Дүниені дүр сілкіндірген сұрапыл соғыс жылдарында балалықты ұмытып, еңбекке ерте араласқан жандардың бірі – Баянауыл ауданының тұрғыны Рымкеш Жәкенқызы. Ол жастайынан көп қиындық көрсе де еш мойымады. Оның осынау өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай.
Рымкеш Жәкенқызы 1937 жылы Павлодар ауданына қарасты Қазанның 14 жылдығы колхозында дүниеге келген. Кішкентай кезінен бастап жұмыс істеп, анасына қолғанат болып өскен ол өткен өмірін күрсіне есіне алды.
– Әкем ерте қайтыс болды. Мен оны көрмедім. Анам отбасындағы төрт баланы өзі өсіріп, жеткізді. Балалық шағым Павлодар ауданындағы Қазанның 14 жылдығы колхозында өтті. Әрине, қиындық та, жоқшылық та көрдік. Мен соғыс басталған кезде небары 4-5 жаста едім. Сол уақытта біз сияқты бүлдіршіндерді кішкентай деп ешкім де аяған жоқ. Жұмысқа салды. Мен бұзау, қозы-лақ бақтым. Анам колхозда сауыншы болды. Ауылда қарап отырған адам болмады. Үлкен-кішінің бәрі жер жырту, егін салу, мал өсіру сынды жұмыстармен айналысып, майданда жүрген жауынгерлерге азық-түлік дайындауға көмектесті. Бірақ өзіміз тойып тамақ ішпедік. Халықтың жағдайы ауыр болды. Соны түсінген сарбаздар ауыл маңынан өткенде бізге аяушылық танытып, өз тамақтарынан бөліп беріп кететін еді. Сол кезді есіме алсам, жүрегім сыздайды. Басқа түскенін көрдік, көтердік. Өткен күнде белгі жоқ. Өмір бізді ерте есейтті, тағдыр көп сынады, – дейді қария.
Осылайша, ес білген кезінен бастап еңбекке ерте араласқан ол кейін қатарластарымен бірге білім алып, облыс орталығындағы Абай атындағы №10 қазақ орта мектебін бітіреді. Ары қарай оқуға түсуге отбасының жағдайы келмейді. Сөйтіп, бойжеткен қыз тұрмысқа шығады. Жары Жасұлан Балмағамбет-ұлымен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Көпбалалы ана қарап отырмай, Баянауыл ауданындағы тұтынушылар одағында қызмет істеді. Кейін үлкен ұлы Балмұраттың жұмысына байланысты біраз уақыт Жосалы ауылында тұрып, қайтадан аудан орталығына көшеді. Өкінішке қарай, жолдасы мен үлкен баласынан ерте айырылады. Ал бүгінде басқа балалары – Қуат, Жанат, Шолпан, Баянгүл төртеуі үлкен әулет атанып, үбірлі-шүбірлі болып отырған жайы бар. Қарт ана немере-шөберелерінің қызығына бөленуде. Ол ендігі бар арманы – ел тыныштығы мен жас өскіннің амандығы екенін айтады.
– Жатсам да, тұрсам да Отанымыз тыныш болсын, аспанымыз ашық болсын, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп тілеймін. Біз тартқан бейнетті ұрпағымыз көрмесін. Жастарға айтарым, ел егемендігін сақтаңдар, ерінбей еңбек етіңдер, жаман әдеттен аулақ болыңдар деймін, – деп аяқтады сөзін көпті көрген тыл ардагері.
Нұржайна ШОДЫР.
