Шабыт пен шеберлік тоғысы

Сәу 16, 2026

Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде қазіргі уақытта екі көрме қатар жұмыс істейді. Онда ұсынылған туындылар әртүрлі тақырыпты қамтып, суретшілердің өзіндік қолтаңбасын, дүниетанымын және шығармашылық ізденістерін айқын көрсетеді. Бірі ұлттық болмыс пен дәстүрді жаңаша қырынан танытса, екіншісі  заманауи өнердің бағыт-бағдарын, жаңа көркемдік шешімдерін ұсынады.

Мәселен, музейдің кіші залына белгілі суретші Айша Ғалымбаеваның 19 картинасы қойылған. Қылқалам шеберінің шығармашылығы ұлттық бояуға, терең сезім мен нәзік лиризмге толы. Оның шығармашылығында қазақ халқының өнері мен мәдениеті, тұрмысы суреттеледі. Сонымен қатар, қазақ әйелдерінің тағдыры ерекше қырынан бейнеленген. Оның бір-біріне ұқсамайтын портреттерінде қазақ әйелінің табиғаты, оның өз заманындағы сәнді өмірі, бақытты тағдыры салтанатты бейнеленеді. Оған «Белгілі халық шебері Р.Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Халық таланттары», «Біз заманамызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кестелі кимешек», «Батыр ана» және тағы басқа шығармалары дәлел бола алады. Солардың бірі – «Бір кесе қымыз» картинасы. Ол көрерменді бірден өзіне баурап алады.

Ондағы кең дала төсін алтын шапаққа бөлеген кешкі мезет, жылы түстердің үйлесімі мен табиғат тыныштығы – барлығы да ерекше бір сезімге жетелейді. Картинада қатар отырған қос бейне қазақ әйелінің жинақталған белгісінде әсер қалдырады. Олардың кескін-келбеті анық берілмегенімен, ішкі болмысынан терең сабыр мен даналық сезіледі. Бұл – ана мен қыздың, өткен мен бүгіннің, тәжірибе мен үміттің арасындағы үнсіз байланыс. Суретші қызғылт-сары, алтын, көкшіл-күлгін реңктерді шебер үйлестіре отырып, көңіл күй мен ішкі толғанысты ерекше дәлдікпен жеткізген.

Келесі кезектегі «Көктем» картинасы – табиғаттың жаңару сәтін бейнелейтін поэтикалық туынды. Ақ гүлге оранған ағаштар, ауадағы жеңілдік пен тазалық сезімі, кеңістіктің тынысы – барлығы да тіршіліктің қайта түлегенін аңғартады. Композиция ортасындағы екі нәзік бейне табиғатпен үндесе отырып, ішкі сезім мен сырға толы сәтті бейнелейді. Түстердің үйлесімі – ақтың тазалығы, қызғылттың жылылығы, көк пен жасылдың тереңдігі картинаның көркемдік қуатын арттыра түседі. Бұл туындыда суретші нақты пішіннен гөрі әсер мен көңіл күйді алдыңғы орынға шығарып, көрерменге ой мен сезім еркіндігін сыйлайды.

Ал музейдің үлкен залында биыл мерейтойлары аталып өтілетін бірнеше қылқалам шеберінің картиналарын тамашалауға болады. Аталмыш суретшілер қатарында Петр Попов, Сахи Романов, Бек Төлеков, Арий Школьный, Ольга Кужеленко, Николай Гаев, Иткинд Исаактың есімдері бар. Бұл экспозиция әртүрлі бағыттағы шығармашылық ізденістерді бір арнаға тоғыстырып, бейнелеу өнерінің кең тынысын айқын көрсетеді.

Солардың ішінде Арий Школьныйдың шығармашылығы ерекше назар аудартады. Суретшінің кескіндемесі жігерлілігімен, бояу реңктерінің қанықтығымен және айқын қолтаңбасымен ерекшеленеді. Оның туындылары Қазақстанның бейнелеу өнері қорына елеулі үлес қосып, еліміздің ірі музейлерінде сақтаулы.

Шебердің 1983–1984 жылдары салған «Дала гүлдері» картинасы – қарапайым көрініс арқылы терең әлеуметтік әрі психологиялық астарды жеткізетін әсерлі туынды. Картинада алдыңғы қатарда бейнеленген бес кейіпкер бір сәттік оқиғаның үстінде тұрғандай әсер қалдырады. Орталықтағы қыз – композицияның негізгі өзегі. Оның басындағы ақ орамал мен қолындағы қызыл гүл символдық мәнге ие болып, ішкі толғаныс пен шешім сәтін айқындай түседі. Қыздың айналасындағы кейіпкерлер де әртүрлі көңіл күйді білдіреді. Велосипед ұстаған ер адам қозғалыс пен өмір жалғастығын меңзесе, өзге кейіпкерлердің байыпты көзқарасы қоғамдық пікірдің бар екенін аңғартады. Жалпы, картина адамдар арасындағы қарым-қатынас, таңдау мен ішкі толғаныс тақырыптарын тереңірек қозғайды.

Қылқалам иесі Сахи Романовтың шығармашылығы да көрмеде айрықша орын алады. Оның қазақ халық ертегілеріне арналған «Қырық өтірік», «Алдар Көсе» секілді иллюс-трациялары ұлттық сатира мен тапқырлықты көркем тілмен жеткізеді. Сонымен қатар, Құрманғазының өмірі мен шығармашылығына арналған туындылары мен М.Әуезов шығармаларына жасаған иллюс-трациялары суретшінің жан-жақты шеберлігін айқындайды.

Суретшінің көрмеде ұсынылған портреттерінің арасынан испан суретшісі Эириконың бейнесін ерекше атап өтуге болады. Бұл жұмыста бояудың қалың жағылуы, батыл штрихтар мен жарық пен көлеңкенің үйлесімі кейіпкердің ішкі әлемін терең ашады. Жылы және суық түстердің қарама-қарсылығы арқылы адам өмірінің күрделілігі мен мінез қайшылығы шебер берілген.

Одан бөлек, көрмеде әртүрлі техникамен ерекшеленетін Николай Гаевтың «Идея», Ольга Кужеленконың «Гүл шоғы» натюрморты, Сахи Романовтың «Торайғыр совхозы» және Исаак Иткиндтің ағаштан қашалып дайындалған «Ұйықтап жатқан қарт» атты автопортретін де атап өтуге болады.

Жалпы, екі көрме де әр дәуірдің көркем шежіресі іспетті. Мұнда ұсынылған әрбір туынды суретшінің жеке әлемін ғана емес, тұтас қоғамның рухани келбетін танытады. Көрермен бұл шығармалар арқылы тек әсемдікті тамашалап қоймай, терең ойға батып, өмір мен адам болмысына жаңаша көзқараспен қарайды. Егер сіз осы әсем картиналарды өз көзіңізбен тамашалап, өнер әлеміне терең бойлағыңыз келсе, музейге келіңіз

Айдана БОРАНБАЕВА.