Игі іске жұмылды

Сәу 30, 2026

Ақтоғай ауданының орталығында аудандық «Жас қанат» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза бейсенбі» акциясы аясында кезекті игі шара өтті. Ауданның белсенді еріктілері жалғызбасты зейнеткердің үйіне барып, ауласын тазалап, тұрмыстық жұмыстарға қолғабыс етті.

Бұл бастаманың басты мақсаты – қоғамда өзара көмек пен жанашырлық құндылықтарын нығайту, мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Осы ретте еріктілер жалғызбасты зейнеткердің үйіне барып, ауласын қоқыстан тазартып, ретке келтіріп, үй иесіне күнделікті тұрмысқа қажетті бірқатар көмек көрсетті.

Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы аудан көлемінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Игі іске белсене қатысып жүрген еріктілер қатары жыл санап артып, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық белсенділікті арттыруға оң ықпалын тигізуде.
А. ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

АҚТОҒАЙ АУДАНЫ