Ана – өмір шуағы

Мам 7, 2026

Жарық дүниеге келген әрбір сәбидің алғашқы тынысы ананың жүрек соғысымен үндес. Сол үн, сол мейірім – оның өмір бойғы шамшырағы. Ана алақанындағы жылу – тағдырдың ең сенімді бағыты, ал ана жүрегіндегі махаббат – өмірдің мәңгілік мәні. Осы орайда елімізде ресми түрде мамыр айының екінші жексенбісі Аналар күні аталғанына бірнеше жыл болды.

Осы қасиетті ұғымның бүгінгі бейнесін танытатын жандардың бірі – Айтолқын Сұлу. 35 жастағы көпбалалы ана 1991 жылдың 18 шілдесінде Талдықорған облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. Бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ол үшін ана болу – жай ғана мәртебе емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен терең мағынаға толы өмірлік миссия. Айтолқын — аналықтың қадір-қасиетін жүрегімен сезінетін жан. Оның пайымынша, ана – әлемге жарық сыйлаушы, өз өмірін қарсы бетке қойып, перзентіне ғұмыр сыйлайтын жанкешті батыр.

— Ана – қоғамға нұр таратушы, мейірімнің қайнар көзі. Себебі Жаратқан ананың жүрегіне құтпен бірге махаббатты да құйған, – дейді ол.

Төрт баланы тәрбиелеу – табандылық пен төзімділікті талап ететін үлкен жол. Кейіпкеріміз әр баланың өзіндік болмысы мен ішкі әлемі бар екенін ерекше атап өтеді. Ол үшін ең бастысы – баланың жан тазалығы.

— Әр бала – жеке-дара тұлға. Сондықтан олардың әрқайсысына тең мейірім бөліп, жан дүниесіне үңілу маңызды. Баланың жанын түсінсең, тәрбиеде қиындық бол-майды. Баланың жанын кірлетпей өсірсең, олар өздігінен жарқырайды. Балалардың санасы өте биік, сол деңгейге жетіп тәрбиелеу керек, – дейді көпбалалы ана.

Сонымен қатар, Айтолқын Сұлу қазіргі қоғамдағы аналардың өз болмысынан алыстап бара жатқанын да жасырмайды. Оның айтуынша, ана өзін ұмытпауы тиіс.

— Өмірлік қағидаларының бірі – «бәрін өзіңнен баста». Мен денсаулығыма, жан дүниеме, көңіл-күйіме ерекше мән беремін. Мен әдемі болсам – айналам жарық, мен сау болсам – балаларыма қарай аламын, мен бақытты болсам – балаларым да бақытты. Бала үшін бәрін жасаймын деп, өзін жоғалтып алу дұрыс емес. Мен міндетті түрде өзіме уақыт бөлемін. Себебі мен бақытты болсам, балаларым да бақытты, – дейді ол.

Отбасы мен жеке дамуды қатар алып жүрудің оңай еместігін ол жақсы түсінеді. Дегенмен, өзара түсіністік пен ниет болса, кез келген қиындықтың шешімі табылатынына сенімді. Айтолқын Сұлудың айтуынша, отбасын сақтау үшін ниет керек, сол ниет болса, бәрі өз орнымен келеді.

Аналар күні қарсаңында Айтолқын Сұлу жас аналарға жүрекжарды тілегін де жеткізді:

— Ана болған сәттен ләззат алуды үйрену керек. Бақытты ана болу үшін, ең алдымен, бақытты адам болуды білу қажет, — деді ол.

Шынында да, ана бақыты баласының амандығы мен бір ауыз жылы сөзінде, үнсіз құшағында жатыр. Баласының мейірімге толы жанары – ана үшін әлемдегі ең үлкен сый.

Қорытындылай келе, ана – шексіз махаббаттың мәңгілік символы. Оның жүрегіндегі жылу – тұтас қоғамды нұрға бөлейтін күш. Сондықтан аналарды ардақтау – бұл тек бір күннің емес, өмір бойғы құрметтің белгісі.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.

еңбек қауіпсіздігі