Зейнетке еңбек өтіліне сәйкес шыққан дұрыс па?

Сәу 16, 2026

Алдағы уақытта елімізде зейнеткерлікке шығу талабы өзгеруі мүмкін. Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов қолданыстағы зейнетақы жүйесін қайта қарап, жасқа байланысты емес, еңбек өтіліне негізделген зейнетақы жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді ұсынды. Аталған депутаттық сауал Үкіметке жолданды. Сенатордың айтуынша, бұл өзгеріс енгізілсе, бірқатар нәтижелерге қол жететін болады. Атап айтқанда, жұмыссыздық деңгейі төмендейді, масылдық азаяды, азаматтардың еңбек етуге деген жауапкершілігі артады, мерзімінен бұрын негізсіз зейнетке шығуға жол берілмейді және зейнетақы жүйесінде қаржылық теңгерім нығая түседі.

Қазіргі таңда бұл ұсыныс қоғамда қызу талқылануда. Ел азаматтарының бірі қолдаса, енді бірі кері пікір айтуда. Көпшілікке қатысты маңызды мәселені «Алаң» айдарында да ортаға салып көрген едік.

Мұрат ҚАЙЫРГЕЛДИН, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстың Құрметті азаматы:

– Өз басым ел азаматтарын зейнетке шығару үшін жасына емес, еңбек өтіліне қарау керек деген пікірді қолдаймын. Шыны керек, қазір экологиялық жағдайдан ба, азық-түлік өнімдерінің сапасынан ба, көп адамның денсаулығында мәселе бар. Олар шарасыздан «зейнет жасына жеткенше шыдап кетейін» деген оймен жұмыста шаршаса да жыл санап жүре береді. Өкінішке қарай, зейнетке жетпей өмірден өтіп кеткен азаматтар да баршылық.

Жалпы, жас бойынша зейнетке шығару әсіресе, өндіріс орындарында зиянды жұмыс істейтіндер үшін өте қиын еді, алайда бірнеше жыл бұрын оларды 55 жасында еңбек демалысына жіберуге мүмкіндік берілді. Мен жұмыс істеген кезде мұндай жеңілдік болған жоқ. Ауыр жұмыста 37 жыл бойы еңбек етіп, 63 жасымда зейнетке шықтым. Әрине, осы жасқа дейін жүру оңай емес. Сондықтан жұмысшылардың еңбек өтілін есепке алу арқылы зейнетке шығарған жөн деп санаймын.

Тағы бір айтпағым, өндіріс орындарында ауыр жұмыс істеген адамдар мен жеңіл жұмыс жасағандардың зейнетақысы бірдей екен. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Болашақта осы мәселе де ескерілсе екен деймін.

Серік СӘДУАҚАСОВ, облыстық мәслихат депутаты:

– Еліміздің ең үлкен байлығы – адам және оның өмірі. Бұл жөнінде Ата заңымызда да анық жазылған. Сондықтан зейнетақы реформасына қатысты қазір қоғамда талқыланып жатқан ұсынысты қолдаймын. Яғни, жұмыс істейтін азаматтар егде жасқа келгенше еңбектеніп, 63 жасын күтіп жүрмеуі керек. Еңбек өтілі жеткілікті болса, өз қалауымен зейнетке шығуларына мүмкіндік берген жөн. Әсіресе, ірі өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жандар күні-түні еңбектенеді. Осындай азаматтар үшін үлкен қолдау болар еді. Бұл ретте, жаңа талап бойынша азамат қажетті еңбек өтіліне жеткеннен кейін зейнетке шығу уақытын өзі айқындай алады және бұл шешім үшін экономикалық жауапкершілікті жүктейтіні де айтылған. Демек, азаматтардың таңдау еркіндігі де ескерілген. Мәселен, зейнетке шыққысы келмейтін, яғни еңбек өтілі жеткілікті болса да жұмысын жалғастыра беруді қалайтындардың құқығы да ескерілген екен. Бір сөзбен айтқанда, барлық адамның жағдайы, құқығы, еңбек ету қабілеті есепке алынады. Осы тұрғыдан алғанда да аталған ұсыныс көпшілік үшін тиімді деген ойдамын.

 

Саягүл КҮРКІМБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Менің ойымша, қазіргі қолданыстағы зейнетақы жүйесі дұрыс, яғни өзгертудің қажеті жоқ. Сол бойынша ерлер мен әйелдер жасы келгенде зейнеткер атанады, ал көпбалалы аналардың ерте шығуына мүмкіндік бар. Неге десеңіз, біріншіден, кез келген саланың өкілі 25-30 жыл еңбек етіп, тәжірибесін жастарға бөлісетін сәтте зейнетке шығып кеткені жөн емес. Екіншіден, қазір көп жас оқуын бітірмей жатып жұмысқа орналасып алады. Болашақта олар еңбек өтілі бойынша зейнетке ерте шықса, 45-50 жастағы зейнеткерлер қатары көбейіп кетеді. Бұл жағдай жұмыс күші тапшы өңірлер үшін үлкен мәселе тудыратыны белгілі. Ойлап қарасақ, жұмысшылар орта жасқа жақындағанда еңбек демалысына шығып кетсе, оның орнына кім еңбек етеді? Қазіргі жастар шеттерінен кәсіпкерлікпен немесе жеңіл-желпі іспен айналысқысы келеді. Сонда өндіріс орындары, аурухана, мектеп, басқа да мекемелердің жағдайы не болады? Бұл талап ғылым саласының өкілдері үшін де жарамайтын сияқты. Үшіншіден, 63 жасында «жақсы қызметте» жүріп зейнетке шыққан кейбір аға-апайларымыздың күзетте, вахтада, басқа да қарапайым жұмыс істегенін көріп жүрміз. Ал бұдан да бұрын зейнеткер атансақ, күніміз не болады? Ойланарлық жағдай…

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.