Жаңашыл директор

Нау 26, 2026

«Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадрлық резервке қабылданған жас ұстаздың бірі – Жолдыбек Сахаба. Білікті мұғалім еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған педагогтер арасынан жүзден жүйрік атанып, жуырда ауыл мектебіне директор болып тағайындалды.

Кіл мықтыларды іріктейтін «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы 2023 жылы бастау алған болатын. Сынақтан сүрінбегендер кадрлық резерв құрамына өтіп, қызмет барысында бірқатар жеңілдікке ие болады. Мұндай мүмкіндік кейіпкеріміз Жолдыбек Сахабаға да берілген.

Жолдыбек Сахаба 2025 жылы Қарағанды қаласындағы қыздарға арналған білім-инновация мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарып, «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасында бақ сынауға шешім қабылдайды. Өткен жылы кадрлық резервке еліміздің барлық аймағынан 2 мыңнан астам ұстаз өтінім берген. Жобаға қатысуға құжат тапсырған педагогтер Астана қаласында бірнеше кезеңнен тұратын тест тапсырып, арнайы курсқа қатысады. Тәжірибелі тренерлермен әңгімелесіп, түрлі тақырыпта өз ойларын ортаға салады. Нәтижесінде жобаға қатысқан 400-ге жуық ұстаз білімділер бәйгесінен оза шауып, кадрлық резерв құрамына өткен. Мұндай бақ жерлесімізге де бұйырған.

— 2025 жылдың сәуірінде басталған кадрлық резервке іріктеу жұмыстары сол жылы қазан айында аяқталды. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қолынан арнайы сертификатқа ие болдым. Жобаға құжат тапсырған уақытта Қарағанды қаласында жұмыс істедім. Кадрлық резерв құрамына өтпес бұрын Павлодар облысында еңбек ету жөнінде шешім қабылдап, таңдау жасадым. Өзім Павлодар облысында туып, білім алғандықтан, қызметті туған жерімді жалғастырғым келді. Мақсатым орындалды. Жаңа оқу жылы басталған кезде Павлодар қаласындағы №24 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қабылданып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Өткен жылдың қараша айының соңында Ақсу қаласына қарасты Береке ауылындағы мектепке директор болу жөнінде ұсыныс түсті. Ойланбастан, қызметке кірісе кеттім, — дейді Ж.Сахаба.

Жас директор кадрлық резерв сыйлаған мүмкіндікті ауыз толтырып айтып берді. Біріншіден, кадрлық резерв мүшелері ешбір конкурссыз тағайындалады. Бірінші санатты басшы атанады. Яғни, біліктілік санатын қорғап әуреге түспейді.

— «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы арқылы қатысқан арнайы курстардың берері мол, білімді шыңдауға бағытталған. Бірнеше айдың ішінде көшбасшылықтың қыр-сырын толық меңгере алдық. Заманауи білікті басшының бойындағы құндылықтар, қауіп-қатерлерге дайын болу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды, түсіндірілді. Бұл бағытта білмегенімізді жаңа біліммен толықтырдық. Басшылық қызметте жоба аясында меңгерген оқудан аларым көп екеніне сенімдімін — дейді Ж.Сахаба.

Жас директор жаңа қызметінде тың өзгеріс енгізген. Мектеп оқушылары әр дүйсенбі сайын бір уақытта кітап оқуды қолға алуда. Қызықты кітапты бір-бірімен жарыса оқыған балалар шығарманың мазмұнын да қалыспай айтады.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.