Онлайн құжат рәсімделеді

Сәу 30, 2026

«Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында әртүрлі салада жаңашылдықтар енгізілуде. Мұндай цифрландыру Әділет министрлігі қызметтерінде де қолданылады. Азаматтардың қаржысын және уақытын үнемдеу мақсатында жасанды интеллект қолдану бойынша «Digital Justice» сынды жобалар қолға алынған.

Қызмет көрстеу саласындағы жаңашылдықтар мен есептік кезеңдегі ахуал жайлы Павлодар облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Айдын Сәменқұлов баяндады.

— Бүгінде азаматтар «egov.kz» платформасы мен «Zan Komegi» мобильдік қосымшасы арқылы онлайн жәрдем алып, бейнеқоңырау арқылы құқықтық сұрақтарына жедел жауап алу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, адам факторын азайту, ашықтықты қамтамасыз ету және тестілеудің қауіпсіздігін арттыру көзделген. «Цифрлық нотариат» жобасы арқылы сенімхаттар мен ерлі-зайыптылар келісімдерін онлайн рәсімдеу кеңінен қолданысқа енгізілуде. Ал қайтыс болуы жайлы тіркеуге келетін болсақ, хабарлама жасалған соң «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асады. Ол үшін өтініш берушіге қайтыс болған тұлғаның ЭЦҚ-сын және ЖСН-ін білу қажет. 2026 жылдың 1 тоқсанында өңірімізде 584 цифрлық сенімхат рәсімделді. Осы уақыт аралығында мыңға жуық көрсетілген қызметтердің жартысынан көбі электронды түрде көрсетілді — дейді ол.

Айта кету керек, заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін мүдделі мемлекеттік органдарға (БЖЗҚ, нотариустар, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы) артық құжаттарды талап етуге, оның ішінде қағаз түрінде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді сұратуға жол бермеу туралы хабардар етілген. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының аумағында кез келген тіркеуші органда жүргізіледі. Қайтыс болуды тіркеу процесі денсаулық сақтау және АХАТ жүйелерінің бірлесуі нәтижесінде өтініш берушінің қатысуынсыз жүргізілетін болады. Сондай-ақ, құжаттарға мөртаңба қою қызметінің автоматтандырылуы азаматтарға Қазақстаннан тыс жерде жүріп-ақ мемлекеттік қызметті толық онлайн алуға жол ашуда.

Бұған қоса жеке сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіру бойынша 17 636 іс тіркелген. Жалпы алимент қарызы 12,9 млрд теңгені құраған. Қазіргі таңда 113 борышкер әкімшілік, 7 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Департамент тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, «eOtinish» базасы арқылы өтініштерді қабылдау, құқықтық түсіндіру шараларын өткізу және құқық кабинеттерін ашу арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық беріп отыр. Әділет департаменті алдағы уақытта да цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және азаматтарға ыңғайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

Сара ӘБДОЛ.