«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты!» – деп ұрандаған Алаш арысы Міржақып Дулатовтың осы бір сөзі әлі күнге дейін санамызда жаңғырып тұрғандай. Сол бір асыл мұраттың жаңғырығын біз санаулы жылдар бұрын жарық көрген «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясынан қайтадан анық сезінгендей болдық. Көрермен жүрегіне жол тапқан туындыда ұлт қайраткерінің болмысын барынша шынайы, терең жеткізе білген актер Бақыт Қажыбаевтың өнері көпшілікті бейжай қалдырмады. Себебі тарихи тұлғаның тағдырын сомдау – зор жауапкершілік. Жуырда өнер иесі Павлодар қаласына табан тіреді. Сапар аясында өзі еңбек ететін «Жастар театрының» ұжымымен бірге жергілікті көрерменге таңдаулы қойылымдарын ұсынып, ерекше әсер сыйлады. Қойылымдар арасында сахна саңлағымен біз де жүздесіп, өнері мен өмірі жайлы сыр шертудің сәті түсті.
– Бақыт Бақтанұлы, киелі Ертіс-Баян өңіріне қош кел-діңіз. Жалпы, өзіңіз көпшілікке Міржақып Дулатовтың образымен белгілісіз. Рөлге дайындық барысында кейіпкердің мінез-құлқы мен ішкі әлемін ашу үшін қандай әдістерді қолдандыңыз?
– Міржақып рөлін сомдау үшін көп іздену мен дайындық қажет болды. Рөлге таңдалғанымды естіген бойда, оның өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтерді терең зерттеуге кірістім. Сценарийді қолыма алған соң, күнде ұзақ уақыт Есіл жағалауын бойлай жүріп, ойымды жинақтайтын болдым. Кейін кейіпкерімнің өмір жолымен танысып, шығармашылық кезеңін зерттедім. Сол уақытта театр ұжымы еңбек демалысына шыққандықтан, театр тыныш еді. Солай грим бөлмесінде отырып, рөлге дайындалып, Міржақып әлеміне ене бастадым.
Журналист Майя Бекбаеваның деректі фильмдері де тұлғаның табиғатын терең түсінуге көмектесті. Алаш қайраткерлерінің кей тұстары әлі күнге дейін толық ашылмағанын осы дайындық барысында байқадым. Әсіресе Гүлнәр Міржақыпқызының әкесі туралы жазылған «Шындық шырағы» кітабын оқығаннан кейін М.Дулатов әлеміне бір қадам жақындай түстім. Адам осындай тағдырға қалай шыдап өмір сүре алады?!
Алаш қайраткерлерінің халқы үшін жанын аямай еңбек етуі мені терең толғандырды. Оларға деген құрметім мен сүйіспеншілігім артты. Біреуін бөліп-жара алмадым. Барлығы да батыр, барлығы да ерекше тұлға. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов — ойлары бір, мақсаты ортақ адамдар. Олар «Қайтіп тәуелсіздік аламыз?» деп күрескен, ұрпағының білімді болуын армандаған ерлер еді.
Сценарийді оқып шыққанда, соңына қарай тамағым өксікке толып, ұзақ уақыт есімді жинай алмадым. Жеке жағдайда бұл әсер одан сайын күшті болды. Алаш арыстарының халқы үшін басын бәйгеге тігіп, ештеңе күтпей қызмет етуі мені қатты тебірентті. Шынайы ерліктің үлгісі. Қарап отырсам, Міржақып сияқты адамдардың ерлігі мен қазіргі біздің өміріміз кейде қабысып кететінін түсіндім. Көз жасымды тыя алмай, өзіме «Мен өз елім үшін не істедім?», «Тілім мен Отаным үшін қандай пайда келтірдім?» деген сұрақтарды қойдым.
Осы сериалдың түсірілімі мен үшін үлкен рухани төңкеріс болды. Өмірге, өз әрекеттеріме деген көзқарасым өзгерді, өзін-өзі жетіл-діруге деген ынтам арта түсті. Енді Міржақыптың «Оян, қазағы» шығармасының мәні мен үшін терең ашылды.
