Туристерді не күтіп тұр?

Мам 7, 2026

Еліміздегі табиғаты көркем, тарихы терең, киелі мекендердің бірі – Баянауыл. Бұл өңір өзінің ерекше жаратылысы, таза ауасы, биік тау-қыраттары және мөлдір көл-бұлақтарымен көпшілікке танымал. Сондықтан да болар, жыл сайын бұл өлкеге алыс-жақыннан ағылатын туристер қатары артып келеді. Олардың көңілді демалулары үшін барынша жағдай жасалуда. Қазіргі таңда Баянауылда жазғы туристік маусымға дайындық жұмыстары қызу жүруде.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, Баянауыл өңірі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес еліміздегі ТОП-10 туристік аймақтың қатарына енген. Бүгінгі таңда Баянауыл баурайында 54 демалыс үйі жұмыс істейді. Қуантарлығы, жылдан-жылға Жасыбай демалыс аймағына баратын туристер саны көбеюде. Мәселен, 2024 жылы  161 135 адам, 2025 жылы 177 490 турист демалуға келген екен. Бұған қарап, бір жылдың ішінде демалушылар санының 10 пайызға өскенін байқауға болады. Ал ағымдағы жылы Баянауылға 250 мыңға жуық адам демалуға келеді деп жоспарлануда. Биыл Жасыбай демалыс аймағында 15 сауда нүктесі мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, жатар орын саны да артуда. Айталық, осыдан екі жыл бұрын туристерді қабылдайтын жатар орын саны 5099 бірлікті құраса, былтыр бұл көрсеткіш 5251-ге, ал биыл 5521-ге жеткен. Яғни, жыл сайын 200-300 орынға кеңеюде. Осы бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда.

– 2026 жылы жеке инвестициялар есебінен жалпы сомасы 465 миллион теңгені құрайтын 4 негізгі жоба жүзеге асырылуда. Олар толық аяқталғанда туристерді қабылдайтын 270 жатын орын болады. Атап айтқанда, Сабындыкөл демалыс аймағындағы жыл бойы жұмыс жасайтын  бірқабатты демалыс корпусының құрылысы маусым айында толық аяқталмақ. Былтыр құрылысы басталған Жасыбай демалыс аймағындағы ресепшні бар қонақ үй кешені де биыл бітетін болады. Сондай-ақ, Жасыбайдағы эконом-класс қонақ үйі кешенінің құрылысын осы жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Факел» демалыс аймағындағы жазғы маусымда жұмыс жасайтын екі қабатты 5 демалыс үйі де ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде, –
дейді Ардақ Кісентаев.

Атап өтерлігі, Баянауылда қысқы маусымда 2 қонақ үй мен 8 демалыс орны жұмыс істеуде. Онда барлығы 884 жататын орын бар.

Жалпы, ауданда туризм саласын дамытуға және демалушыларға жайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар, маңызды жобалар жүйелі түрде қолға алынуда. Соларға тоқтала кетер болсақ, биыл құны 950 миллион теңге болатын Визит-орталықтың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмек. Сонымен қатар, аудан орталығындағы стелланы қайта жаңарту жұмыстары жыл соңына дейін бітеді деген жоспар бар. Бұл мақсатқа
185 миллион теңге бағытталған. «Сабындыкөл жағажайын абаттандыру» жобасы аясында шезлонгтар, киім ауыстыру кабиналары, медициналық пункт және 19 бейнебақылау камерасы орнатылған. Осы жылы 1,1 миллиард теңге сомасындағы Жасыбай жағажайын абаттандыру жұмыстары басталмақ. Санитарлық жағдайды жақсарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сабындыкөл, Жасыбай, Торайғыр көлдерінде барлығы 11 санитарлық-гигиеналық торап және 11 душ модулі қызмет көрсететін болады.

Туристердің еш қиындықсыз жүріп-тұруына қолайлы болу үшін жолдардың тақтайдай тегістігі маңызды. Бұл ретте, Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара республикалық автожолы бойында жалпы ұзындығы 68 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланғанын айта кеткен жөн. Бұған қоса, жол бойына
30 шақырым қоршау жасалған.

Туристік маусым кезінде демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де баса мән берілуде.

– Жаз кезінде Жасыбай демалыс орталығына облыстық полиция департаментінен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін 28 қызметкер жіберіледі. Олардың қатарында 1 басшы, 2 кезекші, 1 тергеуші, 1 жедел уәкіл, 1 криминалист, 2 учаскелік полиция инспекторы, 4 жол патрульдік полициясы, 10 собр қызметкері және 6 басқа да мамандар болады. Олар 3 ай бойы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, демалушылар үшін 7 жедел жәрдем бригадасы мен 11 фельдшер жұмыс істейді, – дейді аудан басшысы.

Бұрын Баянауылға барған туристер ұялы телефон байланысына қатысты жиі шағым айтатын еді. Ендігі кезекте бұл мәселе де біртіндеп шешімін табуда. Қазіргі таңда Жасыбай демалыс аймағындағы ұялы байланыс мұнарасының техникалық жабдықтары жаңартылған. Ұлттық парктің кіреберіс аумағында Kcell базалық станциясы  орнатылған. Аталған жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және қонақтарға заманауи телекоммуникациялық қызметтер ұсынуға бағытталған. Бүгінде Жасыбай демалыс аймағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары жүруде.

Ауданда туризм саласын дамыту мақсатында алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралар да аз емес көрінеді. Мәселен, осы жылы Жасыбай аймағына кіреберісте орналасқан екі бақылау-өткізу пунктін автоматтандыру жоспарлануда. Аталмыш жоба аясында алдағы уақытта банк қосымшалары арқылы QR-код көмегімен кіру ақысын төлеу мүмкіндігін ұйымдастыру, кассаға тоқтамай, қашықтан төлем жасау әдісін енгізу, жүйені ішкі істер органдарының деректер базасымен интеграциялау, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін автоматты түрде тану жабдықтарын орнату жұмыстары жүзеге асады деп күтілуде. Соның нәтижесінде, туристерге қызмет көрсету сапасы жақсарып, ұлттық парк аумағында бақылау мен қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудан аумағында туризмді дамыту мақсатында Торайғыр көлі жағажайын абаттандыру, Баянауыл ауылында парк салу және Олжабай мен Жасыбай батырларға арналған ескерткіш орнату үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Кемпіртасқа апаратын
1,2 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жасау бойынша келісімшарт жасалып, жобалық-сметалық құжат дайындалуда.

Осылайша, тұмса табиғатымен тамсандырған киелі Баянауылда туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл игі бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін артыруға тың серпін береді деген үміт бар.

Нұржайна ШОДЫР.