Елімізде соңғы жылдары жастар жеке кәсіппен белсенді айналысып, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде қазақы нақыштағы киім тігіп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, оны әлемге танытып жүрген жас кәсіпкерлерді еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады.
Павлодар қаласында да осындай табысты кәсіп иелері бар. Солардың бірі – «HANYM ATELIER» этно-ательесінің жетекшісі Айзат Байтенова. Ол кәсіпкерлік жолын 2018 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында бастап, жолдасымен бірге несие алып, алғашқыда жалдамалы ғимаратта сұлулық салонын ашқан. Уақыт өте келе ұжымы кеңейіп, өз нысандарын салуға шешім қабылдайды. Алайда пандемия кезеңі олардың жұмысына айтарлықтай өзгеріс әкелген. Сұлулық салондары уақытша жабылған тұста кәсіпкер қол қусырып отырмай, жаңа бағытты қолға алған. Тігінге деген қызығушылығының арқасында үй жағдайында жұмыс істейтін тігіншілерді жинап, бетперделер тігуді бастаған. Осылайша, қиын кезеңде жаңа өндірістің іргетасы қаланды. Карантиннен кейін кәсіп аясын кеңейтіп, күнделікті киімдер мен жеке тапсырыстарға көшкен. Бүгінде олар мектеп формаларын жаппай тігіп, «Made in Kazakhstan», тіпті «Made in Pavlodar» брендімен өнім шығаруды мақсат етеді. Брендтің басты ерекшелігі – табиғи киізден тігілген этно-сөмкелерден бастап, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген мектеп формасына дейінгі өнімдерді қазақы нақышта заманауи үлгіде ұсынуында.
Кәсіпкер ұлттық ою-өрнектердің мағынасына ерекше мән беретінін айтады. Оның сөзінше, әр өрнектің өзіндік философиясы бар, сондықтан оларды ретсіз қолдану дұрыс емес.
– Біздің мақсат – ұлттық мұраны сақтап, оны заманауи сәнмен ұштастыру. Әсіресе жастарға оның мәнін түсіндіру маңызды. Әрбір оюдың өз орны, өз мәні бар. Оны бей-берекет қолдану дұрыс емес. Біз осы мәдениетті сақтап, келесі буынға жеткізгіміз келеді, – дейді Айзат Байтенова.
Қазіргі таңда ателье өнімдері тек елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Киімдер АҚШ-тың Чикаго қаласына, Канадаға, тіпті Меккеге дейін жіберілген. Әсіресе жергілікті қой жүнінен жасалған киіз сөмкелер мен бұйымдар ерекше қызығушылық тудырады. Алдағы уақытта кәсіпкер киіз өнімдерін өндіруді жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр. Қажетті құрал-жабдықтарды шетелден алдыртып, өндірісті автоматтандыру көзделген. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті фермерлерден шикізат сатып алып, экологияға да үлес қосуды көздейді.
– 2021 жылы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекетік бағдарламасы аясында 15 млн
теңге көлемінде қаражат алдым. Қаражат автокөлік қаптамаларына сәндік кесте тігуге арналған кестелеу машинасын, химиялық тазалауға арналған жуу шаңсорғыш сатып алу үшін керек болды. Ал 2022 жылы әртүрлі санаттағы автокөлік қаптамалары мен төсеніштерін тігуге қажетті шикізат сатып алу үшін «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында қосымша 15 млн теңге қаржы алдық. Біздің басты артықшылығымыз – жоғары сапа мен жеделдік. Тапсырыс 7-10 күн ішінде дайын болады. Біз сапалы материалдарды, заманауи дизайн мен тапсырыс берушінің талғамына сүйене отырып қаптамалар тігеміз және біздің өнімге бір жыл кепілдік те бар, – дейді кәсіпкер.
Мемлекеттік қолдаудың арқа-сында олар өндірісті кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, кәсіпорын алдағы уақыттары орындық және оларға арналған қаптамалар жасауды қолға алмақшы.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
