Алда үш үлкен мемлекеттік маңызы бар мереке келе жатыр. Оған дайындық қалай? Қандай іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарлануда? Бұл сұрақтар аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында мамыр айында мерекеленетін Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне арналған іс-шараларға дайындық барысы пысықталды. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов мамырдағы мерекелер ҚР Президенті Әкімшілігінің ұсынысы бойынша жаңа Ата заңның қабылдануы аясында өтетінін жеткізді. Қазіргі таңда қала-аудан әкімдіктерімен бірлесіп арнайы жоспар бекітілген. Сол бойынша 500-ден астам түрлі форматтағы мерекелік шара ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, ән кештері, спорттық жарыстар, көрмелер мен фестивальдер өткізіліп, қазақстандық этностардың мәдени жетістіктері, салт-дәстүрлері, қолөнері мен ұлттық тағамдары кеңінен таныстырылады деп жоспарлануда.
– 1 мамыр күні Павлодар қаласындағы Конституция алаңында этномәдени бірлестіктер, Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мекте-бінің оқушылары, Естай атындағы облыстық филармония және мәдениет ұйымдарының қатысуымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде «Қазақстан – ортақ үйіміз» челленджі, этносаралық достықты дәріптейтін бейнероликтер мен құттықтаулар жарияланады. Ал Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеу жаңа Конституция құндылықтарын ескере отырып, ерекше мазмұнда аталып өтеді, – деді Әлнұр Серікұлы. Оның айтуынша, мереке қарсаңында соғыс қаһармандары мен әскери қызметшілерді құрметтеу және еске алуға бағытталған патриоттық акциялар, ал 6 мамырда Отан қорғаушылар күніне арналған облыстық салтанатты іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, облыс мектептерінде «Біздің заманымыздың батырлары» атты патриоттық ерлік сабақтары, 600 баланың қатысуымен «Сап және ән» облыстық байқауы, әскери-патриоттық эстафеталар, патриоттық фильмдердің жаппай көрсе-тілімдері болады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Павлодар жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде заманауи «Жас сарбаз» кабинеті ашылып, өңір тұрғындарына 20 мыңнан астам дана «Жеңіс лентасы» таратылмақ. Сонымен қатар, 9 мамыр – Жеңіс күні барлық қала мен ауданда Ұлы Отан соғысы ескерткіштері мен монументтеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді. Сондай-ақ, «Ардагерім — ардағым» акциясы аясында жастар тыл еңбеккерлерімен кездесіп, ардагерлердің үйлері мен аулаларын тазалауға көмектесіп, азық-түлік себеттерін таратады. Мерекеге орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ тұтқында болған азаматтарға бірреттік әлеуметтік төлемдер берілетін болады.
Ал аймақтағы мәдениет мекемелерінде 2 мыңға жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған. Бұл жөнінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті. Ол мерекелік шаралардың алды 24 сәуір күні басталып кеткенін алға тартты. Қазіргі таңда өңірдегі мәдениет мекемелерінде түрлі кездесулер, көрмелер, кештер жалғасын табуда.
– 1 мамыр күні «Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда «Шернияз» және «Кавказ» би ансамбльдерінің мерекелік концерті, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Бір досың керек екен» комедиясы, 2 мамыр күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың С.Баязитов атындағы оқу орталығында «Бір ту астында біріккен ел» атты танымдық сағат ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мерекелік алаңда халқымыздың бай рухани мұрасын айшықтайтын ұлт өкілдерінің музыкалық аспаптар көрмесі өтіп, Павлодар өңірінде мекендейтін түрлі этностардың ұлттық киімдері көрсетіледі. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» және оның жеті тілге аударылған шығармаларынан кітап көрмесі көпшілікке ұсынылады. Оған өзге ұлт өкілдері қатысып, Ұлы Абайдың туындыларын өз ана тілдерінде оқиды. Сол арқылы халықтар арасындағы достық пен мәдени үндестіктің жарқын көрінісі бейнеленбек, – деп атап өтті Медет Алпысбайұлы. Сондай-ақ, ол алдағы үш мереке қарсаңында басқа да мазмұнды шаралар жоспарланғанын жеткізді. Мәселен, Отан қорғаушылар күніне орай облыс музейлерінде ерлік сабақтары, тақырыптық дәрістер, кітапханаларда патриоттық сағаттар, мәдени мекемелерде концерттер мен кездесулер өткізіледі. Павлодарлықтарға белгілі әншілер өз өнерлерін көрсетеді. Жеңіс күні қарсаңында музейлерге кіру тегін жүргізіледі.
– Жоспарланған барлық іс-шара ел бірлігін нығайтуға, тарихи жадымызды жаңғыртуға және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталады, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі алдағы мерекелік іс-шаралар елдегі тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етуі тиіс екенін айтып, жауапты мекемелерге бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстарға барлық қала-аудан әкімдіктері мен басқармалар да қолдау көрсетіп, атаулы мерекелерді жоғары деңгейде өткізуге атсалысу керектігін тапсырды.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.
