Ұлы Отан соғысы адамзат жадында үлкен қасірет, жазылмас жара қалдырды. Ал сол кезеңнің куәсі болған әрбір әскери техника бүгінде тек темір емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі ретінде бағаланады. Осындай тарихи жәдігерлердің бірі – 1942 жылғы үлгідегі 76,2 мм дивизиялық зеңбірек. Ол бүгінде Павлодар қаласындағы Әскери Даңқ музейі ауласында келушілерге соғыс жылдарының шындығын үнсіз жеткізіп тұр.
Бұл қару Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында маңызды рөл атқарған артиллериялық жүйелердің бірі болды. Салмағы 1180 келі болатын зеңбірек өзінің тиімділігі мен ұтқырлығының арқасында кеңінен қолданылды. 1944 жылдың ақпан айында ол №712 танкіге қарсы жойғыш артиллерия полкінің құрамына өтіп, аға лейтенант Махмет Қайырбаев басқарған 5-батареяның жауынгерлік сапында қызмет етті.
Майдан жолында бұл зеңбірек 2200 шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтіп, 1193 рет оқ атқан. Бұл деректер оның тек техникалық құрал емес, ауыр шайқастардың ортасында болған нақты жауынгерлік серіктес екенін көрсетеді. Соғыс аяқталған соң ол жойылып кетпей, тарихи мұра ретінде сақталды. 1992 жылдың наурыз айында демеушілердің қолдауымен Павлодар қаласына жеткізіліп, әскери-тарихи ескерткіш ретінде музей ауласына орнатылды.
Музей қорында соғыс жылдарынан қалған талай жәдігер сақталған. Мәселен, гильзалар, «Октябрь» зауыты дайындаған құрал кілттері, «ТАИ-43» далалық телефоны, пима жасау артелінің бастырғысы, танкке қарсы ТМ-72 минасы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова шай ішкен самаурын, дулыға, майдандық саптыаяқ, атқыш снаряд, ПТР гильзалары, мина, «РГ» үлгісіндегі қол гранатасы, оқ қалта сынды жәдігерлерді тамашалауға болады.
Оған қоса, биыл музейдің ашылғанына 15 жыл толып отыр. Музей басшысының міндетін атқарушы Ерлан Мырзатаевтың айтуынша, орталық музей болып ашылмастан бұрын №188 мектеп-интернаты, одан ертерек №108 теміржол мектебі болған. Ғимараттың өзі 1926 жылы эстондық инженер Ломбактың жобасы бойынша Павлодар вокзалының күту залы ретінде тұрғызылған.
– Ғимарат бастапқыда бір қабатты болды. Алайда жоғарғы жағында мұнарасы бар қондырмасы болды. Соғыс жылдары майданға осы мектептің 26 түлегі мен мұғалімі шақырылған. Бірақ олардың ешқайсысы оралмады. Кейін ғимарат өртке оранып, толықтай жанып кетеді. Дегенмен, 2010 жылы оның орнына қазіргі музей салынып, келесі жылы ашылады. Жалпы, мекеме Ұлы Отан соғысының даласында ерлік көрсеткен азаматтардың ерліктерін насихаттау мақсатында құрылды. Мұнда жерлестеріміздің қарулары, жеке заттары, құжаттары, кітаптары сақталған. Экспозициялар Ұлы Отан соғысы туралы ғана емес, сонымен қатар жерлестеріміз қатысқан Ауған соғысының тарихын да қамтиды. 2023 жылғы жөндеуден кейін музей экспозициялары өңір тарихымен және Қазақстан Республикасының қазіргі Қарулы Күштерінің құрылу тарихымен толықтырылды, – дейді Е.Тоқтағұлұлы.
Жалпы, музей бірнеше тарихи бағыттарды қамтиды. Мәселен, алғашқы экспозицияда VII ғасырдың басындағы қимақ жауынгерінің сауыты ұсынылған. Келесіде XV ғасырда пайда болған қылыш, семсер, садақ, шоқпар және найза сынды суық қарулар қойылған. Ол уақытта бұл қаруларды көбінесе хандар мен сұлтандар пайдаланған, ал қазақ жауынгерлерінің басым бөлігі әртүрлі суық қарумен қаруланған. Ал келесі бөлім ХХ ғасырдың қасіретті кезеңдерінің бірі – Ұлы Отан соғысына арналған. Мұнда майдандағы жауынгерлердің ерлігі, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі және жерлестеріміздің Жеңіске қосқан үлесі жан-жақты қамтылған. Келушілер соғыс қаруларымен, жауынгерлердің жеке заттарымен, майдан хаттарымен, фотосуреттермен, ордендермен, медальдармен, архивтік және деректі материалдармен таныса алады.
Экспозиция мазмұны тарихи дәлдігімен ерекшеленеді және Павлодар өңірі тұрғындарының Ұлы Жеңіске қосқан үлесін кеңінен көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, материалдар дидактикалық тұрғыда құрылып, жастардың тарихи санасын қалыптастыруға және отансүйгіштік сезімін нығайтуға ықпал етеді.
Музейде тұрақты түрде тақырыптық көрмелер, естелік кештер, конференциялар, дәрістер және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Жеңіс туын желбіреткен Ә.Баймолдин», «Майданның естелік газеттері», «Елінің айбатты сарбазы», «Май-дандағы қыздардың ерліктері» атты көрмелер мен кештер келушілердің ерекше ықыласына ие. Сонымен қатар, музейде жыл сайын ұйымдастырылатын «Майдан жолы» атты іздестіру-экспедициялық бағдарлама ерекше маңызға ие. Бұл жоба аясында соғыс ардагерлері мен қаза тапқан жауынгерлердің тағдырын зерттеу, олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру, сондай-ақ құжаттық және материалдық деректерді жинау жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, музей қызметкерлері мектеп оқушыларына арналған «Музей әлемі» сабағын тұрақты түрде өткізіп, соғыс тарихына қатысты жобалар мен шығармашылық жұмыстарға ғылыми кеңес береді. Бұл сабақтар орта мектептердің тарих пәні бойынша қосымша білім көзі ретінде кеңінен қолданылып келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
