Ақтоғайда — қос қуаныш

Сәу 16, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Ақтоғайлықтар үшін қос қуаныш орын алды. Ауданның 22 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Ал өнерлі өрендер үшін шығармашылыққа баулитын заманауи орталық қолданысқа берілді. Ауданға арнайы барған облыс әкімі Асайын Байханов ақтоғайлықтардың қуанышты сәттерінің куәсі болды.

Жаңа қонысқа жайғасты

Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін аймақ басшысы Асайын Байханов салтанатты түрде табыстады.

– Соңғы үш жылда Ақтоғай ауданының 80-нен астам тұрғынына пәтер кілті табысталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты әлеуметтік пәтермен қамтамасыз етуді мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде баса айтты.  Бүгін, міне, 22 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Осы орайда кезектеріңізді сабырлықпен күткендеріңізге, шыдамдылық танытқандарыңызға алғыс айтамын, — деді Асайын Қуандықұлы.

Облыс әкімі аталмыш үйдің жанында көп ұзамай тағы осындай көп пәтерлі үй бой көтеретінін атап өтті. Сонымен қатар, аулаға асфальт төселіп, балалардың ойын алаңы  салынады. Аймақ басшысы кілттерді табыстамас бұрын пәтерлерді аралап шыққанын, мердігерге бірнеше ескерту жасалғанын, кемшіліктер жойылатынын мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда пәтерлер «Отбасы банктің» жүйесі арқылы бөлінеді. Ақтоғайда қолданысқа берілген 24 пәтерлі тұрғын үйдегі тағы екі пәтердің өтініші қарастырылуда.

Баспаналы болған тұрғындардың бірі Ботагөз Ловчикова бес жыл кезекте тұрған. Ол шалғай ауылдан аудан орталығына қоныс аударып, осында жаңа өмір бастайтынына қуанышты. Толық емес отбасы ретінде баспана кезегіне тұрған. Мемлекеттің баспанаға мұқтаж жандарға қамқорлық танытып жатқанына барша пәтер иелері атынан ризашылығын білдірді.

Ал Ақтоғай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасұлан Қамзин жерлестерінің жайлы қонысқа жайғасқанына бір кісідей қуанатынын атап өтті.

– Бүгінге дейін от жағып, су тасып, ауыл тірлігін атқарып келген баспанаға мұқтаж бірқатар азаматтар заман талабына сай жабдықталған үйлі болып отыр. Суы бар, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Елімізде тұрғындарды баспанамен қамту күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселені оңтайлы шешу жолында түрлі бағдарламалар іске асырылып отыр. Ауылдастарымыздың баспаналы болып жатқаны да – мемлекет тарапынан жасалған шаралардың жемісі, – деді Жасұлан Хамзаұлы.

Ақтоғай аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Секеновтің айтуынша, тұрғын үй құрылысы 2024 жылы қарашада басталған. Аудан бойынша пәтер кезегінде бүгінде 270 адам тұр. Олардың ішінде 62 тұрғын әлеуметтік осал топтар санатына жатады. Пәтерлер жалға берілді. Заң бойынша бес жылдан соң жекешелендіру мүмкіндігі бар. Жаңа үйде бір бөлмелі 12, екі бөлмелі 8 және үш бөлмелі 4 пәтер орналасқан.

Өнер мектебіне өсу тіледі

Тағы бір қуанышқа келсек, Ақтоғайда балалардың шығармашылығын шыңдайтын орталық ашылды. Бір кездері қараусыз болған, кейін дәріхана орналасқан ғимарат бюджет есебінен күрделі жөндеуден өткізіліп, ақтоғайлықтардың игілігіне берілді.

Аймақ басшысы Асайын Байханов жаңартылған нысанның, яғни, өнер мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Балалардың жан-жақты дамуына билік тарапынан барлық жағдай жасалатынын атап өтті.

– Балалардың қосымша білім, жалпы білім алуына жағдай жасау – біздің мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы да осыны бізден талап етеді. Бұл өнер мектебі Ақтоғайдың жасөспірімдерінің дамып, үлкен сахналарда өнер көрсетуге жетелейді деп сенеміз. Осы жерден атақты жерлестеріміздің қатарын ақтоғайлықтар да толтырады деп үміттенеміз, – деді Асайын Қуандықұлы.

Гүлдариға Советханқызы екі қызын өнер мектебіне әкеледі. Олар бисерден бұйым жасайтын үйірмеге, хорға қатысады. Ол жаңа шығармашылық орталықтың ашылғанына риза.

– Өнерге қанат қаққан балаларымызға кең, жарық білім-өнер ордасын ашып, шығармашылықтарын одан әрі шыңдауға мүмкіндік берілгеніне ризамыз. Осы іске атсалысқан әрбір азаматқа барлық ата-аналар атынан алғыс айтамын. Мұндағы ұстаздардың өнерлі шәкірттері көп болып, Ақтоғайдың атын әлемге танытуын тілейміз, – деді Гүлдариға.

Балалар өнер мектебінің директоры Гүлжайнат Нұрмағамбетованың айтуынша, аудан орталығында өнер мектебінің енді екі ғимараты бар.

– Ескі ғимаратымыз сонау 1938 жылы салынған. Бой көтергеніне ғасырға жуықтады. Онда шатыры ағаш, төбесі аласа, қараңғы, сыныптар да тар. Балаларға өте тар болды. Бұған дейін ауданымызға келген облыс әкімі сол ғимаратымызды көріп, басқа ғимарат қажеттігін айтқан еді. Міне, сол күнге жеттік. Өнер мектебіміз жөнделіп, жаңа ғимарат берілді. Мұнда әртүрлі бағытта балаларды өнерге баулитын он кең сынып ашылды, – деді Г.Нұрмағамбетова.

Жаңа ғимаратта логодамыту, ағылшын тілі, бисер тоқу, домбыра, қобыз, хореография, театр студиялары жұмыс істейді. Бүгінде 270 бала түрлі бағытта даму мүмкіндігіне ие. Одан бөлек, мектептерде орталықтың филиалдары жұмыс істейді. Нәтижесінде, ауданда жалпы 930 бала қосымша біліммен қамтылған. Жаңадан ашылған үйірмелердің бірі – «Маржансөз» логодамыту студиясы. Мұнда белгілі бір әріптерді айта алмайтын балалармен жұмыс жүргізіледі. Логодамыту студиясының мұғалімі Гүлайым Сәкенованың айтуынша, мұндағы мамандар қазіргі таңда балалардың айта алмайтын дыбыстарын шығаруға көмектеседі. Сөйлеу тілін дамытуға да ден қойылған. Бұл мәселе бүгінде өзекті екенін ескерген мектеп аталмыш студияны ашқан. Мұнда бүгінде 40-тан астам бала барады.

Өнер мектебі алдағы уақытта қосымша ғимарат салып беруді сұрап отыр. Яғни, оркестр толық сыятын концерт залының, балалардың шығармашылық бұйымдарын қоятын көрме залы да қажет көрінеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,  Ақтоғай ауданы.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.