Биыл облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша қала көшелерінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұңқырларды ыстық асфальтпен бітеу жұмыстары әдетте-гіден ерте басталды. Өткен жылы жол жөндеу жұмыстары 25 наурыздан басталса, биыл асфальт-
бетон зауыттары 18 наурыздан бастап іске қосылды.
— Қыстан кейін жолдардың жекелеген учаскелері зақымданып, автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызуда. Сондықтан мезгілдің толық жылынуын күтпей, жөндеу жұмыстары ертерек бастадық. Жолдарды ыстық асфальтпен бітеу жұмыстары технологиялық талаптарға сай жүргізілуде. Ең алдымен жол жабыны қар мен мұздан тазартылып, кептіріледі. Содан кейін ғана асфальтбетон қоспасы төселеді. Жол жөндеу үшін ыстық асфальт қолданылады, ол берік әрі мұндай ауа райында тиімді, -деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Алдымен жұмыстар академик Сәтбаев, Естай, Катаев, Баян батыр, Қайырбаев, Жібек жолы көшелерінде, сондай-ақ қалаға кіреберіс жолдарда және трамвай өткелдерінде жүргізілді. Бүгінде академик Сәтбаев, Естай көшелерінде, акадамик Сәтбаевтан Мәшһүр Жүсіп көшесіне дейінгі учаскеде, сондай-ақ Жібек жолы көшесінде жұмыстар аяқталған. Қазіргі таңда Геринг көшесінде Минин қиылысынан Жібек жолы көшесіне дейінгі аралықта, Мәшһүр Жүсіп – Теплов көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Жібек жолы көшесінен ПМХЗ бағытына қарай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстарды, яғни жолдағы ең қауіпті ақауларды – терең шұңқырлар мен ірі ойықтарды мердігер ұйымдар өз қаражаттары есебінен жоюда.
Сонымен қатар, қалалық әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылы Павлодар қаласында жолдарды орташа жөндеу аясында 23 магистральді көшеде жөңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда қала әкімдігі жөндеуге жататын көшелердің нақты тізімін қалыптастырумен қатар, жеке сектордағы көшелерді асфальттау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Тізім бекітілгеннен кейін қосымша ақпарат жарияланбақ. Көшелерді іріктеу барысында «Павлодар қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мамандарының жыл сайынғы тексеру нәтижелері негізгі назарға алынады. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен шағымдары да ескеріліп, жолдардың нақты жағдайына сәйкес шешім қабылданады.
Биылғы жөндеу жұмыстары барысында өткен жылдардағы тәжірибе негізінде сапасы жоғары қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон (ЩМА) қолдану жалғасады. Бұл материалдың ерекшелігі – оның жоғары беріктігі мен ұзақ қызмет ету мерзімінде. Құрамындағы сапалы қиыршықтас, минералды ұнтақ, битумдық байланыстырғыштар мен тұрақтандырғыш қоспалар жол жабынының деформацияға төзімділігін арттырып, кеуектілігін төмендетеді.
— Жол жөндеу жұмыстарының сапасына бақылау барлық кезеңде жүргізіледі. Осы мақсатта жыл сайын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облыстық филиалымен келісімшарт жасалып, жұмыстар орталық мамандарының бақылауымен атқарылады. Мердігер ұйымдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес 1 жылдан 5 жылға дейін кепілдік міндеттемелерін алады. Егер қандай да бір ақаулар анықталған жағдайда, оларды қалпына келтіру мердігердің өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Барлық жобалар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес, ашық әрі бәсекелестік негізде жүзеге асырылады, — деді қалалық әкімдігі баспасөз қызметінен.
Бүгінде Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков атқарылып жатқан жұмыстарды жеке бақылауына алған. Жолдардағы шұңқырларды жамаумен қатар, қала басшысы санитарлық тазалау жұмыстарын да тексеріп шықты. Тексеру барысында қалалық қызметтерге жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаны арттыруды тапсырды.
— «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында күннің жылынуына байланысты коммуналдық қызметтер жолдарды шаңнан тазалау жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, қоқыс жинау және қалалық инфрақұрылым элементтерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар ауадағы шаң деңгейін төмендетуге және қыс мезгілінен кейін көшелердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған, — деді Хасар Хабылбеков.
Қазіргі уақытта жолдардағы шұңқырларды жамау жұмыста-
рына үш бригада жұмылдырылған. Айта кетейік, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыстар сәуір айының соңына дейін толық аяқталуы тиіс.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
