Жоғары сыныптар – жастық шағымыздың толқулы әрі есте қаларлық кезеңдерінің бірі. Көпшілік бұл уақытты сағынышпен еске алады, ал жасөспірімдердің бұл жылдары қандай қиындықтарға толы екенін көбіне байқамай қалады.
Нұрай – он алты жастағы, болашағына зор үмітпен қарайтын қыз. Ол күн сайын тынымсыз оқып, арманына жетуге талпынғанымен, жүрегінде әлі де өз жолын айқындайтын сенімді таңдау пайда болмаған еді.
11-сынып алдындағы соңғы жазда анасы оны демалып қайтуы үшін Бурабайдағы лагерьге жібереді. Жол үстінде Нұрайды түрлі ойлар мазалай бастайды: дұрыс мамандық таңдай аламын ба? Өмір бойы ұнамайтын іске байланбай ма? Осы сауалдар оның көңілін алаң етті. Лагерьге келген соң балалармен бірге орманға серуенге шыққанымен, Нұрай табиғаттың әсем көрінісіне назар аудара алмады. Өз ойларына шомған ол айналасынан алыстап, байқамай жыраққа кетіп қалады.
Кенет ол көз жетпес кең дала мен биік қарағайлар көмкерген ғажайып табиғат аясында қалады. Салқын самал есіп, орман тыныштығы оның жанын ерекше күйге бөлейді. Осы сәтте Нұрай жүрек түкпірінде үлкен бір түсінікке келеді: ол өз Отанының табиғатын, жақындарын қорғауды қалайды. Арада біраз уақыт өткенде оны іздеп шаршаған достары мен лагерь жетекшісі тауып алады. Ал Нұрай болса сол сәттен бастап өз өмірлік мақсатын іштей айқындап қойған еді.
Бұл күн оның тағдырын түбегейлі өзгертті. Ол мектепті бітіргеннен кейін өз жолын таңдап, табиғатты қорғау ісіне бет бұрды. Бүгінде Нұрай – туған жердің сұлулығын сақтауға үлес қосып жүрген білікті эколог маман.
Әмина КУНАФИНА,
Ш.Шөкин атындағы гимназия мектебінің 10-сынып оқушысы,
Павлодар қаласы.
