Ертіс ауданы Ағашорын ауылында жаңа мешіт ашылды. Елді мекен халқы жаңа мешіттің ашылуын үлкен қуанышпен қарсы алды. Ауыл шетіне он шақты киіз үй тігіп, халыққа ас берумен қатар, ат бәйгелері (тай, құнан бәйгесі, тоқ бәйге), палуандар күресін ұйымдастырып, қатысушыларға қомақты жүлделер тігілді.
Мешіттің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы және Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріпов бастаған облыс, аудан басшылары, өңір халқы молынан жиналды. Қасиетті орынды ашу әдеттегідей Алланың кәләмы — Құран оқумен басталып ресми адамдар, ауыл ақсақалдары, қадірдлі ата-әжелер құттықтады. Облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы жиналған жамағатқа имандылық, жастар тәрбиесі, мешіттің халықтың береке-бірлігін арттыруда атқарар рөлі жайлы кең көлемде уағыз айтты. Әсем де көрікті мешіттің бой көтеруіне мол үлес қосып, негізгі жұмыстарын атқарған Бәкішев Балғабай Қайырханұлы, Сейдахметов Ерболат Аманжолұлы, Байғазинов Ерқанат Қайрақбайұлы қатарлы ауыл ағалары мен кәсіпкер азаматтарға алғыс айтылып, иықтарына шапан жабылды. Келесі кезекте мешіттің лентасы қиылып, жаңа мешітке қадам басып кірген жамағат 2 рәкағат сәлем намазын оқыды. Ағашорын ауылдық жаңа мешіт 150 кісілік, имам бөлмесі, ер және әйел жамағатқа арналған заманауи дәрет алатын бөлмелермен жабдықталған. Жергілікті тұрғындар сәулетті мешітті жас ұрпақты имандылыққа баулу жолында пайдаланатыны көңіл қуантады.
Амантай Тойшыбайұлы.