– Түсірілім алаңында сізді сынға салған сәттер болған болар…
– Иә, уақыттың тығыздығы біраз қыспаққа салғаны рас. Кей сәттерде «асығыстық үстірттікке алып келмей ме?» деген күдік те болды. Дегенмен, түсірілім алаңындағы сценаристердің ұлтқа деген жанашырлығы мен Алаш идеясына адалдығы маған ерекше рухани демеу берді. Мұрат Есжан, Ұшқын Сәйдірахманұлы және Ұларбек Нұрғалымұлы сынды қаламгерлердің терең ойы мен ұшқыр қиялына тәнті болдым. Сценарийді алғаш оқыған сәттен-ақ ол мені бейжай қалдырмай, бірден баурап алды. Авторлардың айтар мұраты жүрекке дәл жетті.
Түсірілім барысында рөлді қалай ашамын деп көп қиналған жоқпыз. Өйткені сценарий авторлары әр детальді жіті көрсетіп, кейіпкердің болмысын ашудың жолдарын нақтылап берді. Бұл актерлерге зор жеңілдік сыйлады. Шығармашылық топ сценаристердің ізденімпаздығы мен талантына шынайы ризашылық білдірді. Драматургиялық құрылымының өзі күрделі әрі шебер өрілген, оқиға желісі бір-бірімен табиғи сабақтасып жатыр. Сөз құдіреті мен актерлік ойын үйлесім тауып, көрерменге айқын әсер береді.
Қазақ тілінің байлығы ерекше сезіледі. Сол бай мұраны кино тіліне сәтті икемдей білген авторлардың еңбегі айрықша құрметке лайық. Өзге кейіпкерлерден гөрі Міржақып бейнесінің бір саты жоғары қойылғанын іштей сезініп, соған сай жауапкершілікпен ойнадым. Бұл мен үшін шабыт көзіне айналды.
– Бір сұхбатыңызда Міржақып Дулатовтың рөлі өзіңіз үшін ең күрделі рөл болғанын айтқан екенсіз…
– Иә, Міржақыптай тұлғаны сомдау күрделі болды. Қанша дегенмен, ол – тарихи тұлға. Ал егер берілген рөл дұрыс сомдалмаса, актер үшін одан асқан қайғы-қасірет жоқ. Біз үшін халықтың қабылдауы маңызды. Егер көңілінен шықпаса, өкініш те соған сай болады. Осыған орай, мен рөлге ұзақ дайындалдым. Көп ізденіс жүргізіп, зерттеп, кейіпкердің мінезі мен дәуірін терең түсінуге тырыстым. Рөлді алған сәттен бастап қуаныш пен қобалжу қатар жүрді. Сериал экранға шыққанға дейін үнемі толқу мен үміттің арасында болдым. Бұл рөл мен үшін тек актерлік сынақ емес, сонымен қатар тарихи тұлғаның рухын көрерменге жеткізу мүмкіндігі болды.
– Телехикаяда өзіңізге ұнаған әсерлі сәтпен бөліссеңіз…
– Әсерлі сәттер баршылық. Дегенмен, әкесі ақталмай, қызы Гүлнәр Дулатова жиында жалғыз қалып қоятын сәті есте ерекше сақталып қалыпты. Оған қоса, соңғы бөлімде әкесінің ақталғаны туралы хатты қолына алған сахна әдемі шыққан.
– Ал өзіңіздің алғашқы рөліңіз есіңізде ме?
– Кейде тағдырдың тосын бұрылыстары адамды өзі күтпеген бағытқа жетелейді. Мен үшін де бұл жол дәл осылай басталды.
Негізі, Т.Жүргенов академиясына оператор мамандығы бойынша түсуді жоспарлаған болатынмын. Алайда алдымен Алланың қалауымен, кейін ағаларымның бағыт-бағдары мен театр факультетіне ауыстым. Бұл өмірімдегі үлкен бетбұрыс болды. Сахнадағы алғашқы қадамым ұлы ақын Абай Құнанбайұлының тоғызыншы Қара сөзімен байланысты болды. Бірақ терең мағыналы мәтінді жаттау оңайға соқпады. Әр сөзін жадымда сақтауға тырысқаныммен, іштей үлкен толқыныс болды. Ол кезде мен үшін басты мақсат – көрерменге ой қалдыру емес, жаттаған сөздерімді ұмытпай, рөлді жақсы аяқтап шығу еді. Сол кездегі жүрегімнің дүрсілі, алақанымның тершіп кеткені әлі күнге дейін көз алдымда. Бұл өнердегі алғашқы сынақтардың бірі болатын.
