Жасанды интеллект не береді?

Мам 28, 2026

«Алдағы бес жылдың ішінде еліміз цифрлық мемлекетке айналуы керек.
Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Жақында Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Көп кешікпей, яғни осы жылдың 1 шілдесіне дейін маңызды құжатты жүзеге асырудың 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда елімізде отандық білімді заман талабына сай жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бастаманы іске қосуға арналған іс-шаралар барысы жан-жақты талқылануда.

Күн тақырыбындағы өзекті мәселеге үн қосу мақсатында Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, өз саласының білікті маманы Харифоллина Нұргүл Амантайқызымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Нұргүл Амантайқызы, маман ретінде жасанды интеллект оқушыларға не береді деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары әлемнің барлық саласына қарқынды енгізілуде. Білім беру жүйесі де бұл өзгерістерден тыс қалып отырған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Информатика пәнінің мұғалімі ретінде мен бұл бастаманы қолдаймын. Себебі, бүгінгі оқушылар ертең цифрлық қоғамда өмір сүріп, еңбек ететін болады. Сондықтан олар жаңа технологияларды мектеп қабырғасынан бастап меңгеруі қажет деп есептеймін.

Менің ойымша, жасанды интеллект оқушыларға сапалы әрі қолжетімді білім алуға мүмкіндік береді. Қазіргі оқушылар ақпаратты жылдам қабылдайды және жаңа технологияларға қызығушылық танытады. Сабақ барысында да олардың түрлі цифрлық құралдарды қолдануға ынталы екенін жиі байқаймын.

Жалпы, жасанды интеллект қажетті ақпаратты жылдам табуға, күрделі тақырыптарды түсінуге, қосымша тапсырмалар орын-дауға, бағдарламалау және робототехника негіздерін меңгеруге көмектеседі. Сонымен қатар, ғылыми жобалар дайындауға, шет тілдерін үйренуге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, оқушылардың өздігінен білім алуына жағдай жасап, сыни ойлау дағдыларын қалыптастырады.

– Ал орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу үшін ең алдымен неге мән берген жөн?

– Жасанды интеллектті білім беру жүйесіне тиімді енгізу үшін белгілі бір жағдайлар жасалуы қажет. Ең алдымен барлық мектеп сапалы интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Компьютерлер мен цифрлық құрылғылар жеткілікті болуы тиіс. Сонымен қатар, осы орайда мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру да аса маңызды екенін айта кеткім келеді.  Себебі, кез келген технологияның тиімділігі оны дұрыс пайдалана білетін маманға байланысты. Сондықтан педагогтерге арналған оқыту курстары мен тәжірибелік семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұруы қажет. Бұған қоса, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контент пен білім беру платформаларын дамыту маңызды міндеттердің бірі болып табылатынын ескерген жөн.

– Шыны керек, қала мен ауыл балаларының мүмкіндіктерін салыстыруға келмейді. Бұл ретте, шалғай елді мекендердегі балалар үшін қандай жағдайлар жасалуы қажет?

– Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері әсіресе, ауыл мектептері үшін өте маңызды деп санаймын. Кейбір шалғай елді мекендерде білім беру ресурстары мен тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Осындай жағдайда жасанды интеллект технологиялары оқушыларға қосымша білім көзін ұсына алады. Сол үшін ауыл мектептері жоғары жылдамдықтағы интернетпен толық қамтылып, оқушылардың цифрлық құрылғыларға қолжетімділігі қамтамасыз етілуі қажет. Сондай-ақ, онлайн білім беру платформаларына еркін кіру, үздік мұғалімдердің онлайн сабақтарына қатысу және виртуалды зертханаларды пайдалану мүмкіндігі жасалуы керек деп ойлаймын.

Негізі, ҚР Оқу-ағарту министр-лігі де жасанды интеллект құралдарын білім беру жүйесіне енгізу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайтуға ықпал етеді деген үміттемін.

– AI жүйесі мұғалімді алмастыра ала ма?

– Бұл сұрақ қоғамда жиі талқыланып жүр. Менің пікірімше, жасанды интеллект мұғалімді толық алмастыра алмайды.

Иә, жасанды интеллект ақпарат береді, тапсырма дайын-дайды, тест құрастырады және бағалау жұмыстарын жүргізуге көмектеседі. Бірақ мұғалімнің қызметі тек білім берумен шектелмейді. Ол оқушыны тәр-биелейді, оған бағыт-бағдар береді, ынталандырады және тұлғалық тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Ал жасанды интеллект адамның эмоциясын толық түсініп, рухани қолдау көрсете алмайды. Сондықтан оны мұғалімнің бәсекелесі емес, көмекшісі ретінде қарастырған дұрыс деп санаймын.

– Мектептерге жасанды интеллект енгізу керек деп қызу дайындалып жатырмыз. Сіздің ойы-ңызша, мамандар қаншалықты дайын?

– Қазіргі кезде көптеген педагогтер цифрлық технологияларды сабақ барысында пайдаланып жүр. Әсіресе, информатика пәнінің мұғалімдері жаңа технологияларды меңгеруге бейім келеді. Дегенмен де, барлық маман толық дайын деп айтуға әлі ерте дер едім.  Бірақ бүгінде облысымыздағы білім беру ұйымдары мен инновациялық орталық тарапынан түрлі курстар мен семинарлар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, мектеп педагогтері де өз тәжірибелерімен алмасуда. Осы орайда мұғалімдердің жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғаса беруі қажет деп ойлаймын. Арнайы курстар, оқыту бағдарламалары мен тәжірибе алмасу алаңдары педагогтердің кәсіби дамуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Жасанды интеллект күн сайын дамып келе жатқан қазіргі заманның мұғалімі де үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс.

Қорытындылай келе, жасанды интеллект білім беру жүйесінің дамуына үлкен мүмкіндік беретін технология деп есептеймін. Ол оқушылардың білім сапасын арттырып, цифрлық дағдыларын дамытуға жағдай жасайды. Әсіресе, ауылдық жерлердегі балалар үшін сапалы білімге қолжетімділікті кеңейтудің тиімді құралы бола алады.

Алайда қандай технология енгізілсе де, білім беру жүйесінің басты тұлғасы мұғалім болып қала береді. Сондықтан жасанды интеллект пен мұғалімнің бір-лескен жұмысы ғана бәсекеге қабілетті, білімді және шығармашыл ұрпақ тәрбиелеуге көмектеседі деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Нұржайна ШОДЫР.