Ертістегі елеулі істер

Мам 14, 2026

Ертіс ауданында балалардың ел қатарлы білім алуы үшін мол мүмкіндіктер жасалуда. Атап айтқанда, соңғы алты жылда 14 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білім ордалары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, былтыр Бұланбай ауылында жаңа білім ордасы пайдалануға берілсе, биыл Қызылқақ ауылында жаңа мектеп салынуда.

«Шамшырақ» бетінің бүгінгі нөмірінде ауданның білім беру саласындағы осы және өзге де игі істермен бөліскенді жөн көрдік.

Бақшамен толық қамтылған

Ертіс ауданында 3-6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз мектепалды тәрбиемен қамтылған. Яғни, балабақшада орын тапшылығы жоқ. Аудандық білім беру бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінде өңірдегі 500-ге жуық бала мектепке дейінгі мекемелерге барып жүр. Олардың ішінде 290 балғын балабақшаларда, ал 194 бала мектеп жанынан ашылған шағын орталықтарда тәрбиеленуде.

Ауданда, сондай-ақ, 25 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 21 орта және 4 негізгі білім беру мектебі бар. Сонымен қатар, аграрлық-техникалық колледж де көптен бері студенттерге кәсіби бағдар беріп келеді. Аталған оқу ордаларында 2510 бала білім нәрімен сусындауда. Бастысы, балалардың заман көшінен қалмай білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда, дейді мамандар. Сондай-ақ, бүгінде оқушылардың 60 пайыздан астамы тегін тамақпен қамтылған. 10 мектептің 5–11-сынып оқушылары үшін демеушілер есебінен ыстық тамақ ұйымдастырылуда екен.

Мүмкіндік жасалған

Ертіс ауданында мектептерді жөндеу және материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмағанын атап өткен жөн. Мәселен, соңғы алты жылдың ішінде 14 мектепке күрделі жөндеу
жұмыстары жүргізіліп, бұл мақ-сатқа қомақты қаражат бөлінген. Тек былтыр ғана жөндеуден өткен Майқоңыр орта мектебіне 251 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл – ауыл мектебіне деген үлкен қолдау, дейді ұстаздар қауымы. Сонымен қатар, соңғы екі жылда ауданда 2 мектептің қабырғасы қаланған. Айталық, былтыр Бұланбай ауылында 20 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілген. Ал ағымдағы жылы Қызылқақ ауылында 100 орындық білім беру мекеме-сінің тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Осы мақсатқа бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген. Мектеп STEM зертханалармен және ІT-сынып, робототехника, интерактивті панельдер, 3D принтерлер, шахмат, домбыра, компьютер, лингафон кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ, барлық білім беру ұйымы бейнебақылау камераларымен (974 камера), дабыл түймелерімен және турникеттермен қамтамасыз етілген. Қысқасы, балалардың алаңсыз оқуына қолайлы жағдай жасалған.

Білікті мамандар көбеюде

Қазіргі таңда Ертіс ауданында 612 мұғалім еңбек етеді. Олардың 518-і — жоғары білімді маман. Сондай-ақ, 24 магистр, 70 техникалық және кәсіптік білімі бар педагог қызмет істейді. Ал ұстаздардың біліктілік санаттарына тоқталар болсақ, аудан мектептерінде 119 педагог-зерттеуші, 158 педагог-сарапшы, 184 педагог-модератор және 150 педагог бар.

Аудандық білім беру бөлімі өкілдерінің айтуынша, өткен жылы 23 жас маман келіп, тұрғын үймен және тәлімгерлікпен қамтамасыз етілген. Жалпы, соңғы үш жылда Ертіске қарасты елді мекендерге келген 52 педагогтың 47-сі жұмы-
сын жалғастыруда.

Жыл сайын педагогтарды жүйелі аттестаттау және біліктілігін арттыру шаралары үздіксіз қолға алынуда. Сонымен қатар, «Жыл мұғалімі», басқа да байқаулар мен педагогтарға арналған олимпиадаларға аудан мұғалімдерінің белсенді қатысуына мүмкіндіктер жасалған, дейді мамандар.

