Қазірде жас ұрпақтың жан-жақты дамуы – қоғамның басты назарындағы бағыттардың бірі. Осындай талап үдесінен шығып, спорт пен білімді қатар алып жүрген өрендердің бірі – павлодарлық Інжу Төлеген. Ол — Павлодар қаласындағы 3-гимназияның 7-сынып оқушысы. Оқу озаты — әрі таэквондо спортында биік белестерді бағындырып жүрген жас спортшы.
Інжу таэквондомен 2019 жылдан бері, әкесінің қол-дауымен айналысып келеді. Содан бері ол табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында зор жетістіктерге жетіп үлгерді. Қазіргі уақытта оның спорттағы тәжірибесі 7 жылға жуықтайды. Осы уақыт аралығында ол республикалық деңгейдегі жарыстарда облыс намысын қорғап, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінген.
Інжудің спорттағы жетіс-тіктеріне оның жаттықтырушысы – кореялық маман Ким Йен Роның кәсіби бағыт-бағдары мен қолдауы үлкен әсер етуде. Атап айтқанда, 2023 жылы Ақтау қаласында өткен ірі жарыста бас жүлдені иеленсе, биыл Өскемен қаласында ұйымдастырылған додада да алтын медальді жеңіп алды. Одан бөлек, республикалық жарыстарда да бірнеше рет бірінші орынды қанжығасына байлаған. Осындай жетістіктердің арқасында ол тек өз мектебінің емес, облыстың мақтанышына айналып отыр.
Жас спортшы үшін жарыстар – тек жеңіс үшін күрес емес, жаңа достар табу мен тәжірибе алмасудың да маңызды алаңы. Інжудің өзі әр жарыс оған жаңа орта, жаңа таныстар мен жаңа мақсаттар сыйлайтынын айтады.
– Әр жарыс маған жаңа орта сыйлап, әртүрлі аймақтан келген спортшылармен танысуға жол ашады. Сол арқылы мен олардың дайындық деңгейін көріп, өзімді де жетілдіруге тырысамын. Осындай тәжірибелер менің мақсаттарымды айқындап, алға ұмтылуға деген жігерімді күшейтеді, – дейді ол.
Спортпен қатар білімді де қатар алып жүру зор жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді. Інжу үшін бұл оңай емес, себебі күнделікті жаттығулар көп уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Дегенмен, ол сабағына да, спортқа да бірдей көңіл бөліп, екеуін үйлестіруге барынша тырысады. Оның табандылығы өзгелерге үлгі боларлық.
Болашақта ол Азия чемпионатына қатысып, чемпион атануды армандайды. Ал кәсіби мамандық ретінде заңгер немесе ақпараттық технологиялар (IT) саласын таңдауды жоспарлап отыр.
Жас спортшының алға қойған мақсаттары айқын, армандары асқақ болғай!
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
