Павлодар қаласында 2026 жылдың бірінші тоқсанында коммуналдық қызмет тарифтері өскен жоқ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Камилла Байғожанова мәлімдеді.
Үкімет енгізген мораторий аясында жылу, электр, су қызметтерінің бағасы бұрынғы деңгейде сақталған. Сонымен қатар, тарифтерді көтеру туралы өтінімдер түспеген.
— Павлодар қаласында электр энергиясының тарифі 32,58 теңге/квт/сағ деңгейінде қалды. Жылу тарифі 4048,11теңге/Гкал болып өзгеріссіз сақталған. Екібастұз қаласында электр және су тарифтері өзгерген жоқ. Тек жылу қызметіне қатысты тариф сәуір айынан бастап шамамен 4%-ға дейін өсуі мүмкін. Ақсу қаласында тарифтер тұрақты, су қызметтері бойынша аздаған төмендеу байқалады, — деді Камилла Байғожанова.
Камилла Байғожанованың айтуынша, өңірде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2026 жылы жалпы құны 24 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асыру көзделген. Қаражат электр, жылу және су желілерін жаңартуға бағытталады.
Сонымен қатар, «Павлодар-Водоканал» ЖШС мен департамент арасында тарифке қатысты сот дауы жалғасуда. Кәсіпорын бекітілген тарифтермен келіспей, өз бетінше жаңа баға енгізген. Қазір бұл мәселе сотта қаралуда. Жалпы жыл басынан бері департамент тарапынан бірқатар тексерулер жүргізу кезінде ірі монополиялар тарапынан заңбұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзғаны үшін төрт әкімшілік іс қозғалған. Кейбір кәсіпорындар мемлекеттік талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі таңда сотта екі іс қаралуда.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
