажырамас бөлшегі.

– Бутафор – сахнаға қажетті жасанды заттарды әзірлейтін маман. Көрермен оны шынайы деп қабылдауы керек. Біз қару-жарақ, ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар, түрлі тұрмыстық затты дайындаймыз. Барлығы қоюшы-суретшінің эскизі бойынша жасалады. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, әр заттың өз талабы бар. Ол жеңіл болуы керек, қауіпсіз болуы керек әрі шынайы көрінуі тиіс, – дейді Қайрат Құрманғалиұлы.

Шебердің айтуынша, жұмыс барысында түрлі материал қолданылады. Алюминий, ағаш, пластик, көбік сияқты шикізат түрлері сахналық бұйым жасауға кеңінен пайдаланылады. Мәселен, сахнадағы «темір» қылыш шын мәнінде жеңіл материалдан жасалуы мүмкін. Ал «жеміс-жидек» қолдан жасалғанымен, көрерменге табиғи көрінуі тиіс.

– Мен көбіне алюминийден қару-жарақ, қамшы, қылыш, зергерлік бұйымдар дайындаймын. Кейде жеміс-жидек секілді реквизиттер де әзірлейміз. Қажетті материалды театр береді. Бірақ кей кездері тапшылық болып жатады. Ондайда қолда барды пайдаланып, түрлі тәсілмен шешімін табуға тура келеді. Мәселен, актерлерден немесе таныстардан қажетсіз заттарды сұраймыз. Бұрын музейде жұмыс істеген тәжірибем де көмегін тигізеді, – дейді ол.

Бутафорлық – тек техникалық жұмыс емес, шығармашылықты талап ететін сала. Әрбір қойылымның стилі, дәуірі, мазмұны ескеріледі. Мәселен, тарихи спектакльге арналған бұйым мен заманауи қойылымдағы реквизиттің айырмашылығы жер мен көктей.

– Кейде бір ғана бұйымды жасауға бірнеше күн кетеді. Себебі, ол тек әдемі емес, сенімді де болуы керек. Актер оны сахнада еркін қолдана алуы керек. Сондықтан әр бөлшекке мұқият қараймыз, – дейді шебер.

Бір қызығы, Қайрат Құрманғалиұлының жары Жанар Болатқызы да осы өнер ордасында, реквизит бөлімінде қызмет атқарады. Олар театрда таныспаған. Алайда тағдыр жолы осы қасиетті сахна төрінде қайта тоғыстырғандай. Бір ортада еңбек еткендіктен, олар бір-бірін сөзсіз түсінеді. Уақыт өте бұл орта олардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, театр екеуіне бірдей ыстық, өз үйіндей қастерлі мекенге айналған.

– Жолдасым театрға 1995 жылы келсе, мен бір жылдан кейін жұмысқа орналастым. Алғашында жарық қоюшы болып еңбек еттім. Кейін денсаулығыма байланысты реквизит бөліміне ауыстым. Әрине, бастапқыда жаңа ортаға, жаңа міндеттерге бейімделу оңай болған жоқ. Дегенмен, уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, жұмысымды жақсы көріп кеттім. Жолдасым да өз ісіне жауапкершілікпен қарап, театрдағы еңбегімен ұжым құрметіне ие болып келеді. Қазір театр біздің екінші үйіміздей болып кетті, – дейді ол.

Ерлі-зайыптының ортақ қызметі олардың өмірін өнермен тығыз байланыстырып, театрды күнделікті тіршілігінің өзегіне айналдырған. Олар үшін әр қойылым – сахнадағы көрініс қана емес, ондаған маманның бірлескен еңбегінің нәтижесі, ортақ қуаныш пен үлкен жауапкершіліктің көрінісі. Мұндай үйлесім бір шаңырақ астында ғана емес, бір ұжымда еңбек етудің де берік түсіністік пен өзара қолдауды қажет ететінін аңғартады.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – автор.