Жастарды жұмыспен қамту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы бағытта мемлекет тарапынан түрлі қолдау шарасы қолға алынып, жас мамандарға алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік берілуде. Соның бірі – «Жастар практикасы» бағдарламасы. Жуырда облысымызда аталмыш бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау басталды. Жалпы, бағдарламаға кімдер қатыса алады? Қатысушыларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыс бойынша Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Әнуар Шаймерденов жауап берді.
– Әнуар Шашубайұлы, жуырда Жастар практикасына қабылдау бас-талған екен. Жалпы,
бұл жобаға кімдер қатыса алады және өтінім қай уақытқа дейін қабылданады?
– «Жастар практикасы» бағдарламасы колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. Оның негізгі мақсаты – жас мамандарға алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беру. Бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері қатыса алады. Қатысу мерзімі – 12 айға дейін. Ай сайынғы жалақы 30 айлық есептік көрсеткіште есептеледі.
– Ал қатысушыларға қойылар талаптар қандай?
– Бағдарламаның талаптарына тоқталсақ, «Жастар практикасына» қатысушының жасы 35-тен аспауы тиіс, сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл толмауы, меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесі болмауы тиіс.
– Жалпы, оларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Өткен жылы қанша жас қабылданды?
– «Жастар практикасы» аясында жас мамандарға өз мамандығына немесе соған жақын салаларға сәйкес жұмыс орындары ұсынылады. Бағдарламаға қатысу мерзімі 12 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар кәсіби тәжірибе жинақтап қана қоймай, еңбек ұжымына бейімделіп, жұмыс істеу дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар, әрбір жас маманға жұмыс беруші тарапынан тәлімгер бекітіліп, оның кәсіби дамуына қолдау көрсетіледі. Өткен 2025 жылы осы бағдарлама бойынша кәсіпорындарға 1304 жұмыссыз жас жолданды.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
