Екпенің қандай пайдасы бар?

Сәу 23, 2026

Жыл сайын сәуір айының соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұйытқы болуымен барлық елде иммундау апталығы өтеді. Аталған шара біздің елде де қолға алынып, тұрғындарға екпенің пайдасы түсіндіріліп келеді. Биыл бұл апталық «Вакциналар әр ұрпақ үшін жұмыс істейді» деген ұранмен ұйымдастырылмақ.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, вакцинация – инфекциялардан қорғаудың ғасырлар бойы тексерілген ең тиімді тәсілі болып табылады.

– Қазіргі медицина саласында жұқпалы аурулардың алдын алу үшін вакцинаның көмегі көп екені анықталды. Жалпы, жарты ғасырда 150 миллионнан астам адамның өмірін екпелер сақтап қалды деп айтуға болады. Яғни, вакцина арқылы нәресте өлімі 40 пайызға дейін төмендегенін және ол миллиондаған балаларды мүгедек болып қалудан құтқарғанын айта кеткен жөн. Мәселен, екпе арқылы безгек, адам папиллома вирусы (АПВ), тырысқақ, менингит, эбола, маймыл шешегі сынды жұқпалы аурулардан адамзаттың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде, балалар, жасөспiрiмдер мен ересектер салауатты және ұзақ өмiр сүруде, – деді Зәмзәгүл Дощанова. Сондай-ақ, ол елімізде екпе салу жұмыстары үкімет қаулысымен бекітілген ұлттық күнтізбеге сәйкес, яғни белгілі бір жастағы балалар мен ересектерге салынатын вакциналардың схемасы бойынша жүргізілетінін атап өтті.

Ұлттық күнтізбеге сәйкес қазақстандық балаларға туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекция, пневмококк ауруы, қызылша, қызамық, паротит сияқты жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстары жүргізіледі екен.

– Балалар барлық екпені алғаны жөн. Өйткені, олардың әрқайсысы әртүрлі инфекциялардан қорғайды. Халықты иммундауды жүргiзбеу жұқпалы ауруларға бейiм адамдар санының артуына әкеледі. Мысалы, полиомиелит – сал болып қалу, дифтерия – сал және миокардит, эпидемиялық паротит бедеулік және қант диабеті сынды аурулар қаупін төндіреді. Сіреспеге қарсы екпе алмаған жағдайда мұның соңы өлімге әкеліп соғуы ықтимал. Туберкулез инфекциясына қарсы егілмегендер мүгедектікке дейін әкелетін көптеген асқынуларға тап болуы мүмкін. «В» гепатитіне және АПВ-ға қарсы иммундау шарасы цирроз, бауыр обыры, сондай-ақ жатыр мойны ісігі сияқты онкологиялық аурулардың алдын алады. Сол үшін иммундау шарасының маңызы зор, – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.

«Almaz Medical Group»ЖШС-нің педиатры Әйгерім Зейнолла екпе салар алдында дәрігер баланың да, ересектің де денсаулық жағдайын мұқият тексеріп, содан кейін ғана рұқсат беретінін жеткізді. Сонымен қатар, өте аз салмақпен шала туылған шақалақтар мен неврологиялық аурулары бар кейбір балалар екпе салудан босатылатынын, бірақ олар жағдайы жақсарған соң емдеуші дәрігердің рұқсаты бойынша егілетінін мәлім етті.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «балам екпе алғаннан кейін денсаулығы кері кетті» деп жазып жатқан ата-аналар көбейген. Ал денсаулық сақтау саласының өкілдері біздің елде салынатын екпелер арнайы тексерулерден өткенін әрі барлық талапқа сай екенін алға тартты.

Мамандардың айтуынша, вакциналарға қатысты сенімді ақпарат алғысы келетін тұрғындар egu.kz сайтына кіріп қарауға немесе 7701 нөміріне хабарласуларына болады.

Нұржайна ШОДЫР.