Уақыт өте келе кино саласында да бағымды сынап көруге мүмкіндік туды. Белгілі продюсер Ерболат Беделхан «Қағаз кеме» фильміне шақырды. Түсірілім жұмыстары көршілес Қырғызстан аумағында бір айға жуық уақытқа созылды. Бұл менің кинодағы алғашқы тәжірибем болғандықтан, жауапкершілік жүгі де, ішкі қорқыныш та қатар жүрді.
Сценарийді толық жаттап алғаныммен, бір күні Ерболат жанына шақырып алып, «Мәтінді өз сөзіңмен айтып көрші», – деді. Мен ойланбастан өз нұсқамды айттым. Сол сәтте-ақ ол: «Осылай түсіреміз», – деген шешімге келді. Ал мен сол уақытта не айтқанымды толық есіме түсіре алмай дал болдым. Кейін ойымда қалған үзінділерді қағазға түсіріп, сол бойынша рөлімді сомдауға тура келді.
Бір қарағанда, өз сөзіңмен кейіпкеріңді ойнап шығу жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда актер үшін әр образ – зор жауапкершілік. Сол себепті кейіннен «рөлімді қаншалықты шынайы, қаншалықты дәл жеткізе алдым?» деген сауал мені жиі ойландырды.
– Кино саласында Міржақып Дулатовтың рөлі мерейіңізді үстем етті. Ал театрда ше? Өз рөліңізді таба алдыңыз ба?
– Театрда сомдаған әрбір рөлім – жанымның, жүрегімнің бөлшегі. Себебі әр бейне үлкен еңбек пен тынымсыз ізденістің, жаныңды жегідей жеудің нәтижесінде өмірге келеді. Бұл жағынан келгенде «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады» деген әйгілі қағида үнемі жадымда тұрады. Сондықтан әр рөліме, ол мейлі басты, мейлі қосалқы болсын, бәріне бірдей ізденемін. Барлығы бірдей ыстық. Әйтсе де, актердің ішінде бұғып жатқан армандары болады ғой. Оны ашып айтып тастағым келмейді. Арман құпия болса, тез орындалады дейді. Сондықтан шығармашылыққа қатысты ішімде жатқан ойларды жарияға жар сала бергім келмейді. Уақыты келгенде орындалар. Міржақып секілді бағымды ашып, көрермен көңілінен шығатын, табиғатым мен ішкі қалауыма дөп келетін кесек бейне театр сахнасында да туатын шығар. Театрдағы өз рөлімді әлі тапқан жоқпын. Ізденіс үстіндемін.
– Болашақта қандай тұлғаны сомдауды армандайсыз?
– Бейбарыс сұлтанның рөлін сомдауды армандаймын. Осындай тарихи тұлғаның образын алып шықсам, одан кейін шынайы махаббатқа құралған бір фильмге түссем. Махаббат болғанда да, жай ғана сезім емес, оның құндылығын ашып суреттейтін, биіктігі мен адалдығын көрсететін шынайы оқиғаға құралған сценарий болса. Махаббатқа қол жеткізу үшін де күресу жолы бар. Статистикаға қарасақ, қазір жастардың үйленгенінен ажырасқаны тез. Өмірдің сан қиыншылығына қарамастан, әр адам бақытты болуға лайық. Биік махаббатқа қол жеткізіп, соны сақтап қалудың жолын білсе, үйренсе. Қоғамның басым көпшілігі ақша табуды біледі, жұмсауды білмейді. Отбасын құруды біледі, оны сақтап қалуды білмейді. Соларға үлгі болатындай сезім жайында сапалы бір кино түсірілсе деп іштей армандаймын.
– Мәнді әңгімеңізге рақмет! Алдағы уақытта өзіңізді Бейбарыс сұлтан рөлінде көреміз деген ойдамыз.
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