Білім сапасы артуда

Ауданда оқушылардың сапалы білім алуына баса мән берілуде. Соның дәлеліндей, ертістік оқушылар түрлі деңгейдегі білім додаларында топ жарып жүр. Мысалы, пәндік олимпиадалардың аудандық кезеңіне 450-ден астам оқушы қатысып, шамамен олардың 40 пайызы жүлдегер атанған. Облыстық және республикалық байқауларда 100-ден астам шәкірт білімін сынап, 35 пайызы жүлделі орындарға ие болған.

– Жетістігімен қуантып жүрген балалар аз емес. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ, Панфилов орта мектебінің оқушысы Елубай Мақсат информатика пәні бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері атанды. Ертіс №2 орта мектебінің шәкірті Хайрат Айзере «Махамбет оқулары» республикалық байқауынан жүлделі оралды. Екі оқушымыз IQanat олимпиадасының жеңімпазы атанып, грант ұтып алды. Тағы 12 бала ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз және жүлдегер болды, – делінген аудандық білім беру бөлімі ұсынған ақпаратта.

Атап өтерлігі, соңғы үш жылда аудан командалары футбол, баскетбол және «Қалқан» әскери-патриоттық жиындары бойынша да республикалық деңгейде көш басынан көрінуде екен.

Тәрбие — басты назарда!

Ауданда оқушылардың сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие алуы үшін де көп жұмыс атқарылуда, дейді мамандар. Осы мақсатта мектептерде «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына сәйкес, «Заң мен тәртіп» идеологемасын қолдана отырып, адамгершілік құндылықтарды, азаматтық жауапкершілікті және заңға бағынуды қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, тақырыптық сынып сағаттары, құқықтық сабақтар, құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер, акциялар мен профилактикалық іс-шаралар жиі өткізілуде.

Жалпы, ертістік шәкірттер мемлекеттік мерекелерге арналған жобаларға, волонтерлік қызметтерге және өзге де патриоттық бағыттағы бағдарламаларға белсенді қатысуда екен. Бұған қарап, өңірде тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылғанын аңғаруға болады.

Бос уақыт тиімді өтеді

Ертіс өңірінде балалардың қосымша біліммен қамтылуына да жағдай жасалған. Осы бағытта жұмыс істейтін балалар өнер мектебі және Балалар шығармашылығы мен бос уақыт орталығы бір мыңнан астам оқушыға қосымша білім беруде. Аталған мекемелерде спорт секциялары, шығармашылық ұжымдар, көркем-эстетикалық, техникалық және қолданбалы бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Яғни, балалар бос уақыттарын тиімді өткізуде. Тәрбиеленушілер аудандық, облыстық және республикалық фестивальдер мен конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мысалы, Ертіс балалар өнер мектебінің «NOVA» триосы «Бірлігіміз жарасқан!» атты республикалық фестиваль-байқаудың жеңімпазы атанды.

Ерекше атап өтерлігі, мұнда жасанды интеллект және цифрлық ресурстар белсенді қолданылып, робототехника мен бағдарламалау үйірмелері дамуда. Осы орайда, мектептер STEM зертханалармен және функционалдық сауаттылық тренажерларымен жабдықталғанын да айта кеткен жөн.

Балаларға қолдау бар

Ерекше балаларға қолдау көрсетіп, ел қатарына қосу – мемлекеттік маңызы бар басым бағыттардың бірі. Бұл ретте, Ертіс ауданында да игі істер қолға алынуда.

Аудандық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша, мұнда инклюзивті білім беруді қажет ететін 77 бала есепке алынған. Оның ішінде 18 мүгедектігі бар жеткіншек бар. Бұл балалар үшін психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылып, сүйемелдеу жұмысы жүргізілуде. Яғни, психолог, логопед, дефектолог мамандар қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, жетім балалар да — жіті назарда. Аудандағы 18 жетім бала 12 қорғаншылық отбасында тәрбиеленуде. Олардың да қатарынан қалмай білім алуы үшін барынша жағдай жасалуда.

Ертіс ауданында білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Мәселен, келесі оқу жылында Қарақұдық және Ағашорын мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу, цифрлық ортаны және бейіндік оқытуды дамыту, Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттары бойынша инфрақұрылымды жаңғырту, дарынды балалар мен педагогтарды жүйелі қолдауды жалғастыру жоспарланып отыр, дейді аудандық білім беру бөлімінің өкілдері.

Балалардың болашағы үшін қолға алынып жатқан осынау игі істерге сәттілік тілейміз!

Бетті әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.