Менің аты-жөнім – Әли Талғат. Мен Павлодар қаласындағы №2 мектепте 2-сыныпта оқимын. Мен өз сыныбымды жақсы көремін, өйткені, біз бір-бірімізбен тату, ұйымшылмыз.
Біздің сыныпта барлығы 23 оқушы бар. Оның ішінде 16 қыз және 7 ұл бала оқиды. Сыныптастарым әртүрлі, бірақ бәрі де мейірімді, ақылды және еңбекқор. Кейбіреулері сабақты өте жақсы оқиды, ал кейбіреулері спортқа немесе өнерге жақын. Біз сабақты бірге оқып қана қоймай, түрлі іс-шараға да белсенді қатысамыз. Мерекелік шараларда ән айтып, би билеп, қызықты ойындар ойнаймыз. Сабақтан тыс уақытта да бір-бірімізге көмектесіп, достығымызды нығайтамыз. Мен өз сыныптастарымды мақтан тұтамын. Біз әрқашан бір-бірімізді қолдап, жақсы нәтижелерге жетуге тырысамыз.
Менің сыныбым – менің екінші отбасым. Себебі, ұстазым бізге әр сабақты қызықты етіп түсіндіреді, ешқашан жалықтырмайды. Ұстазым бізді жақсы көреді, әр оқушыға ерекше көңіл бөледі. Сабақ үстінде біреу түсінбей қалса, ол оған тағы да асықпай түсіндіреді. Ұстазым мейірімді, көңілді және әрқашан күлімдеп жүреді. Ұстазымыз бізге тек сабақпен емес, достық, мейірімділік, үлкендерді сыйлау туралы да көп айтады. Сол үшін біз әрқашан да бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Ұстазымның осындай кеңестері маған қатты ұнайды.
Мен және сыныптасым Ескендір екеуміз мектептегі еркін күрес секциясына қатысамыз. Бізге күрес қызықты және қатты ұнайды. Мерекелік іс-шарада барлық сыныптағы баламен керемет би билейміз. Мен кез келген шараға қатысқанды жақсы көремін. Өйткені шаралар әртүрлі болады. Қандай жетістікке жетсек те, барлығы осы ұстазымның адал еңбегінің арқасында деп білемін.
Әли ТАЛҒАТ, №2 мектептің 2-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.
