Ақсу қаласының Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде 1 мамыр –
Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған этномәдени бірлестіктердің жарқын фестивалі өтті. «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» атты мерекелік шара көпұлтты еліміздің ынтымағы мен өзара сыйластығын дәріптеген тағылымы мол басқосуға айналды.
Мерекелік бағдарлама барысында 9 түрлі ұлт өкілі бір сахнада тоғысып, өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін, өнерін паш етті. Әсем ән, ұлттық би, сахналық көріністер арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған фестиваль бірлік пен достықтың шынайы белгісі айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақ-саты – еліміздегі этностар арасындағы татулықты нығайту, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімін қалыптастыру.
– Бұл фестиваль – тек мерекелік шара емес, ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттырған маңызды алаң. Әр этностың мәдениетін таныстыра отырып, біз ортақ Отанымыздың біртұтас екенін тағы бір мәрте дәлелдедік, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Ақтоты Шайзатова.
Мерекелік бағдарлама аясында 9 этномәдени бірлестік өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір ұжым ұлттық нақыштағы өнерімен ерекшеленіп, Қазақстанның бай мәдени мұрасын айшықтай түсті. Әсіресе, ұлттық билер мен дәстүрлі әндер көрермен ықыласына бөленді. Колледждің бөлімдері де бұл мерекеден шет қалмай, өздері таңдап алған ұлттардың мәдениетін кеңінен таныстырды. Гуманитарлық бөлім қазақ халқының рухани болмысын дәріптесе, энергетикалық бөлім өзбек және кавказ этностарының салт-дәстүрін сахналады. Ал «Бухгалтерлік есеп және НПП» бөлімі орыс және татар ұлттарының мәдениеті мен өнерін әсерлі жеткізді.
Сонымен қатар, шараға арнайы шақырылған этномәдени бірлес-тіктер де белсенді қатысты. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» және «Асыл мұра Ақсу» қоғамдық бірлестіктері ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің маңызын насихаттаса, украин этномәдени бірлестігі мен «Незабудки» ансамблі украин халқының өнерін таныстырды. «Славян мәдени орталығы» славян халықтарының мәдениетін дәріптесе, «ЦІЕЙ ЛОАМ» ансамблі кавказ билерінің көркем үлгісін ұсынды. «Эльбрус» этномәдени бірлестігі мен «Шишмэ», «АДОЛАТ» орталықтары да өз ұлттарының мәдени мұрасын көпшілікке паш етті.
Шәмшия ҚҰСАЙЫНОВА, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» және «Асыл мұра Ақсу» қоғамдық бірлестіктерінің төрағасы:
– Қазақстан – тағдыр тоғыстырған түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Бірлігі мен татулығын ту еткен елімізде әр этнос өз мәдениетін сақтай отырып, ортақ құндылықтар аясында өмір сүріп келеді. Осындай мазмұнды шаралар – сол келісім мен ынтымақтың айқын көрінісі. Олар жас ұрпаққа достықтың қадірін ұғындырып, өзге мәдениеттерге деген құрметті қалыптастырады. Әр ұлттың салт-дәстүрін танып, оны бағалай білу – қоғамдағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтатын маңызды қадам. Себебі, көптүрлілікке құрмет – кемел келешектің кепілі.
Қажығали ҚАБЗАЙЫТ, Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің 1-курс студенті:
— Біз өзбек халқының мәдениетін жан-жақты таныстыруға тырыстық. Ұлттық би билеп, дастарханымызға нан мен шай ұсынып, салт-дәстүріміздің ерекшеліктерін көрсеттік. Сонымен қатар, ұлттық нақыштағы бұйымдарды өз қолымызбен дайындап, көрерменге шынайы әсер сыйлауға ұмтылдық. Осындай бірлескен еңбек пен шығармашылық ізденіс бізді бұрынғыдан да жақындастырып, өзара түсіністік пен бірлікті нығайта түсті.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Ақсу қаласы.
