Павлодар қаласында жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар қатаңдатылмақ. Жоспарланған өзгерістерге сәйкес, самокаттардың жылдамдығы шектеліп, оны басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу мәселесі қаралуда.
Облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, мұндай талаптар қала көшелерін қауіпсіз етуге және жаяу жүргіншілерді қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, самокатты дұрыс пайдалану және жол ережелерін сақтау бойынша жүргізушілерге қосымша жауапкершілік енгізілуі мүмкін.
– Жаңа талаптар барысында самокаттардың жылдамдығын шектеу көзделіп отыр. Яғни, олар сағатына алты шақырымнан артық жүрмеуі тиіс. Сонымен қатар, оны басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігін енгізу мәселесі қаралуда. Түнгі уақытта міндетті түрде жарық шағылыстыратын жилет пен мотошлем кию қажет болады. Жалпы, қауіпсіздік талаптары күндіз де, түнде де міндетті сипатқа ие болмақ. Бұдан бөлек, самокатпен жолаушы тасымалдауға тыйым салынады. Онда тек бір адам болуы тиіс, – деп атап өтті Азамат Маратжанұлы.
Одан бөлек, қозғалыс орындарына да ерекше назар аударылатыны айтылды. Бұған дейін қаланың Орталық жағалауындағы жаяу жүргіншілерге арналған аймақтарда, әсіресе балалар жиі шоғырланатын алаңдарда самокатпен жүруге тыйым салынған болатын. Алайда аталмыш тыйымдарға қарамастан ережені бұзатын адамдар жиі кездесіп отыр.
– Қазір біз мәселені Орталық жағалауда самокат сынды көліктерді жалға беретін кәсіпкерлермен алдын ала пысықтауды жоспарлап отырмыз. Әңгіме тек самокатты жалға берумен шектелмейді, сонымен қатар велосипедтер мен олардың техникалық жағдайына да қатысты болады. Бұған дейін жол белгілерін бұзған үшін жеке тұлғалар да, жалға беру қызметін ұсынушылар да жауапқа тартылған. Жағалау – серуендеуге арналған орын. Мұнда балалар жүгіруі мүмкін. Сондықтан жол апатының қаупі бар. Самокатпен арнайы белгіленген аймақтарда, мысалы, жағалауға жақын веложолақтарда қозғалуға болады. Онда қозғалысқа тыйым салатын белгілер жоқ, – деп түсіндірді А.Күркебаев.
Айта кетейік, электросамокатты жалға беретін компаниялар жылдамдықты техникалық түрде шектеуге және пайдаланушыларды бақылауға міндетті. Олай болмаған жағдайда, оларға айыппұл салу немесе самокаттарды тәркілеу сияқты шара қолданылуы мүмкін. Мысалы, егер самокат рұқсат етілмеген жерге қойылып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтірсе, олар әкімшілік тәртіппен тәркіленеді.
Сонымен қатар, пайдаланушылардың мінез-құлқы да қатаң бақылауда болады. Мас күйінде самокат басқару – ауыр құқық бұзушылық болып есептеледі. Енді электросамокат жүргізушілері жай серуендеуші емес, жол қозғалысының толыққанды қатысушысы ретінде қарастырылып, оларға қатаң талаптар мен жауапкершілік жүктеледі.
Айдана БОРАНБАЕВА.
