Павлодар қаласындағы Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде жаңа форматтағы бастауыш әскери және технологиялық дайындық кабинеті ашылып, оған Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың есімі берілді.
Жаңартылған кабинет заманауи талаптарға сай жабдықталып, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Мұнда студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, практикалық тұрғыда да дайындалады. Атап айтқанда, алғашқы медициналық көмек көрсету, қауіпсіздік негіздері, әскери дайындық элементтері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, арнайы жабдықталған аймақтарда жастардың көшбасшылық және командалық жұмыс қабілеттерін дамытуға жағдай жасалған.
Колледж директоры Марат Нығметов бұл бастаманың бірнеше маңызды мерекеге орай жүзеге асқанын жеткізді.
— Биыл оқу орнына – 45 жыл, ел Тәуелсіздігіне – 35 жыл. Сондай-ақ, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында мұндай кабинетті ашу аса маңызды. Бұл іс-шараны ерте жоспарладық және біз сол мақсатқа жеттік, — деді ол.
Кабинетке батыр есімін беру ұжымның ортақ шешімімен қабылданған. Таңдау Махмет Қайырбаев тұлғасына түсуінің өзіндік себебі бар. Біріншіден ол небары 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Ал, екіншіден жастайынан батыр атанған ердің есімі ешқашан ұмытылмасын, кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен осы тұлға таңдалған.
– Бұл кабинет толықтай мемлекеттік сатып алу арқылы жабдықталды. Жоба құны бастапқыда шамамен 9 миллион теңге деп есептелгенімен, конкурс нәтижесінде астаналық компания 4,5 миллион теңгеге жүзеге асырды. Біз барлық талаптарға сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Мұнда қару-жарақ сақтайтын бөлме, жаттығу аймағы және оқу сыныбы қарастырылған, – деді Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің басшысы Марат Нығметов.
Шара соңында колледж бен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Павлодар облыстық филиалы арасында меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, бірінші курс студенттері әскери дайындықтан өтіп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Бағдарламада саптық дайындық, қару-жарақпен жұмыс, физикалық жаттығулар және түрлі практикалық дағдылар қамтылған.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
