Өткен жылы Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің бастамасымен «Ұлылар отаны» атты ауқымды мәдени жоба жүзеге асырылып, еліміздің бейнелеу өнері саласындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Аталған жобаның идея авторы – Павлодар облыстық көркемсурет музейінің ұжымы. Жоба отандық музейлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге бағытталды.
Жоба аясында республика көлеміндегі жетекші бейнелеу өнері музейлерінің басшылары бас қосып, мазмұнды іс-шаралар легі ұйым-дастырылды. Олардың қатарында ғылыми-тәжірибелік конференция, Қаныш Сәтбаев мемориалдық музейінде өткен дөңгелек үстел, сондай-ақ Жасыбай көлі жағалауында ұйымдастырылған пленэрлік жұмыстар ерекше маңызға ие болды.
Бағдарлама барысында қатысу-шылар Баянауыл ауданы аумағындағы бірегей сакралды нысандармен танысып, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі мен Қоңыр әулие үңгірі сияқты тарихи орындарға экскурсия жасады. Бұл сапарлар қатысушылардың рухани дүниесін байытып қана қоймай, шығармашылық ізденістеріне тың серпін берді.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі – музейлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығай-туға бағытталған меморандумға қол қойылуы. Аталған құжат алдағы уақытта бірлескен көрмелер, ғылыми жобалар мен мәдени бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалады.
Ертіс-Баян өңірінде бастау алған бұл бастама алдымен республикалық деңгейде жүзеге асырылып, кейін халықаралық деңгейде жалғасын тапты. Атап айтқанда, Павлодар өңірінде дүниеге келген «Ұлылар отаны» жобасын Оңтүстік Қазақстан Бейнелеу өнері музейі жалғастырып, жаңа мазмұнмен толықтыра отырып, халықаралық деңгейге көтерді. Бұл – мәдени бастамалардың сабақтастығы мен өңіраралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Осылайша, осы жылдың 16–22 сәуір аралығында Түркістан қаласында Қазақстан Респуб-ликасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Ulylardyn оtany» халық-аралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылды.
Ауқымды мәдени шараның басты мақсаты – Түркістан өңірінен шыққан ұлы тұлғалардың тарихи және рухани
келбетін заманауи көркем тіл арқылы бейнелеу, олардың мұрасын жаңғыртып, кеңінен насихаттау. Бұл бастама ұлттық тарих пен өнерді ұштастыра отырып, жас ұрпақтың рухани санасын қалыптастыруға өз үлесін қосты.
Симпозиумға 7 мемлекеттен келген 26 кәсіби суретші қатысып, бір апта ішінде 100-ге жуық көркем туынды дүниеге келді. Әрбір шығармада авторлардың өзіндік қолтаңбасы, ұлттық бояу мен заманауи көркемдік ізденіс үйлесім тапты. Нәтижесінде симпозиум шығармашылық тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, халықаралық мәдени байланысты нығайтуға ықпал етті.
Іс-шараның алғашқы күнінде қатысушылар Түркістан қаласының тарихи-мәдени орындарымен
танысты. Экскурсия «Керуен-сарай» туристік кешені аумағынан басталып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жалғасты. Қатысушылар сәулет өнерінің бірегей үлгілерімен танысып, олардың тарихи және мәдени маңызы туралы жан-жақты мәлімет алды. Сапар барысында суретшілер шабыт алып, болашақ шығармаларына қажетті этюдтер мен фотоматериалдар жинақтады. Түркістанның бай тарихы мен ерекше рухани келбеті шығарма-
шылық ізденістерге кең жол ашты.
Симпозиум аясында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп, жоба мақсаттары мен нәтижелері кеңінен таныстырылды. Бұл мәдени шараның қоғамдағы маңызын арттырып, көпшілік назарына ұсынуға мүмкіндік берді. Бағдарламаға сәйкес сөз сөйлеген белгілі өнер қайраткерлері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем- өнер академиясының академигі Мүсәпір Жанұзақ, Ресей Өнер академиясының академигі Андрей Блиок, Әзербайжанның халық суретшісі Намиг Маммадов және Мустафа Оркун симпозиумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Олар мұндай халықаралық жобалардың мәдени диалогты дамытудағы рөлін ерекше бағалады.
Қорытындылай келе, «Ulylardyn оtany» жобасы – Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келген идеяның Оңтүстік өңірде халықаралық деңгейге көтерілгені бізді қуантады. Алдағы уақытта Павлодар өңірінің, соның ішінде Баянауыл аймағының туристік және мәдени әлеуеті мұндай жобаларды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бастама – ұлы тұлғаларды ұлықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел имиджін нығайту жолындағы маңызды қадам. Жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа шығармашылық бастамалар мен мәдени серіктестіктерге жол ашады деген сенім мол.
Ақертіс СОЛТАНБАЕВ,
Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің басшысы.
