Жақында облыс ардагерлерінің IX есеп беру – сайлау конференциясы өтіп, облыстық, қалалық және аудандық кеңестердің соңғы бес жылдағы жұмысы қорытындыланды. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, ел ағаларының еліміздің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Бүгін сіздердей ел ағаларымен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Бүгінгі жиынға өмірлік тәжірибесі мол, ел дамуына үлес қосып жүрген қадірлі жандар қатысып отыр. Ел ағаларының еңбегі мен өнегесі әрдайым құрметке лайық. Аймағымызда 126 мыңнан астам аға буын өкілі тұрады. Облыста 672 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Сіздердің белсенді жұмыстарыңыздың арқасында қоғамның бірлігі нығаюда. Ардагерлерге қамқорлық – мемлекет саясатының маңызды бағыты. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасып, қолдау шаралары арта береді, — деді Асайын Қуандықұлы.
Сонымен қатар, соңғы жылдары зейнетақының орташа мөлшері 40 пайызға артып, әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары жүзеге асырылуда. Оның ішінде табысы төмен зейнеткерлерге және 80 жастан асқан ардагерлерге біржолғы төлемдер қарастырылған. «Қамқорлық» акциясы аясында 6 мыңнан астам адам көмек алды, қарттар күніне орай өңірдің 20 мың тұрғынына төлем беру жоспарлануда.
Осыдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев қалалық, аудандық және ауылдық кеңестердің белсенділігін, ел игілігі жолында атқарып келген жұмыстары туралы баяндама жасады.
– Ардагерлер – қоғамның ең негізгі қозғаушы күші. Бұл кісілердің әрбірінің еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі бар. Олар еліміздің нарықтық кезеңінде еңбек етіп, халықты қиындықтан құтқарды, тығырықтан шығарды. Ал бүгінгі таңда облыстық, қалалық және аудандық ардагерлер ұйымдары әр салаға белсенді араласып, аға буын тұрғындарға қатысты әлеуметтік және өзге де мәселелерді қолдан келгенше шешіп келеді, – деді ұйымның бұрынғы төрағасы Рымтай Шөкеев.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары да сөз алып, өздерінің ұйымдарына қатысты жаңалықтармен бөлісіп, атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
– Баянауыл аудандық ардагерлер ұйымы белсенді жұмыс атқарып келеді. Біздің ұйым – 3,5 мыңнан астам зейнеткердің басын біріктіріп отырған өңіріміздегі ең іргелі қоғамдық күш. Олардың әрқайсысы еліміздің дамуына маңдай терін сіңірген іскер азаматтар және өнегесі сарқылмаған бір-бір шежіре. Жыл сайын жүзден астам ардагер түрлі санаторияларға демалуға барады. Соңғы екі жылда Қаныш Сәтбаев, Жаңатілек, Торайғыр, Бірлік, Қаратомар ауылдарында ардагерлер орталықтары ашылып, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерді қолдау бағытында жұмыс жүргізуде. Басты мақсатымыз – қариялардың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың әлеуметтік мәселелерін реттеу. Осы бағыттағы жұмысыз жалғаса береді, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Сарбасов.
Конференция аясында ардагерлер ұйымдарының белсенділері «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Одан бөлек, орталық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев бірқатар замандасына «Құрметті ардагер» белгісін табыстады.
Конференцияның қорытындысы бойынша 79 адамнан тұратын облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы жасақталды.
Конференцияның ең маңызды сәті – облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасын сайлау рәсімі болды. Ардагерлер ұйымын осы күнге дейін басқарып келген Рымтай ақсақал денсаулық жағдайына байланысты қызметінен босату туралы өтініш білдірді. Ал кеңестің жаңа төрағасы қызметіне бұған дейін Павлодар қаласының ардагерлер кеңесін басқарған Кенже Кеңесбаев сайланды.
Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген —
Валерий Бугаев.
