Дала жұмыстарына дайын

Сәу 16, 2026

Павлодар облысында 2026 жылғы көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемі 1 703,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға көп.

Егіс көлемі

Өсім негізінен дәнді, майлы және мал азықтық дақылдар егісінің ұлғаюымен байланысты. Биыл жоспарланған егіс көлемі: дәнді дақылдар – 849,1 мың гектар; майлы дақылдар – 549,7 мың гектар; малазықтық дақылдар – 264,4 мың гектар; картоп – 30,7 мың гектар; көкөніс және бақша дақылдары – 9,3 мың гектар.

Аталған көрсеткіштер бойынша дәнді дақылдар, көкөніс-бақша және картоп көлемі өңірдің ішкі нарығын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Оған қоса, егістік алқаптарды әртараптандыру және жоғары өнімді дақылдарға көшу мақсатында биыл бидай егісі 9,5 мың гектарға азаяды. Былтыр 614,9 мың гектар болса, биыл 605,3 мың гектар аумаққа егілмек.

Сонымен қатар майлы дақылдар көлемі 31 мың гектарға ұлғайып, 549,7 мың гектарға жетеді (2025 жылы – 518,8 мың га).

Майлы дақылдар бойынша осы жылы егіс көлемі артпақ. Күнбағыс 497,4 мың га, зығыр 38,5 мың га, рапс 4,7 мың га, қыша 5,1 мың га, соя 4 мың га.

Егіс көлемі ұлғайтылатын өнімдер қатарында қарақұмық та бар. Осы жылы 7,0 мың гектар аумаққа ұлғайтылып, жалпы көлемі 60,9 мың гектар жерге егіледі. (2025 жылы – 53,9 мың га).

2026 жылғы өнім үшін өңірде 171,1 мың тонна тұқым дайындалған. Бұл — жоспардың 100 пайызы. Соның ішінде: дәнді дақылдар – 107,5 мың тонна, майлы дақылдар – 1,8 мың тонна, мал азықтық дақылдар – 0,9 мың тонна, картоп – 60,9 мың тоннаны құрамақ. Бұл өнімдердің 36,1 мың тоннасы толық зертханалық талдаудан өтті.

Биыл облыс бойынша минералды тыңайтқыш жеткізу көлемі 159 000 тонна болып жоспарланған. Қазіргі таңда 23 354 тонна тыңайтқыш сатып алынған, бұл — жоспардың 14,7 пайызы.

Жанармаймен қамтамасыз ету

Көктемгі дала жұмыстарына 2026 жылы облысқа 27,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Наурыз айына – 6,8 мың тонна, сәуірде – 12,3 мың тонна дизель отыны жұмсалатын болса, мамыр айында 8,2 мың тонна игерілмек. Оператор ретінде екі компания — «ТК Парнас», «LF TRADE» ЖШС анықталған. Арзандатылған дизельдің 1 тоннасы оператор-лық қызметті қоса есептегенде 327 970 теңге немесе 1 литрі – 275 теңге. Нарықтағы баға — 322 теңге. Яғни арзандатылған отын 15 пайызға арзан. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 22 547 тоннаға өтінім түскен. 6 993 тонна үшін төлем жасалып, 4 609 тонна дизель отыны жеткізілді. Облыста ауыл шаруашылығы техникасы да сақадай сай. Көктемгі дала жұмыстарына 3 403 трактор, 1 835 соқа, 1 076 культиватор, барлық типтегі 4 671 тырма, 3 812 сепкіш және 266 тұқым себу кешендері дайын. Мамандардың сөзінше, бұл техника көлемі көктемгі егіс жұмыстарын толық атқаруға жеткілікті.

9,4 млрд теңге субсидия бөлінді

2026 жылы өсімдік шаруашылығын қолдауға 9,4 млрд теңге субсидия қарастырылған. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыш құнын субсидиялау – 1 120,0 млн теңге, пестицид құнын субсидиялау – 3 200,0 млн теңге, су жет-кізу қызметін субсидиялау – 317,7 млн теңге, тұқым шаруашылығын қолдау – 4 225,8 млн теңге, басым дақылдарды субсидиялау – 500,0 млн теңге.

14 сәуірдегі жағдай бойынша өсімдік шаруашылығын дамытуға 3 622,2 млн теңге игерілді. Оның ішінде: тыңайтқыш субсидиясы – 919,9 млн теңге, зиянкестерге қарсы дәрілер (пестицид) субсидиясы – 2 692,1 млн теңге, су субсидиясы – 10,2 млн теңгені құрайды.

Несие беру жұмыстары

2026 жылы «Бәйтерек» холдингінің құрылымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы көктемгі егіске 322 несие беріліп, жалпы сомасы 27 759,8 млн теңгені құрады. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясы арқылы 191 несие, 16 603,7 млн теңге, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника сатып алуға 127 қарыз алушы, 10 506,1 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, нәтиже-сінде 278 техника сатып алынған. «Фридом Банк Қазақстан» арқылы 4 қарыз, жалпы сомасы 650 млн теңге. Бұл қаражат «Асхат», «Құндыз», «Иртыш Агро», «Щербак» шаруашылықтарына берілді. Биыл «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында Павлодар облысындағы 7 шаруашылықпен 7 келісімшарт жасалды. Жалпы көлемі 6 311,3 тонна өнімге (бидай және күнбағыс) 488,7 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Айта кету керек, облыс аудандарының топырақ ерекшеліктеріне қарай 2026 жылға арналған оңтайлы егіс мерзімдері бекітілді. Майлы және дәнді дақылдарды егу мерзімі 5 мамыр мен 3 маусым аралығында жүргізіледі.

Әзірлеген — Сара ӘБДОЛ.