Байланыс саласының білгірі

Мам 14, 2026

Бүгінгі жаһандану заманын байланыссыз және интернетсіз елестету қиын. Цифрлық дәуір қарыштап тұрған заманда дәл осы желілер арқылы айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып, өркениеттің игілігін көріп отырмыз. Бұл – осы салада тер төгіп жүрген мамандардың елеулі еңбегінің нәтижесі.

Байланыс – уақыт өткен сайын дами түсетін, сұраныс артатын, күні-түні тынымсыз жұмыс істейтін сала. Осы бағытта 40 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып жүрген азаматтардың бірі – Қайрат Мүбәраков. Қайрат Ағжанұлы – Ақмола облысына қарасты Ерей-ментау ауданының тумасы. Әкесі жергілікті «Қазпоштада» есепші, әпкесі қатардағы маман, жездесі желілік байланыс монтері болып еңбек етті. Сондықтан да болар, жастайынан байланыс саласына қызығушылық танытып, еңбекке ерте араласты. 16 жасынан-ақ радиофикацияның екінші санаттағы монтер-шәкірті болып жұмыс істей бастады. Бірден ірі істерге араласпаса да, алдыңғы буыннан тәжірибе жинап, білмегенін үйренді. 1989 жылы Екібастұз қаласына кабельдерді дәнекерлеуші болып ауысып, өңір тұрғындарын сапалы байланыспен қамту бағытында көп жұмыс атқарды. Еліміз енді егемендік алып, тәуелсіз экономика қалыптасып, халықтың тұрмыс-тіршілігі қиындау болған тұста екібастұздықтарды байланыссыз қалдырмау үшін барын салды. Бұл бағыттағы еңбегі еленіп, 2008 жылы желілік-техникалық бөлім басшысының орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. 2012 жылы қызметтік жолын Павлодар қаласында жалғастырып, «Қазақтелеком» АҚ жергілікті желілерге техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы атанды. Ал 2024 жылдың желтоқсанынан осы күнге дейін жергілікті департаментке жетекшілік етіп келеді.

— Байланыс саласы — өмірімнің маңызды бөлігі. Осы салада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген мен үшін желілерді жөндеу, тұрғындарға сапалы байланыс қызметін ұсыну маңызды. Жалпы, бұл қызмет тәуліктегі уақытты да, жыл мезгілін де, ауа райын да талғамайды. Байланысшылар тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Мен еңбек жолымды енді бастаған тұста солтүстіктің сақылдаған сары аязында бағаналарға шығып, желілердің барлығын жалаң қолмен жөндеп, ретке келтіретін едік. Ол тұста басқа түгілі үйге телефон орнатудың өзі айтарлықтай іс болатын. Кей адамдар телефон қою кезегін көп күтетін. Қосылған соң соған барша отбасы, туған-туысы, көрші-қолаң қуанатын. Себебі, алыс-жақынмен байланыс орнатудың жалғыз жолы сол болды. Ал бүгінгі цифрлық дәуірде тілдесудің, ақпарат алмасудың, жаһандық желіні пайдаланудың түрлі жолы бар. Соған сәйкес байланысшыларға қойылатын талап та күшейді, — дейді Қайрат Ағжанұлы.

Қазіргі таңда өңірімізде «Қазақтелеком» компаниясының 107 мыңнан астам абоненті бар. Облыс тұрғындары телефон мен интернет желісіне осы арқылы қосылып отыр. Сондықтан жауапкершілік жүгі де жоғары. Айталық, жергілікті департамент былтырдан бері аудан орталықтарын мыс кабельдерді оптикалық желіге ауыстырып жатыр. Бұл ауылдық аймақтардағы интернет жылдам-дығын секундына 500 мегабитке дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жаңа желіге алғашқы болып Ақтоғай ауданы қосылды. Келесі жылдың соңына дейін қалған аудандардың барлығына оптикалық желі тарту міндеті тұр.

— Бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін интернет игілігін пайдаланатындықтан, тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Көпшілік оптикалық желінің басым тұстарын жақсы біледі. Сондықтан үйлеріне дәл осындай желінің қосылғанын қалайды. Ал біздің міндет – абонентті сапалы байланыспен қамту, — дейді Қ.Мүбәраков.

Қайрат Ағжанұлы жетекшілік ететін павлодарлық департаментте барлығы 471 адам еңбек етеді. Басшы ретінде оларға жайлы жағдайдың жасалуын басты назарда ұстайды. Бұрындары монтерлар үшін желілерді жөндейтін кей құрал-жабдықтар тапшы болса, бүгінде ондай мәселе жоқ. Ірі апаттық жағдайлар орын алса да мамандармен бірге оқиға орнына барып, басы-қасында жүреді.

— Қазіргі таңда жұмыс істеуге ниетті азаматтарға барлық мүмкіндік бар. Кезінде үздік қызметкер ретінде маған велосипед, кейін «Урал» мотоциклін беріп, апаттық учаскелерге жетуім үшін осындай техникалар берілгенде оны мақтан тұтып, шын қуанған едім. Бүгінде инженерлер жақсы көліктермен қамтылған. Жастар да білімді. Торайғыров университетімен, Электроника және коммуникация колледжімен келісімшарттар бар. Аталған оқу орындарының түлектерін таңдап қызметке қабылдаймыз. Олар техника, технологиялардың «тілін» жақсы біледі. Тәжірибелік тұрғыдан білікті мамандарымыз бар білгенімен бөліседі. Қысқасы, жастардың қадамы қуантады. Олар үшін әлеуметтік лифт те қарастырылған. Нағыз еңбегімен көзге түскен жастар қызметтік сатыда көтеріліп, мансабын жақсарта алады. Мәселен, кезінде мен 28 жылдан соң ғана механик атансам, бүгінде 10 жылдан аса тәжірибе жинаса жетекші инженер бола алады, — дейді департамент басшысы.

Қайрат Ағжанұлы жұбайы Рабиғамен бірге екі бала тәрбиелеп, өсірді. Қызы Роза шетел тілінің маманы болса, ұлы Наиль әке жолын жалғастырып, бүгінде Астана қаласында байланыс саласында жемісті еңбек етуде. 40 жылдан астам еңбек өтілі бар Қайрат Мүбәраковтың еңбегі еленіп келеді. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының, «Үздік байланысшы» белгісінің иегері. Ел Президентінің Алғыс хатын да алған. Осындай тәжірибелі азаматтар өңір тұрғындарын сапалы байланыспен қамту үшін барын салып келеді. Олардың бұл бағыттағы жұмысы әрдайым жемісті болуын тілейміз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.