Ақтоғайлық әже Қадиша Нұркешева сұрапыл соғыс басталғанда 9 жаста еді. Балалық шағы ауыр кезеңмен тұспа-тұс келіп, тылда өтті. Жастайынан ауыр жұмысқа араласты. Сол бір кездерін кейуана бүгінде күрсіне еске алады.
Әкесін соғыс майданына алып кеткен соң шешесі төрт баламен қыстақта сиыр сауып, киім тігіп, тылда тынымсыз тіршілік етеді. Шешесін қыстаққа қалдырған соң оқудан қол үзеді. Кейін әкесінің әпкесі сұрап алып, сол кісінің қолында тұрып, 6-класты бітірген.
– Соғыс жылдары бала екенсің деп ешкім аямайтын. Анамның қасында сауыншы болдым. Шешем киім тігіп, оны колхозға тапсырып отырды. Ары қарай тіккен киімдерін майданға жөнелтетін. Егіннің арамшөбін жұлып, қырманда бидай тазартуға да тартылдық. Тазартқан биайды шелектеп қоймаға таситын едік. Күзде тоғайда шөп шапқанда оны жинап, шөмелей жасайтынбыз, – дейді ерте есейткен кезін ескен алған Қадиша әже.
Осылайша, он жасқа да толмаған өрімдей қыз дән сеуіп, өнім жинап, майданға азық-түлік жөнелтуге өз үлесін қосты. Сонымен қатар, ауыл әйелдерімен бірге соғыс даласындағы ерлерге киім-кешек тігіп, тоқып қолдау көрсетті. Жеңіске жетуге тылдағы тынымсыз тірліктерімен жәрдемдесті.
Соғыс жылдары әр отбасына қайғы, ауыр сынақ әкелді. Қадиша әженің де әкесі майданнан оралмай, хабарсыз кеткендердің қатарында қалды. Содан соғыстан кейінгі жылдары да оңай болмады. Анасына қолғабыс етіп, еңбек етті.
20 жасында Сейітқожа есімді азаматқа тұрмысқа шығады, 12 құрсақ көтереді. Олардың төртеуі кішкентай кезінде шетінеп кетті. Сегіз баланы қатарынан қалдырмай өсірді. Өмірлік серігі Сейітқожа 49 жасында өмірден озып, Қадиша ана 40 жасында жесір қалды. Сегіз баланы аяқтандыру оңайға соқпады. Балаларын жеткізу үшін ол ауылда түрлі жұмыс жасады. Құрылыста күзетші де болды. Мектепте от та жақты, еден де жуды. Әйтеуір, қол қусырып отырмады. Еңбекқор ана бүгінде сол тынымсыз еңбегінің жемісін көріп отыр. Ұл-қызының ортасында ұрпағының қызығына бөленуде. Әр баласы бір-бір шаңырақтың иесі атанған. Түрлі салада нәтижелі еңбек етуде. Балаларының алды зейнетке де шығып үлгерген. 95 жасқа толған әже 21 немере, 32 шөбере сүйіп отыр. Бейнетінің зейнетін көруде. Тыл еңбеккері әлі де тың. Кезінде қолынан кітап түспеген екен. Ескі әндер мен өлеңдерді жатқа айтады.
Қадиша әжедей тыл еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен төзімін ұрпағы ұмытпасы анық.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
