Ерте, ерте, ертеде екі құрбы қыз дос болады. Бір-бірін мүлдем ренжітпейді. Олардың бұл әрекетіне өзгелер сүйсіне қарайды. Тіпті, айнала да құлпырып, күн сайын аспанды түрлі түсті шоуға бөлеп, кемпірқосақ шығады екен. Бұл әсем көріністі көргендер таң қалады, тамсанады.
Осылай, ұзақ уақыт бойы достығы жарасқан қыздар бір күні ренжісіп қалады. Сол кезде дала да алай-дүлей болып борандатып, аспандағы кемпірқосақтың түсі сұрланып кетеді. Мұны көрген адамдар қорқа бастайды. Бірақ себебін білмей, алаңдайды. Осы сәтте әлгі ренжісіп қалған Аяла мен Томиристі сыртынан бақылап жүрген Ая есімді қыз бұл жағдайға екі құрбының достығының бұзылғаны себеп болғанын түсінеді. Сөйтіп, ол Томириспен жақынырақ танысып, сыр тартқысы келеді. Аяла екеуінің арасында не болғанын жайлап сұрайды. Сонда Томирис:
– Мен жан құрбым деп сенім артып жүрген қыз сыртымнан жамандапты. Мұндай сатқындықты кешіре алмадым. Сол үшін онымен ренжісіп қалдым. Мен әділдікті, тазалықты сүйетін қызбын. Адал достықты ғана бағалаймын, – дейді. Мұны естіген Ая оған шын мәнінде Аяланың еш кінәсі жоқ екенін айтып, олардың арасына басқа қыздар от салғанын өз көзімен көргенін баяндайды. Томирис Аяланы орынсыз ренжіткені үшін өзін жайсыз сезініп, бірден татуласуға әрекет жасайды. Сөйтіп, олар Аялаға хабарласып, саябақтың жанына келуін өтініп сұрайды. Ол келеді. Араларында болған түсінбестік үшін бір-бірінен кешірім сұрап, бұдан былай басқа біреудің сөзіне сенбеуге серттеседі. Екі құрбы ешқашан бір-біріне қиянат жасамауға, ренжіспеуге уәде беріп, қол ұстасады. Олардың татуласқаны сол-ақ еді, бірден аспан ашылып, күннің көзі күлімдеп шығады. Сұрланып тұрған кемпірқосақ та өзінің бұрынғы түсіне еніп, қызыл-жасыл болып, ерекше әдемі болып кетеді. Адамдар да қуанып, мәз болады. Мұны көрген құрбылар достық, татулық пен береке-бірлік бар жерде табиғат та тамаша кейіпке еніп, адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынын түсінеді.
Міне, осы жағдайды естіген өзге балалар да бір-бірін ренжітпей, достыққа берік болуды үйренеді.
Айша ОРАЛБЕК,
5 «Б»-сынып оқушысы.
